Сүйгені тастап кеткен жігіттің әрекеті

Сүйгені тастап кеткен жігіттің әрекеті

Махаббат тек бақытты сәттермен ғана байланыспайды. Кейде әп-әдемі сезімнің соңы қоштасумен тынады. Бұған екі жақтың бірі себепкер болады. Ал егер жігітті қызы тастап кетсе, не болады? Сүйіктісі тастап кеткен жігіттің іс-әрекетін зерттеп көрейікші.

Себебін түсіндіруді талап етеді. Кейде сезімдердің сөнуіне себеп әсер етпейді. Өйткені жақсы көру мен жек көрудің арасы бір-ақ қадам. Сезіміне тұрақсыз адамдар көбіне қарым-қатынасты соңына дейін жеткізе алмай жатады. Мұндайда бауыр басып қалған адам зардап шегеді. Қызы тастап кеткен жігіт ең алдымен бұл істің себебін білгісі келеді.

Естеліктерді өртейді. Көп ер азамат бұрынғы сүйгенін есіне жиі салмасын деп одан қалған естелік заттардың көзін жоюға тырысады. Екеуінің бақытты күндерін көз алдына келтіретін дүниелерді қоқысқа тастайды. Онымен қоса суретін жыртып, өртейді. Немесе телефон нөмірін жойып, сондағы бейнелерін өшіре бастайды. Бірақ ойдағы естеліктерді өшіру мүмкін бе?

Басқа сыңар іздей бастайды. Бұл – ойдағы естеліктер мен жүректегі сезімдердің көзін жою үшін жасалатын амалсыз әрекет. Мұндай амалсыз әрекеттің соңы кейде шын махаббатқа ұласып кетуі де мүмкін. Жақында қызы тастап кеткен жігіттер көбіне басқа қызбен жүруді бұрынғы қызынан кек алу мақсатында жасайды. Осы әрекетімен оның ішін қыздырып, қызғандырамын деп ойлайды.

Достарына сырын ашады. Әрине, мұндайда жақын досың көмекке келеді. Болған жайды баяндап, бір жеңілдеп қалу үшін олардың жәрдемі көп. Тыңдап отырғанының өзі – бір көмек. Достары басу айтып, бірі «қыз көп қой» деген тақырыптың аясында әңгіме бастайды. Бірақ жүректегі қыз жалғыз ғой?

Оңаша қалғысы келеді. Мұндайда жалғыз қалып, ой жинақтаудың да маңызы көп. Болған іске қандай әрекеттің әсер еткендігін және әлі де өмір жалғаса беретіндігін жақсылап ойланып, жап-жаңа өмір бастау үшін оңашада өзіңмен-өзің ой кешкен де дұрыс.

Оның жаңа жігітінің кім екенін білгісі келеді. Ол енді қызының әр ісінен сырттай болса да хабар алып тұрады. Әсіресе оның жаңа жігітін сынап, өзімен салыстырады. Қызы мұны тастап, оны сүйіп қалатындай жігіттің қандай құдіреті барын білгісі келеді. Көп жігіт тастап кеткен қызының жаңа жігітін жеке сөйлесуге шақырып, әңгімені көбейтіп жүреді. Ал енді кейбірі «бұйырмаған бағым, қош бол!» деп оңай қоштасады.

Ал сіздерде осыған ұқсас жағдай болған ба еді? Мұндай жағдайдан қалай шығасыздар? Қалай шықтыңыздар? Бөлісе отырайық!

Сурет: Галия Карри

Ұқсас жазба:

Сүйіктіңіз неге үнемі ренжи береді?

А. Әбілхан