- Негізгі бет
- Психология
- Сұрақты дұрыс қою...
Сұрақты дұрыс қою техникасы
Көп жағдайда әңгімені бастап, оны ары қарай жалғастыру қиынға соғады. Бірақ мұның басты себебі тақырыпта емес, сұрақтың дұрыс қойылмауында. Осыған орай күнделікті тұрмыста қойылатын сұрақтардың екі түрін ұсынамыз.
1. Жабық сұрақтар
Әдетте, жабық сұрақ қойылған кезде сұраққа нақты қысқа ғана жауап қайтарылып, нәтижесінде әңгіме жалғаспай қалады. Мысалы:
Сұрақ: Ауылдан қашан келдіңіз?
Жауап: Кеше.
Сұрақ: Сізге фильм ұнады ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Аптасына жұмысқа қанша күн барасыз?
Жауап: 5 күн ғана.
Байқаған шығарсыз, құдды тергеушінің сөздері секілді.
2. Ашық сұрақтар
Ал ашық сұрақтар түсіндіруді, өз көзқарасын білдіруді талап етеді. Бұл сұрақтар сіздің ерекше қызығушылығыңызды білдіретіндіктен, әңгімелесушіңізбен жақсы қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Ашық сұрақ қоятын адамдарды шынайы, ақпейіл жандар дейді.
Ең жақсы ашық сұрақтар төмендегі 4 мысалдың көмегімен жүзеге асады:
Қалай...?
Маған ... туралы айтып беріңізші
Сіз ... туралы не ойлайсыз?
Не себепті ...?
Енді нақты мысалдар келтірейік:
Сұрақ: Ауылдан қалаға қалай жеттіңіз?
Жауап: Жол бұрынғыдай емес, өте жақсы жасалған екен. Қалаға демде жетіп алдық.
Сұрақ: Фильмнің ұнаған эпизоды туралы айтып беріңізші?
Жауап: Маған Қожаның Жантасты жылататын жері күлкілі болды...
Сұрақ: Аптасына 5 күн ғана жұмыс істеудің тиімділігі туралы не ойлайсыз?
Жауап: Сенбі, жексенбі күндері жақсылап демалып, отбасымызбен қыдыруға, үйді асықпай жинауға мүмкіндігіміз болады.
Сұрақ: Не себепті бұл бағытты дұрыс деп ойлайсыз?
Жауап: Себебі, ол менің таңдауыма сай келеді әрі тиімді.
Мүмкіндігінше тек ашық сұрақтар қоюға тырысыңыз. Егер байқаусызда жабық сұрақ қойып қалсаңыз, оны лезде ашық сұрақпен толықтырыңыз.
Мысалы:
Сұрақ: Астанаға қашан көшіп келдіңіз?
Жауап: 10 жыл бұрын.
Сұрақ: Бұл қала сізге несімен ұнады?
Жауап: Ең алғаш көшіп келгенімде қала шағын еді, енді зәулім ғимараттар көтерілді. Халық саны да артуда. Ал ең бастысы бұл жерде менің балаларыма үлгі боларлық жастар көп.
Ал сіз көп жағдайда қандай сұрақтар қоясыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет авторы: Yerlan Kidirov (өңделген)
Қ. Бүйенбай