Жаңа жылдан кейін дүкендерде әлі жақсы жеңілдіктер сақталуда. Осы кезде артық, қажет емес заттар сатып алудан сақтанғыңыз келсе, біздің кеңестерімізді оқи отырыңыз.
Уақыт пен ақша ұғымдарының байланысын баяғыдан түсінген боларсыз. Өзіңіз бір сағат жұмыс уақытыңызға қанша ақша алатыңызды есептеп көріңіз (ол үшін айлығыңызды 22 жұмыс күніне бөліп, сол шаманы 7 жұмыс сағатына тағы да бөліңіз). Келесі жолы кезекті шоппинг кезінде ақшаны уақытпен алмастырып көріңіз. Мысалға 20 жұмыс сағатына тең келетін сөмкені бұрын ойланбастан алсаңыз, енді кішкене кідіріп қалатындығыңыз сөзсіз.
Көбіміз сауда орталықтарын жай аралап жүргенді әдетке айналдырдық. Дүкеннен дүкенге кіріп-шыққанда әлбетте бір затты ұнатып, оны алмасқа болмай қалады. Дүкенге тек алдын ала жазылған тізіммен, не ойда ұстаған жоспармен, расымен қандай да бір зат, киім қажет болғанда ғана барыңыз. Ыдыс-аяқ іздегенде киім дүкендеріне кірмеңіз, керісінше де дәл солай. Дүкенге аламын деген затыңызға ғана жеткілікті ақша соммасын ұстап барыңыз. Ал төлем карталарын мүлдем үйде қалдырған дұрыс.
Жоспарыңызда жоқ, қажетсіз, "жан рахаты" үшін ғана қызмет ететін заттарды айына бір рет алуға рұқсат етіңіз. Бұған түрлі киім, сөмке, гаджеттер, әшекей бұйымдар жатады. Сондай-ақ 24 сағат ережесі де сізге пайдалы бола алмақ. Ұнатқан затыңызды бірден алмай, бір күн ойлануға уақыт алыңыз. Сатушыдан ұялсаңыз, "Ақшамды ұмытып кетіппін, ертең келейін, маған мынаны қоя тұрыңыз", – деп кетіңіз. Егер 24 сағат өткеннен кейін де сіз сол затты бастапқыдай қалап тұрсаңыз, онда оны алудан басқа амал қалмайды.
Шоппинг әркез пайдалы болу үшін дүкенге тек жақсы көңіл-күймен барған да маңызды.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: imoney.my