- Негізгі бет
- Психология
- Соңынан еріп кетер...
Соңынан еріп кетер ем...
«Болашақ жарыңның қандай болғанын қалайсың?» деген сұрақты кімнен сұрасаң да, бас-аяғы ұзын-сонар тізім құрып береді. Бірақ «идеал» адам таппай жатса, кімге ренжиді? Бүгін біз сіздерге соңынан ойланбастан еріп кетуге болатын, «идеал жігітке» жетпесе де, жөні түзу ер адамның бірнеше сипатын айтып өтпекпіз. Бойында осы тектес қасиеті бар жігіттердің артынан еруден қорықпаңыз.
Өз сезімі жайлы көп айта бермейтін жігіт. Ауызбен айтыла беретін құр сезімдер уақыт өте жалықтырады. Ауыз тұрмақ, одан құлақ та жалығады. Сезімдер жүрекпен айтылып, жүрекпен тыңдалуы керек. Ақылы бар ару жігітінің шын сезімін оның әрекеті мен көзінен-ақ оқиды. Болды, сол да жетеді! Әйел адамды анда-санда шын пейілімен «Сүйемін» деп айтып, қатты құшса да жетеді. Қалғанын жүрек айтсын.
Жұмыс істеуден жалықпайтын жігіт. Тек физикалық тұрғыда ғана емес, өзімен және өзін қоршаған әлеммен жұмыс жасайтын жігіттердің жөні түзу болады. Ал әйел ерінің шаршамауы үшін, жұмысынан жалығып, құлдырамауы үшін моральдық тұрғыдан көмек беріп отырғаны дұрыс.
Ащы болса да шындықты айтатын жігіт. Өтірікке әуес жігіттің көп ісі өтірікке құрылады. Қандай жағдай болса да шындықтың бетіне тура қарап, өтіріктен қашатын жігіттердің өзгелерден мәртебесі жоғары.
Отбасын қажеттілігімен қамтамасыз ете алатын жігіт. Болашақ отбасы мен бала-шағасының керек-жарағымен қамтамасыз етіп, олардың өміріне жауап бере алатын жігіттерді неге таңдамасқа?..
Араласатын адамы көп жігіт. Сыйлап, араласатын дос-жарандары мен тамыр-таныстары көп жігіт сыйлы болады. Өзі де сыйлаудың не екенін біледі. Сыйластықты жақсы көретін ер адам болашақ жарын да алақанында ұстайды.
Әйелдердің әңгімесіне араласпайтын жігіт. Тек майдаланып кеткен ер адамдар ғана ұсақ-түйек саналатын әйелдердің өсек-аяңына араласады. Тек ірі мәселелерге ғана бас қатырып, сыпсың сөздерге шалынып қалмайтын жігіттердің орны бөлек.
А. Әбілхан