Жю Бау Уий (Жапония)
Қария көпірден өтіп бара жатып, кенет бір бойжеткеннің көпір жиегіндегі торға бір аяғын қойып өзенге секіргелі жатқанын байқап қалады. Жүрегі тас төбесіне шыққан қарт жылдам басып, қыздың арт жағынан барып киімінен ұстай тартып қалады.
– Өй, бала, бұл қайткенің, бір қадам алға бассаң жаныңнан жұда болар едің! Өлімге осыншама асыққаның не?
– Бұл істің сізге қатысы жоқ, мені қоя беріңіз! Сүйген жігітім қарамай кетті, ол өмірімдегі тұңғыш сүйгенім еді, ол үшін бәрін кештім. Сіздің жұмысыңыз болмасын. Мені қоя беріңіз!
– Махаббат сәтсіздігі сынды осындай кішкентай іске бола өлемін деу тати ма? Сен өзі істің жөнін парықтамайды-ақ екенсің.
– Сіздің жақсы ниетіңізге көп рақмет. Оны қаншалықты ұнататынымды білмейсіз ғой, жалынайын, мені қоя беріңіз!
– Жастың аты жас қой... Өздерінің құлай сүйетінін, сүйетіндерінің талассыз ақиқат екенін ғана біледі. Көптеген адам тұңғыш махаббатты нағыз махаббат деп есептейді, алайда сіз білесіз бе, екі жақтың іңкәр болуына себеп болатын орайлар толып жатыр.
– Десе де, меніңше, дәл біздікіндей таза махаббат енді кездесе қоймас, сіз маған ақыл айтпай-ақ қойсаңыз болар еді!
– Егер елдің барлығы дәл сендей, алғашқы махаббат сәтсіздігіне бола өзін өлтірсе, онда Жер шарындағы адамдар баяғыда құрып жоғалған болар еді. Керісінше, Жер шарында осыншама көп адам өмір сүріп жатыр, өйткені уақыт жүректегі қасіретті жуып, ада қылады.
– Саған өз әңгімемді айтып берейін, уақыттық болса да бір жолға сен. Биыл 95-ке келдім, 16 жасымда өліп-өшіп ғашық болған тұңғыш махаббатым болды. Дәл саған ұқсас, оны сүйгенім соншалықты, менің бүкіл жан-дүниемде сол сайрандады, басқа ешқандай нәрсе оның орнын баса алмады. Кейін ол менен кете барды, сол үшін кезінде неше рет өліп алғым келген болатын.
– Не, атай сіз де...
– Иә, алайда уақыт махаббаттағы сәтсіздіктен түскен жарақатты емдейді. Сен шыдауың керек, ең соңына дейін шыдауың керек, осылай болғанда сенің қасіретің ақырын-ақырын айығады, ең соңында көкейіңнен ғайып болады. Күндердің бірінде, қарсы жағыңда ондай бір сүйкімділіктің жоқ екенін сезетін боласың, махаббат үшін өзін өлтірудің қажеті қаншалықты, бұл менің ақсақалдық тұрғыдан, көпті көрген адам болу тұрғымнан саған айтқаным. Дүниеде мәңгілік махаббат деген жоқ. Сол үшін өте албырттыққа салынба...
– Жөн... Сіздің айтқандарыңызды естіп, көңілім кеңіп қалғандай. Қазірге дейін оған ғашық болып тұрсам да, оның сүйіспеншілігіне ие бола алмай азаптанып жүрсем де, қазір осындай іңкәрлікті уақыт қарияның алып кететініне сендім.
– Балам, ақыры түсіндің ғой.
Қария қыздың сабасына түскенін көріп, оның қос қолын босатты.
– Атай, сіздің жарақатыңыздың қашан жазылғанын сұрауыма бола ма?
– Е, ол болса... Ол уақыт болса мөлшермен былтырғы көктем ғой,- деді қария зеңгір көкке қарап ауыр күрсініп. Алайда, қарияның сөзі аяқталмай жатып, «гүмп» еткен бір дыбыс естілді. Қария бұрылып қарағанында, қасындағы бойжеткен әлдеқашан жоқ болған еді.
Оқи отырыңыз:
Махаббат хикаясы: жүрек әмірі
Жауапсыз махаббат...
Мен сені сүйіп қалыппын
Қыздар: "Кездесуге не киемін?"
Аударған: С.Үсенбай
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: tigerrr.com