Мен өлмеуге тиіс едім...
Кешкі басқосуға қатыстым. Шеше, айтқандарыңыз көкірегімде сайрап тұрған, мен тек ғана сусыннан аздап дәм таттым, өйткені сіз "Арақ ішпе" деген едіңіз. Шеше, мен көлік тізгініне отырардан бұрын арақ ішпедім, басқалар мені арақ ішуге зорлағанымен, ащы суды ерніме де тигізген жоқпын. Жүрек түкпірімде өзімнің дұрыс істеген ісіме деген әдемі мақтаныш алақайлап тұрды. Ана, сіздің әрбір ауыз сөзіңізден ақыл мен мейірімнің буы бұрқырап тұратыны-ай!
Басқосудан тарағаннан кейін, жұрт көліктеріне мініп үйлеріне қайтты. Көбі араққа сылқия тойған, аяқтарын сүріне басып, көлікке әрең шығып жатты. Көлігіме мінерде «Сөзсіз, сау-сәлемет сіздің қасыңызға жетемін» деп күбірледім. Бірақ менің көлігім енді қозғала бергенде, әлдеқайдан оқтай зулаған бір машина келіп қағып өтіп, қалпақтай ұшырды.
Жол үстінде есеңгіреп жатып, маған соғылған көлік иесінің арақ ішкенін құлағым шалып қалды, мен ол үшін орынсыз бодау беруші ғанамын. Шеше, мен өлім алдындағы арпалыстамын, жас жаным шырқырап жатыр, тезірек жетіңізші қасыма, аялап құшағыңызға басыңызшы. Неге бұлай? Неге мен бұндай күйге түсуге тиіспін?! Неге менің ардақты өмірім ұстараның жүзінен тайғандай құрдыма кетуі керек?! Көп өтпей адамдар арасынан о дүниеге қарай жол аламын, жаңа ғана екі дәрігердің күбірінен ұқтым бұны. Шеше, мен арақ ішпедім, арақ ішкен өзге адам, ол да мен сияқты басқосудан қайтқан болуы керек. Тек айырмамыз, ол ащы арақ ішті, ал мен балдан тәтті жастық ғұмырыммен қоштаспақпын. Денем пышақ шанышқандай шаққылап ауырып барады, менің гүл ғұмырымды жұлған ол арсыз күліп, екі аяғымен жер басып тұр, неткен әділетсіздік! Мен жан үшін жанталасып жатырмын, ал ол болса жол жиегінде тұрып қана бұл көріністерге таңдана қарап тұр.
Адамдар оған арақ ішпе, арақ ішіп көлік жүргізбе деп ақыл айтуы керек еді. Тек бір адам осылай деген болса, менің де өмір гүлім мезгілсіз солмас еді.
Тынысым барған сайын әлсіреп барады... Анам-ау, сізге мәңгілік қоштасу алдында тағы бір ауыз ақтық сөзімді айтайын: "Мен арақты аузыма алғам жоқ, көлік тізгініне сау күйімде міндім, неге мен өлуге тиіспін?" Қош, жалған дүние! Қош бол, менің аяулы анам, мақшар күні кездесу нәсіп болсын...
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: picnic.com