"Сұлу" деген атты еншілеп алған кез келген ару сүйкімді емес. Бұған келіспейтін адам табылуы да мүмкін. Сұлу мен сүйкімдінің жолы бөлек. Кейбір жандар ауыздың суын ағызардай әдемі болмаса да, қылығымен жанды ерітер сүйкімді болуы мүмкін. Біз бүгін сұлуды сүйкімсіз етер қылықтарды тізіп көрмекпіз. Әйткенмен бұл жазбамен толықтай ол қылықтардың соңына жетеміз деп те ойламаймыз. Ендеше, сұлумын деп сүйкімділігін жоғалтып алатын арулардың қандай қылықтың құрсауынан шыға алмай жүргендігін санамалап көрейік.
Дарақылық
Төмен етекті ибалы бойжеткенге дарақы қылықтардың жараспайтындығы белгілі. Ол ару қанша иненің көзінен өткендей сұлу болса да, оның өз бойына үйлеспейтін дарақы қылығы оны сүйкімсіз етіп тұрады. Өйткені қыз балаға мұндай қылықтың түкке де керегі жоқ. Қыз деген өз ибалылығымен де, өз сыпайылылығымен де және өз сабырлылығымен де - қыз! Дарақылыққа дарақы күлкі, дарақы жүріс-тұрыс және дарақы киім киіс жатады. Дарақылық бар жерден нәзіктік бойын аулақ ұстайды. Ал қызға нәзіктік тән емес пе? Ендеше, сүйкімді болу үшін осы қылықтың көлеңкесімен бірге көзін жойыңыз.
Құмар ойынға салыну
Құмар ойынның жетегінде кеткен адамның көбінің болашғынан не үміт, не қайыр жоқ. Қалтаңның түбін тесіп басталатын мұндай құмар ойындар түбінде өзіңнің түбіңе жетеді. Құмар ойынның құшағында құрдымға кететіндер өз болашағын жақсартам деп жүріп, өзін-өзі жоғалтып алады. Сөйтеді де, өзін-өзі таба алмай қалады. Сондықтан құмар ойындарға салынған сұлудан да сүкімділік іздеудің қажеті жоқ.
Жеңіл жүріс
Жеңіл жолға салынып, кез келген көлденең көздінің "тамашасына" айналған арудың сүйкімі жоқ. Бұл айтпаса да, түсінікті. Бойжеткен келбеті мен кескіні келіскен сұлу болғанымен, мұндай қылығы оның бетін қызартуы керек. Әрине, жеңіл жолға түскен қыздардың әрқайсысының өз тағдыры бар. Әйткенмен енді бізге өз сүйкімінен айырылған арулардың ізінен еретіндердің болмағанын қалау ғана керек.
Бетпақтық
Көрінгенмен сөзге келіп, бет жыртысып бетпақтық қылықты бетінен қақпайтын бойжеткендер де сүйкімділіктің аулынан арыда жүр. Қандай жағдайда да адамға ең алдымен сабыр керек. Сабыр бар жерден бетпақтық бетін жауып қашады. Ұрыс-керіс, балағаттау, айқайлап біреудің мазасын қашыруды жанына жолдас тұтқан қыздан түбі жақсы әйел шықпайды. Қыз кезінде бетпақ болған бойжеткен, әйел ғұмырға аяқ басқанда осы мінезімен өзін ғана масқара етпей, жолдасының да соры болмақ. Барлық болған жағдайға түсіністікпен қарап, сабырдың туын биік ұстағанда ғана адамнан бетпақ мінез безінетін болады. Безінбесе, ол сұлдың бағы емес соры болғаны.
Шылым, ішімдік, есірткіге тәуелділік
Мұндай қылықтан дұрыс жол тауып, адам болып кетіп жатқан ешкім жоқ. Шылым, ішімдік, есірткі сияқты зияны шаш етектен келетін заттарға тәуелді болу - құрдымға кетудің нақ өзі. Қасы-көзі қиылып тұрған жүзі сұлу бойжеткеннің осындай жолға тәуелділігі болса, асқан сұлулығынан пайда не?
Туғанынан безіну
Қызын қонақ көретін қазақ оны оң жағында тәрбиелеп, жат жерге ұзатады. Бұл - "Бір тумақ бар, бір өлмек жоқ" дегеннің кебі. Әйткенмен бойжеткен ару өзге ортаға барып, сол отбасыға қанша сіңіп кетсе де, өз туғандарынан безінбеуі керек. Ата-анасы мен бауырларының бетін көрмей, безініп жұрген сұлудан сүйкімділік іздеудің де қажеті жоқ.
Ерді ез ету
Жолдасының абыройын асқақтатып, оның айтқанын шықпайтын сұлу келіншектің сүйкімі көп. Әйел адам қашан да өз ерінің алдында құл іспеттес. Ол жарының сөзінен шықпай, айтқанын екі етпей жүрсе ғана жақсы әйел атанбақ. Болмаса, одан қайран жоқ. Көкесіне бола төбесін ояр сұлуды алған еркек адам өмір бойы өз шаңырағынан жылылық таппайды. Еріне жылылық сыйлай алмаған әйел адамның үлбіреген алма беті мен қарлығаштың қанатындай болған қастары да, адам елітер дене бітімі де - бес тиын!
Орынсыз қызғану
Кез келген адамның өз иелігіндегі, тіпті өзге адамның шекарасындағы дүниені қызғануы таныс жәйт. Әйткенмен, өзінің қолы жете алмаған дүниеге басқа біреу енді жете бергенде қызғаншақтыққа салынып, іші өртенетін сұлу бойжеткеннен де сүйкімді қылық іздеп көріңіз. Бәрінің өз несібесі бар. Барына қанағат тұтпаған ару жоғын оңай түгендей алмайды. Қызғаншақтық тек дүниеге келіп тірелмейді. Өз жақынын жат көзден орынсыз қызғанатын төмен етектілер де аз емес. Қызғаныштан іші қыз-қыз қайнаған қыз ашу үстінде неге болса да дайын тұрады. Шектен тыс әрі орынсыз қызғану ешқандай да адамға абырой әкелмесі анық.
Жалған сөйлеу, алдау-арбау
Кейде өтірік айтып әлдекімді өлімнен де құтқарып қалуға болады. Әйткенмен біз айтып отырған жалған сөйлеу мен алдау-арбаудың жөні бір басқа. Бұлардың бәрін адам өз пайдасы үшін жасайды. Өтірікке бейім әйел адамдар біреудің нанын тартып жеуге де дайын тұрады. Бірақ бұл да сұлуды сүйкімсіз ететін қылықтардың қатарында екендігін тағы бір еске салып қойғымыз келеді.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: mail.ru