- Негізгі бет
- Психология
- Шаруалар тізімін дұрыс...
Шаруалар тізімін дұрыс құра білейік
Күнделікті істеу керек шаруаларды қағазға тізіп жазып, алайда кешке оның жартысын да үлгермегеніңізді түсінесіз бе? Шарулар тізімін құрып, орындаудың да өзіндік ерекшеліктері бар екен. Осы салада танымал Дэвид Аллен жазған "Істерді ретке келтірейік" кітабында істерді уақытында орындаудың керемет тәсілін ашады. Соның басты ережелерін үйреніп алсаңыз, істеріңізді уақытында аяқтайтын боласыз.
1. Істеріңізді қағазға, стикерге не телефонға жазғанмен оларды әлі де ойда ұстайсыз ба? Бұл үлкен қателік. Үлкен қағазға сіз үшін қазір өзекті барлық істерді түртіп алыңыз, маңызды шаруалармен қатар күнделікті ұсақ-түйек заттарды да ұмытпаңыз. Көптен бері ойда жүрген арман-мақсаттарды да осы тізімге қосыңыз. Ал ең бастысы тізім жазғанда ойыңызды осы шаруалардан босатыңыз, оларды мүлде ұмытыңыз, олар жайлы енді уайымдамаңыз. Осылайша миыңызды күнделікті шаруалардың ауыртпалығынан босатып, жемісті еңбек ете алатын боласыз.
2. Тізімдегі шаруаларды дұрыс жазудың да маңызы зор. Мысалға үлкен жобаларды кішігірім істерге бөліп жазу керек. Олар түсінікті, тиянақты жазылғаны дұрыс. Және істердің орындалу ретін де сақтаған маңызды. Мысалға, "Курстық жұмыс жазу" шаруасын "Тақырыпты анықтау", "Методикалық нұсқауды қарау" және "Интернеттен ақпарат іздеу" деп бөлген жөн. Неғұрлым қарапайым істер миға оңай көрініп, оларды істеуден қорықпайтын боласыз.
3. Жоспарларыңызды шынайылыққа сай құрыңыз. Бір апталық, айлық тізімдер тиімді болмайды, оданша тізімді күнделікті жазып жүріңіз. Бір күндік тізімге осы күні істеуге шынымен де үлгеретін заттардан артық қоспаңыз.
4. Тізімдегі 2-минуттық шаруаларды бірден орындаңыз. Яғни, орындалуына 2 минуттан артық уақыт кетпейтін шаруаларды тізім жазып отырғанда-ақ жасап тастаңыз. Осылайша тізіміңіз әжептеуір қысқарады. Кейбір істердің орындалуы оларды қағаз бетіне жағып алғаннан да оңай болады.
5. Сәтті орындаған істеріңіз үшін өзіңізге алғыс білдіріңіз. Істің орындалуын тек √ белгісімен белгілеу керек деп ойлайсыз ба? Жоқ, әр сәтті орындалған шаруа үшін өзіңізді түрліше қуантыңыз. Мысалға тез орындалған жұмыс үшін өзіңізге шәй немесе кофе, 5-минуттық серуенге рұқсат беріңіз, ал біткен үлкен жоба үшін демалыста жақсы мейрамханаға барып келіңіз. Мұндай демалыс сізге келер істерді жасауға күш береді.
Осындай қарапайым ережелерді күнделікті ұстанатын болсаңыз, істеріңіз тез әрі сапалы орындалып, бос уақытыңыз пайда бола бастайды. Ал ең бастысы түрлі аяқталмаған шаруалар жайлы уайымдамайтын боласыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com
С. А