Қазір бала тілінің кеш шығуы көпті толғандыратын мәселеге айналды. Баланың тілі неше жаста шығуы керек? Сөйлемейтін баланы логопед маманына неше жаста апару керек және бала 1, 2, 3 жаста не істей алуы керек? Бұл сұрақтарға 15 жылдық тәжірибесі бар дефектолог-логопед Нурахметова Шолпан Аянғалиқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман ата-аналарға 1 жастағы баланың алдымен түсінігіне аса мән беруге кеңес берді.
"Бұрын бізде бала 1 жаста 10 сөз айта алуы керек деген стандарт болатын. Яғни, 1 жастағы баланың шамамен 10 сөз айтуы қалыпты саналатын. Оған, мысалы, "мама", "папа", "ав-ав", "ням-ням", "аға", "гу-гу" деген сөздер мен буындар жатады. Бірақ соңғы 3-4 жылдан бері бұл стандартты қолданбаймыз. Қазір біз 1 жастағы баланың түсінгі бар ма жоқ па соған мән береміз. Себебі соңғы кездері сандық аутизм көбейіп барады. Қазір балалардың түсінігі ақсап жатыр. 1 жаста бала атын атағанда қарауы керек, сұқ саусағымен керек затын көрсете алуы керек және "мама", "папа", "ата", "апа" деген сөздерді саналы түрде айта алуы керек", - дейді логопед Шолпан Аянғалиқызы.
Маман ата-ананы 1 жастағы баланың қандай әрекеттері алаңдатуы керегін де атап өтті.
"Бала атын атап шақырсаң қарамайды, "мә" десең ғана келеді, жұмсасаң орындамайды, шұлығыңды ки десең киюге тырыспайды, басың қайда десең дене мүшесін көрсетпейді. Баланың осындай әрекеттері ата-ананы алаңдатуы керек", - дейді логопед.
Маман қазір баланың сөздік қорына қатысты ешқандай нормаға жүгінбейтінін айтып, оның себебін түсіндіре кетті.
"Цифрлық даму, жаһандану заманында сандық аутизм көбейіп, балалардың дамуы тежеліп жатыр. Мысалы, 10 жыл бұрын туылған балалар 1 жасында бәрін айтып, 2 жасында 2-3 сөзді қосып, 3 жасында тақпақ айтып отыратын. Ал қазір 3 жаста екі сөздің басын қоса алмайтын балалар көп", - дейді маман.
Маман баласы 2-3 жасқа келген ата-аналарға өз кеңесін берді.
"2-3 жастағы баланың психикалық дамуына назар аудару керек. Бала бұл жаста горшокке отырғысы келетінін айта алуы, қасықты ұстап тамақ жей алуы, балалармен бірге ойнауы және ата-анасы кетіп қалғанда оны іздеуі керек. Балада осы түсініктер қалыптасса, оның тілі, сөйлеуі де дами бастайды. 2-3 жастағы баланың сақау сөйлеуі қалыпты, ең бастысы, сөздерді байланыстыра алуы керек. Яғни, "мен барамын", "мынау мысық", "ит ав-ав дейді" деген секілді байланыстыра алуы керек. 2-3 жаста баланың сөздерді байланыстырып сөйлей алуы енді дамиды, соған уақытында мән беру керек", - деп ескертті маман.
Шолпан Аянғалиқызы өзінің балалармен жұмыс істеуінің бір әдісімен бөлісті.
"Мен баламен былай жұмыс істеуді ұсынамын: алдымен түсініктен бастаңыз. Оған не жатады? Мысалы, дене мүшесін көрсету. Одан кейін, заттарды немесе жануарларды көрсету. Мысалы: "Алма қайда?" дегенде алманы, "Мысық қайда?" дегенде мысықты көрсетуі керек. Содан соң "Мысықтың құлағы қайда?" дегенде бала мысықтың құлағын, "Шошқаның мұрны қайда?" дегенде шошқаның мұрнын көрсете алады. Мұндай мысалдар менің альбомымда көп көрсетілген. Үйде балаңызбен осындай үш кезеңнен тұратын әдіспен жұмыс істеп көріңіз", - дейді логопед.
Тілі шықпаған баланы маманға 2 жастан бастап көрсету керек.
"Бұрын бала 3-4 жасқа келгенде тілі өзі шығып кетеді деп күтетінбіз. Себебі бұрын сенсорлық телефондар, YouTube болған жоқ. Қазір баланы маманға көрсету үшін 3 жасқа дейін күтудің қажеті жоқ. Балаңыз 1 жасқа толғаннан бастап оның түсінігіне аса мән беріңіз, бақылаңыз және онымен жұмыс істеңіз. Бала 1 жас 7 айға толғанда оның түсінігі толық қалыптасуы керек. Қазір, тіпті, 1 жас 5 айдан бастап балаға "ЗПР", яғни, психикалық дамудың тежелуі деген диагноз қойыла береді. Ал егер балада түсінік болып тұрып, тілі шықпай жатса, оны логопед маманына 2 жастан бастап әкелуді ұсынамын", - деп қорытындылады Шолпан Аянғалиқызы.