Ер адам үйленіп, жаңа өмір бастауы үшін алдымен «шешесінің баласы» деген аттан арылып алуы керек. Кез келген ер адамның өміріндегі ең алғашқы әйел – оның анасы. Иә, «Ана» деген ұлы атқа ешқашан кір келтіргіміз келмейді. Ол ұлын тоғыз ай бойы бойында көтеріп, ерекше жан қиналысымен өмірге әкелді. Оған тәлім мен білім нәрін беріп, адам қатарына қосты. Осы жиырма жылдың ішінде ананың еңбегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Бала анасының алдындағы осы парызын өтей де алмайды. Өйткені оның еңбегі өлшеуге келмейді. Бірақ ер баланың еркін болып өсуі маңызды. Себебі ол болашақ бір отбасының асыраушысы, қамқоршысы.
Ер жігіт ержеткен күннен бастап, адамшылық жолмен нан табудың және бұйырған күні үйленіп, бала сүйіп ұрпақ жалғастырудың қамын жасауы керек. Бірақ анасының етегіне байланып, оның әр сөзінен ары аса алмайтын және өз еркімен дұрыс шешім қабылдай алмайтын жігіттердің отбасында аса береке болмайды. Неге? Өйткені кез келген еркектің өмірінде тек бір ғана әйел болуы керек. Екіншісі пайда болған жерде неше түрлі келеңсіздіктер туындап, ұрыс-керіс болады. Мейлі, ол анасы болса да! Ана өзінің шешелік рөлінде ғана қалуы керек. Ал ерінің асты-үстіне түсіп, жағдайын жасауды келініне қалдырсын.
«Шешесінің баласы» қандай күйеу болады?
«Шешесінің баласы» үйленген соң сол үйде көп күтпей ұрыс болады. Себебі түсінікті. Анасының айтқанынан шықпайтын күйеуіне күйінген келін мінез шығарады. «Сен маған көңіл бөлмейсің! Саған шешең болса болды!» деп қиғылық салады. «Шешең біздің ісімізге араласпасын» деп шамданады. Қатты кетсе «Екеуміздің бірімізді таңда» деп күйеуін тығырыққа тірейді. Әрине, әйелінің ашуын баса алмайтын еркек мұндайда тек өз анасын таңдайды. Сөйтеді де қоғамда тағы бір әйел жалғызбасты ана атанып, тағы да бір бала тірі жетім күйде қалады. Шешесі мен әйелінің көңілін қатар таба алмаған еркек қам күйде қалып, өміріне өкпелейді. Келінінің «кесірлігінен» құтылған шешесі ұлын басқа қызды әперем деп жұбатады. Ол ұлының ішкі жан дүниесіне көңіл аудармайды, оны заттай көреді. Келіні кеткен соң ененің жаны тынышталады. Ұлы тағы да көз алдында, өзінен басқа ешкімді жақсы көрмейді деп ойлайды. Бірақ ана жақта сүйгенімен қоштасқан әйел қайғырады, мына жақта жүрегінің жартысына айналып үлгерген жарын сағынып ұлы жүреді. Ал ортада «Әкем қайда?» деп шырылдаған бала жәутеңдейді. Бұл қоғамда өрбіп жатқан жайттардың тек бір нұсқасы ғана. Мұндай өмір жоқ емес, бар! Жастардың арасындағы ажырасудың көп болуына да осы жайттар әсер етіп жатқанын кімнен жасырамыз?
Жан-жағын бағамдай білетін саналы шешелер ұлын үйленген соң тұсаулап алмайды. Ол баласын үйлененге дейін де әлеммен араласып, өмір көрсін деп босатады.
Ұлын тұсаулап алған ананың психологиясы қандай болады?
Ұлынан айрылып қалғысы келмейтін аналардың ішкі жан-дүниесінде аз болса да ауытқушылықтар болады. Мұндай аналардың көбі кішкентей қыздарға көбірек ұқсайды. Өздерін ұлы сәл ұзаса қорқатындай сезінеді. Ұлының еркіндігі мен ер мінезін тұсаулап алатын аналардың көбі жалғызбасты әйелдер. Немесе жалғыз ғана ұлы бар әйелдер. Олар ұлының таңдауы мен бағытына сенбейді. Оны жалғыз жіберсе бірдеңеге ұрынып қалатындай қобалжиды. Еркіне жіберсе бағы ашылмаған бір шүйкебасты әкеп тұра ма деп уайымдайды. Егер осылай тұсаулағанын қоймаса, ұлы расында да жаза басады. Өйкені ержеткелі бері анасының ғана айтқанымен жүріп, жақсы мен жаманды айыра алмайтын болады. Кез келген іске анасының ғана шешімімен нүкте қоятын ол қиындықтар кездесіп жатса қалай істесе дұрыс боларын білмей басы қатады. Өйткені ол еркіндіктің не екенін білмейді. Өзінің қолынан да біраз дүниені тындыруға болатынын да білмейді. Қалай білсін, анасы оған сенімділік пен ер мінезді үйретпеген болса?
Ананың рөлі ер адам өмірінде ерекше. Сол секілді әйелдің де өз рөлі бар. Әркім өз рөлін дұрыс атқарып, өмірлік парызын өтеуі керек. Анасы ұлын адам етуі керек болса, әйелі сол адамға перзент сыйлап, ұрпақ жалғастыруына жағдай жасай алуы керек. Ал ер адам анасының отбасындағы мәртебесін төмен түсірмей, оған өмір бойы қарыздар екенін ұмытпауы керек.