Сериалдың бір сериясын қалт жіберу әсіресе, әйелдер үшін кешірілмес іс іспетті. Дегенмен, кейбір ерлеріміз де сериал деп, аузын ашып, көзін жұмбаса да, ұзын-сонар хикаяға анда-санда көз қиығын салып қоятыны жасырын емес. Сериал кейіпкерлерін бес саусағындай жатқа айтып, әркімнің әртүрлі іс-әрекетін беске білетін қауымды еліктіретіндей сериалда не құдірет жатыр?
Осы сұрақпен бас қатырған психологтар бұның сырын тапқандай болды.
Сериалда өмірдегіге қарағанда, бәрі басқаша, - дейді психологтар. Сериалдың жағымды, жағымсыз кейіпкерлері бір қырынан сомдалып, көрермендерін өздерімен бірге қуанып, бірге мұңаюға жетелейді. Және олар өзімізді қоршап жүрген адамдарға өте ұқсайды. Сериал түсіруші топ көрермендерін сақтау үшін бірнеше әдіс-тәсіл қолданады. "Пәленшенің әңгімесін түгенше естіп қойған жерінен бітті. Ертеңгі сериясы қызықты болайын деп тұр". Осындай сөздерді көп естіген шығарсыз. Әр серияны қызықты тұсына келгенде бітіріп тастау ең тиімді тәсіл.
Қай сериалды алып қарасаңыз да, әр сериалдың басты кейіпкерлері көбіне әділетсіздікті көп көрген, көркем мінезді мінсіз жан болып беріледі. Жанымыз ауырып, оның өмірімен тыныстап кететініміз сондықтан.
Көбіміздің ойлағанымыз бола бермейді. Сериалдарда біздің армандарымыз орындалып жатады. Сүйген жүректер бір-бірімен кездесіп, жауыздық жазаланады. Және кейіпкерлерінен өзімізді көріп, бір сәт арман құшағына берілетініміз де бар.
Күнделікті күйбең тірлік күйзеліске толы. Жұмыстан шаршап қайтып, өзінің сүйікті сериалын қосқанда, адам айналасын кәдімгідей ұмытып, сериалдың ырғағымен тыныстап кетеді.
Ал сіз сериалды не үшін көресіз?