Өкінішке орай, елімізде суицид жасаған жастар туралы жиі айтылып жатады. Өмірін бастамай жатып, өзін-өзі өлімге қиюға не себеп болады?
Бұл әрекетке, негізінен, әлі ақыл тоқтатпаған жасөспірімдер барады. Неліктен? Жасөспірімдер осы кезеңде максималист әрі перфекционист болады. Бәрі өздері ойлағандай мінсіз әрі тез жүзеге аса қалуы керек. Суицид жасаудың себептері әртүрлі болғанымен, негізінен, кейбір түрлері барлық суицидистерге ортақ, жиі қайталанады.
Біріншіден, жасөспірімдердің өзінің сырт келбетіне көңілі толмауы. Өздерін Голливуд жұлдыздарымен, атақты әншілермен салыстырып, ажарынан толып жатқан мін табады. Жеткіншектік жаста әлі дене бітімі мен бет пішімінің толық қалыптаса қоймайтынын «Анатомия» оқулығынан оқыса да, оны ескергісі келмейді.
Екіншіден, махаббат машақаты. Бұл кезеңде жастар тез ғашық болып қалып жатады. Егер көңілін білдірген адамынан өзі күткендей жауап алмаса, онда өмірінің еш мәнісі қалмағандай болып, қайғырады. Алғашқы махаббатына қосылатын адамдар кемде-кем. Бұл жөнінде тәжірибесі мол, ересек адаммен сөйлессе, әлі бірнеше рет ғашық болуды бастан кешіретінін білер еді.
Үшіншіден, жақын адамының қайтыс болуы. Мұндай қайғыны ересек адамдардың өздерінің еңсеруіне біраз күш пен уақыт қажет. Ал өмірлік тәжірибесіз жасқа екі есе қиын. Біз сайтымызда жарық көрген «Жақын адамыңыз қайтыс болған жағдайда» деген мақалалар топтамасын оқыған пайдалы болар еді.
Төртіншіден, жақын адамдарымен: ата-ана, дос-жарандарымен ренжісуі. Қазіргі кезде ата-аналар «қызым үйде, қылығы түзде» деп балаларының не істеп жүргендеріне мән бермейді, көбісі баласының қандай көңіл күйде екенінен, оны не толғандыратынынан, достарының кім екендігінен мүлде бейхабар болып шығады. Сондықтан ата-ана мен баланың қарым-қатынасы жақынырақ болғаны дұрыс. Әрине, еш ата-ана баласына жамандық тілемейді. Тек кешігіп қалмаса болғаны...
Бесіншіден, қатар-құрбыларының оны мазақ қылып, күлкіге айналдыруы. Жасөспірімдердің бір нашар қылығы - біреуді келеке ету, соған басқаларды да жұмылдыру. Өз қатарластарының пікірлері де жастарға өте қатты әсер етеді.
Алтыншыдан, ұзаққа созылған күйзелістің нәтижесі. Жоғарыда айтылған жайттарды уақытында ескермесе, жабығыңқы көңіл күй бірте-бірте күйзеліске ұласады. Адам ештеңеге қызықпайды. Барлық нәрсені автоматты түрде жасайды. Айналасындағы болып жатқан оқиғаларға қуанбайды, ішкі қайғысын ешкімге айтып, сырласпайды. Күндердің күнінде өзіне «Не үшін өмір сүріп жүрмін?» деген сұрақ қойып, сұмдық әрекет жасауға шешім қабылдайды.
Өзіңізге қол жұмсау туралы ойласаңыз, бізге хабарласыңыз, көмек қолын созамыз!