Іскерлік кездесу кезінде орынды қалай таңдаймыз?

Іскерлік кездесу кезінде орынды қалай таңдаймыз?

Кездесу барысында әңгімелесуші адамға жағымды әсер қалдыру үшін орынның да маңызы зор. Тік төртбұрышты үстел басында отырғанда бес орынның біреуін таңдауға болады. Серіктесіңіз «А» жағдайында, ал Сіз «В» жағдайында отырсыз деп қарастырайық.

Бәсекелестік-қорғану позициясы (В3)


Бұл позицияда үстел – екі жақты айырып тұратын бөгет. Адамға қарама-қарсы отырғанда, ол автоматты түрде сіздің бәсекелесіңіз болып табылады. Нәтижесінде, екі жақ бір-бірінің пікірін тыңдамай, тек өз ойын алға тартады. Осындай позицияда өткен кездесулерді зерттегенде, адамдардың 56%-ы қарсы алдында отырған адамды өзіне бақталас ретінде қабылдаған. Бір-бірімен бәсекелес адамдар немесе қызметтік лауазымы әртүрлі қызметкерлер іскерлік кездесулерде осындай орындарда отырады. Егер сізге осындай жағдайда отыруға тура келсе, орындығыңызды А позициясындағы адамға 45 градусқа қиғаш қойып отырыңыз.

Ынтымақтастық позициясы (В2)


Егер адамдардың ойлары бір жерден шықса немесе бір мәселені шешу керек болса, көп жағдайда бірге отырады. Осы позицияда отыратындардың 55%-ы іскерлік ынтымақтастыққа икемді болатындары анықталған. Іскер адамдар кіммен бірлесе жұмыс істегісі келсе, интуитивті түрде соның жанына отырады. Мәлімдеме немесе сөз сөйлегенде жанындағы адам оған бар ынта-ықыласымен тілектес болады. Сонымен қатар, әңгімелесушімен жақсы байланыс орнайды.

Бұрыштық позиция


Мұндай позицияны көбіне жолдастық, бейресми кездесулерде таңдайды. Бір нәрсені таныстыру кезінде, егер А позициясындағы адам тыңдаушы болса, бұл орын өте ыңғайлы болмақ. В1 позициясындағыдай орындығыңызды қойып алсаңыз, әңгімелесу барысындағы қобалжуды азайтып, кездесудің оң нәтижемен аяқталуына себепкер боласыз.


Әдетте, В4 және В5 позициясында отыратындар өздерінің тәуелсіз екендіктерін білдіреді. Жиын барысында сөз сөйлегенде осы орындарға жоламау керек. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: ©massaget.kz

Y. Smaghul