Стереотипті бұзу кімнің мақсаты?

Стереотипті бұзу кімнің мақсаты?

Бізде қалыптасқан ұғым-түсініктерді стереотип деп, оны бұза жарған адамды биіктете қарау, оған тамсану бар. «Жалған стереотип» тіркесі де қазір әрбір жазарманның жиі айтатын сөзіне айналды.

Өзгеден басым шығатын құлақ тыңдап, көз көрмеген дүниеге дәл осы тіркесті айтып баяндайтын әдет әсілі кімнен, қашан, қалай туды? Осыған келсек.

Шығармашылық

Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық тақырыбында талай әңгімеде жүрген осы бір сөз қызметін, сөз жоқ, мінсіз атқарып келеді: «Канонды бұзған, стереотипті қиратқан, жаңашылдыққа өткен». Туынды әдебиеттанушылар тарапынан талданған кезде оның жаңалығы неде екені, айырмашылығы мен негізгі қай тұсында екені неге бүркеулі? Бұл туралы сөз біз салған «сара жолдың» астарында қалып қояды. Ылғи да солай. Әдеткі, қарапайым, дәстүрлі шығармадан өзгеше болған туынды неге қоғамға сапалы, биік, өрелі көрінеді? Мұны қайдан шығарып алдық? Мұндай тіркесті қолдану – біреуді мақтау үшін қалғанын төмендету дегенге сая ма? Салысу, бәсекелесу, жарысу – әрине, пайдалы әдістердің бірі, бірақ бұл әдіс-тәсілдердің бірі ғана емес пе еді?

Әлеумет

Адам әрқашан жаңалыққа ұмтылған. Бірақ өткенін қадірлейтін. Стереотип жалпы түсінік ұғымы. Мәселен:

Жігіт қызға бірінші болып сөз айтады. Қыз баланың бірінші болып ер адамға сөз айтуы, сезімін ашуы, көңілін білдіруі ұят қана емес, тәрбиесіздігі. Батылдыққа барып, кейде қолдай кететініміз бар, рас, бірақ мұндай жағдай тек бірен-саран. Мұндай махаббаттың соңы немен тынатынын ойлаудың өзі ауыр.

Ит пен мысық қас. Ит пен мысық неге бір-біріне қас? Бұл ешқандай да жауластық емес, тек екі жыртқыш аң бірінің үлесін бірі алып қоятынын біледі. Бір аумақта болғасын табиғатына берілген қасиет бойынша «орын бөліседі».

Тамақты әйел адам жасайды. Әйел адамның тамақ жасауы дәстүрлі, қалыптасқан ұғым. Ер адам – үйдің іргесін қалап, табыс әкеледі, әйел адам ошағын түтетіп, шаңырағын шайқалтпай ұстайды. Яғни, ошақ қасында.

Өтірік айту – дұрыс емес. Жауыңа айтатын, шындық орынсыз көрінген кезде айтатын, әзіл үшін айтылатын өтіріктерден басқасының бәрі де, сөзсіз, дұрыс емес.

Оңы мен терісін таразыладық. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де осы. Егер стереотип бұзушысы болсаңыз мақал-мәтелдер мен қанатты сөздің бәрін жоққа шығарып көріңіз. Енді айтыңыз, стереотипті бұзу кімнің мақсаты?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: livejournal.com

А. Құлтай