- Негізгі бет
- Психология
- Сезімнің оянуына не...
Сезімнің оянуына не түрткі?
Махаббат – адам түсіне бермейтін жұмбағы көп сезім. Ол қай кезде келерін болжап болмайсың. Көп жағдайда алғашқы таныстықтан кейін ішкі жан дүниеде белгісіз тылсым оянып, сезім тереңдей түседі. Ал кейде күн сайын жаныңызда жүрген жанның өзі аяқ астынан сезімін білдірсе, оған таңданбаңыз. Себебі сезім оянуына да әртүрлі жағдай түрткі болады.
Қызғаныш. Сіз бұрын жалғыз жүрген кезіңізде елемеген болса, басқамен көңіл жарастыра бастағанда оның да назары сізге ауады. Себебі сүйген кезде қалай өзгеріп кеткеніңізге көзі жетеді. "Осы сезімін маған арнай алар ма еді, оған осындай бақытты мен де сыйлай алар едім ғой" деген ой келеді. Бұрын асықпай қадам басармын деп қаннен қаперсіз жүргендер болса, тұрмыс құрмай тұрғанда, бәрі кеш болып кетпей тұрғанда қимылдау керек екенін енді түсінеді.
Өзгелер пікірі. Бір ортада үнемі басқалар бірге көретін, бірақ өздері мойындамайтын жігіт пен қыз болады. Олар қашқақтаған сайын, жан-жақтан барлығы қосуға талпынып, әзіл-шынын араластырып, сөз арасында айта береді. Сыртқы тараптағы адамдар жай ғана қалжыңдап жүргенде екі жас қосылып кетсе, олардың өздері аң-таң қалуы мүмкін. Себебі сөздері адамға әсер ететінін байқамай да қалады. «Екеуің жақсы жарасасыңдар», «қосылсаңдар, керемет жұп шығар еді», «ол саған осылай етер еді, мынадай жағдайда былай етер еді», «алыстан іздеп, одан артық кімді табасың» деген сөздер бір күні болмаса, бір күні адамды ойландырады.
Бірнеше сағаттық әңгіме. Адамның ғашық болуына көзге тіке бірнеше минут көз алмай қарау және бірнеше сағаттық әңгіме жетеді деп жатады. Адам өзіне ұнамайтын жанмен сағаттап әңгіме айта алмайды. Ал араларында сұрақ таусылмай, әңгіме бітпей жатса, соңы махаббаттың алғашқы сатысына қадам басуға апаруы ғажап емес. Бірнеше жылдан бері араласатын досыңыз болса да, жаңа танысқан жан болса да, оны осы сағаттап сөйлесуде жаңа қырынан танып, өзіңізге ұнайтын тұсы көп екеніне көз жеткізесіз.
Сыртқы сипатындағы өзгеріс. Мынадай оқиғаны елестетіп көріңіз. Бір аудиторияда он бес қыз, бес жігіт бар дейік. Қыздардың барлығы шетінен сұлу. Осы сұлу қыздардың арасына жаңадан бір қыз келді. Оның көркі қаншалықты көз тоярлық екені маңызды емес, сонда да бесеуінің ішіндегі үш жігіт осы қызбен жақын араласқысы келеді. Себебі ол көз үйренген қыздардың ішіндегі жаңа нысан, ал жаңа бейне әрқашан қызықты. Сол секілді жаңадан қосылған адамның орнында сіз де бола аласыз. Ол үшін сыртқы келбетіңізге аздаған өзгеріс енгізсеңіз жетіп жатыр. Өзгерудің жөні осы екен деп, шашты қызылға бояп, сымбатыңызға үйлеспейтін киім таңдамаңыз, оны да ақылға қонымды етіп істеңіз. Сонда бұрын елемей келгендер назар аударып, мүмкін, жалғыздықпен қоштасып қаларсыз.
@. @assel_assanova