Гарис АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі жарнама компаниясының жоғары дәрежелі әйел жетекшісі. 2010 жылдың тамыз айында ол бір досын ертіп қала сыртындағы тағамжайдан түстенеді. Әңгіме арасында досы сыртқа шығып темекі тартпақ болады да, екеуі есік тағамжайдың алдындағы темекі тарту орнында тұра қалады. Екеуі іште басталған әңгіменің жалғасын қызу талқылап тұрған сәтте сергелдең біреу келіп, алдымен өзін таныстырып:
- Кешіріңіз, менің атым – Варонтен. Биыл 32 жастамын. Жұмыссыз қалғаныма үш жылдан асты. Содан бері қайыршылықпен күн көріп келемін. Айтайын дегенім, көмек қолыңызды созып, тұрмысыма қажетті бұйымдар сатып алуыма тиын-тебен бере тұрасыздар ма? – деп Гаристің жүзіне үмітке толы жанарымен телміре қарайды.
Қарсы алдындағы сергелдең жас негр азаматына жаны ашыған Гарис оған күлімсіреп:
- Айтар жоқ, көмектесейін, - дейді де, қалтасына қолын салады. Өкінішке қарай онда ешқандай ақша жоқ еді. Оның орнына құпия нөмірсіз сенімді банк карточкасы шығады. Ол әдетте қалатсына ақша салып жүрмейтін еді. Тек осы карточкамен кез келген дүкенінен қалаған затын сатып ала беретін. Айтарын айтып алып, көмектесе алмағанына ұялып қалады. Оның ыңғайсызданған бейнесін көрген қайыршы:
- Маған мынау карточкаңызды бере тұрасыз ба? – дейді.
Ақкөңіл Гарис екіленбестен оған ұстата береді.
- Кешіріңіз, мен бұған бір қап темекі қоса алсам бола ма? – деп сұрайды бәсең дауыспен. Гарис еш ойланбастан:
- Әбден болады. Қалаған затыңызды алыңыз. Варонтен жолына түскен соң, Гарис пен досы қайтадан тағамжайға кіреді.
Арада жарты сағат өткенде Гарис өкіне бастайды:
- Құпия нөмірсіз әлгі карточкада жүз мың доллар бар еді. Әлгі сүмелек ақша қолына тиген соң тайып тұрды-ау деймін. Мені қара басқан екен, - дейді сүлкіні түсіп. Досы да оны жазғыра жөнеледі:
- Танымайтын біреуге қалай ғана сеніп бере салдың. Өте аңқаусың ғой.
Гаристің енді тамаққа зауқы соқпайды. Досы екеуі үн-түнсіз тағамжайдан шығады.
Бірақ олар тағамжайдың алдында өздерін Варонтеннің күтіп тұрарын ойламаған еді. Ол карточканы иесіне қос қолдай ұсынып қанша ақша жұмсағанын, ішінде қаншалықты ақша қалғанынан айтып, бір-бірлеп есеп бере бастайды.
- Мен 25 доллар жұмсап, сабын, екі құмыра су және бір қап темекі алдым. Міне, тексеріп көріңіз, - деп есеп қағазын да ұсынады. Екеуі алдарында тұрған мына адал қайыршыны көріп, таңданысын жасыра алмай қалады. Гарис оны құшақтай алып:
- Рақмет, рақмет сізге! – дей берді. Ал Варонтен оның не үшін рақмет айтып тұрғанын түсінбей, өзі де күмәнмен таңданып тұр.
Содан кейін Гарис пен досы екеуі төте тартып «Нью-Йорк почта газетіне» барып, болған жайды әңгімелеп береді.
Бұл хабар оқыған адамның біразын таңдандырыпты. Газетханаға бұл оқиғаның шын-өтірігін білгісі келіп телефон шалғандар мен Варонтенге көмектесуге ризашылығын білдірген хаттар толассыз келіп жатты. Техас штатынан Идрус Эйрба есімді саудагер оған 6000 доллар ақша жіберіп, адалдығын мадақтайды.
Варонтенді бәрінен таң қалдырғаны, бірнеше күннен кейін ол Висконсин штатының әуе компаниясынан өзін әуе қызметкерлігіне ұсыныс еткен шақыру мен келісім-шартқа қол қою жайлы телефон келеді. Шексіз шаттыққа шомған Варонтен:
- Шешем бала күнімнен сөзіңнен таймайтын шыншыл бол деп үнемі айтатын еді. Құлағыма үйір болған осы сөздің өзіме мұншама пайда жеткізерін ойламаппын. Шынын айтқанда менің бұл ісім жұрт таңғала қоярдай дүние емес қой, - деп ағынан жарылыпты.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com