Кей қыздарға әдемі витраналар, музыка, тауардың көптігі және әрине, қайта-қайта киім сатып алу рақат сыйлайды. Ал үйге келгенде сол пакеттерді ашып, алған киімдерін киіп қарағаннан одан әрі қуанады. Сирек немесе тек қажеттілігіне қарай шопинг жасау проблема емес. Бірақ ветринадағы жаңа киімді көріп, өзін ұстай алмайтын адамдар да бар. Шопоголизмді қалай жеңуге болады?
Адамның киім сатып алғысы келуі қалыпты жағдай. Адам жайлы өмір сүргісі келгендіктен ыңғайлы диван, нәзік көйлек және жылы пальто сияқты заттар алады. Алайда бірдеңені қоймастан алғысы келу және оны сатып алып, ақшасын төлеу жаныңызға соншалықты жағып, бұл процесті қайталай бергіңіз келу дұрыс емес. Оның себебі – нейромедиатор-дофаминнің шығуы. Ол адам миында өңделеді. Бұл зат қанағаттану сезіміне жауап береді және мотивацияның қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Басқаша айтқанда, адам дофамин өңделуіне ықпал ететін әрекетті қаншалықты жиі жасаса, ол соншалықты оны қайталағысы келеді.
Бақылаусыз тұтыну процесі, яғни нейромедиатор адамның әрекетін басқара бастағанда ониомания пайда болуы мүмкін. Ониомания – адам өзінің бірдеңе сатып алғысы келуін басқара алмауы. Ендеше, неліктен сауда орталығының жартысын көтеріп кеткіңіз келеді? Оның мынадай жасырын себептері болуы мүмкін:
- Қартаюдан қорқу. Кей әйелдер трендті қуумен болады. Ол тренд ешқашан тоқтамайды: көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы, жағажайлық және жаңа жылдық топтама деп кете береді. Егер тереңірек үңілсек, біреулер трендтен қалмау арқылы уақытты өз бақылауына алғысы келеді. Басқаша айтқанда, адам ойланбастан трендпен жүру арқылы қартаюдан, сырт келбетіндегі өзгерістен қорқуын жасырады. Психологтар мұндай ойлар әсіресе, 35-42 жас аралығындағы әйелдерде болатынын айтады.
- Күйзелісті басу. Әдемі киім сатып алу – өзіңізді еркелету. Спа-процедуралар, маникюр, киім сатып алу күйзелісті басатыны рас. Бірақ күйзелісті басатын мұндай әдістер соларға үйреніп кетуге әкеледі. Сондықтан келесіде кез келген проблема кезінде ми белгі береді: сатып алу, сатып алу және тағы да сатып алу.
- Сәйкес келу. Шопоголизмнің тағы бір себебі – адамның өз-өзіне сенімсіздігі және әлеуметтік ортаға сәйкес келгісі келуі. Бұл басқа себептердің ішіндегі ең ауыры, ол балалық шақта пайда болады.
- Жалғыздық. Жалғыздық адамдарды сауда орталығына келуге және қажет емес сауда жасауға итермелейді.
Қымбат әрі дизайнерлік киімдерді алғысы келе беретін адамдар туралы білгіңіз келсе, 2009 жылы комедиялық романтика жанрында түсірілген "Шопоголик" фильмін көруге болады.
Шопоголизмді қалай жеңуге болады?
Ониоманияны және шопоголизмнің түрлі формаларын емдеуге психотерапевтер көмектеседі. Ол темекі тарту немесе алкоголизм секілді тәуелділік екенін біліңіз. Егер киім сатып алуға біраз ақшаңыз кететін болса, мына әдістерді қолданып көріңіз.
1-әдіс. Сауда орталығына ақшасыз барасыз. Ұнаған киімдерді киіп көресіз, онымен суретке түсуге де болады. Бірақ сатып алмайсыз, оның орнына үйге келіп, оларды немен киюге болатынын ойлайсыз, коллаж жасайсыз.
2-әдіс. Сауда орталығында жүргенде қалаған киіміңізді киіп көресіз және ұнағанын алып, кассаға келгенде ертеңге алып қоюын сұрайсыз. Кешке үйге келгенше жаңағы киімдерді алғыңыз келгені басылады. Ал таңертең ол сезім мүлдем жоғалады.
3-әдіс. Ұнаған киімдердің суретін көрінетін жерге іліп қоясыз. Күнде сол киімдерге қарайсыз, немен киетініңізді ойлайсыз. Бірақ оларды сатып алуға дүкенге асықпаңыз. Біраз уақыт өткен соң суреттегі киімдердің жаңашылдығы жоғалады, тіпті, оларды сатып алғыңыз келмей қалуы мүмкін.
4-әдіс. Интернет-дүкеннің сайтына кіресіз, алғыңыз келетін киімдердің бәрін "кәрзеңкеге" саласыз, бірақ сатып алмайсыз. Содан соң күнде немесе аптасына бірнеше рет кіріп, "кәрзеңкеңіздегі" киімдерді сұрыптайсыз: әр кірген сайын "алғым келмей қалды" деген киімдерді өшіре бересіз. Сөйтіп, 1-2 ай шамасында сұрыптау жүргізесіз. Нәтижесінде қалған бірнеше киімді, яғни, шынымен ұнайтын және қажетті киімді сатып аласыз.