Сериалдарды неліктен көреміз?

Сериалдарды неліктен көреміз?

Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында «Изаура күң» деп аталатын сериалмен басталған халқымыздың теледидарға телміріп, ұзын-сонар сериал қарау әдеті әлі жалғасып келеді. Адамдардың қыбыр етпей отырғанын пайдаланып, үйлердің тоналған фактілері де айтылды.

Мексика, Америка, Бразилия, Аргентина, Түркия, Оңтүстік Корея, т.б. қай халықтың болмасын, әдет-ғұрпы, тыныс-тіршілігі біз үшін жат емес. Барлығына қосыла қайғырып, олардың қуанышымен бөлісеміз, ең соңында үйлендіріп, ақ батамызды беріп тынамыз. Бірақ сүйікті сериалы аяқталғанда, сең соққан балықтай енді не істерін білмей қалатындар да баршылық.

Неліктен?

Мұның бірнеше себебі бар. Сондықтан оған бар бос уақытымызды аямаймыз.

1. Хобби күнделікті күйбең тіршіліктен алаңдатып, көңілге ләззат сыйлатын нәрсе. Ал сериалды хоббиға айналдыру кейбіреулер үшін ақылды шешім. Ыңғайлы диванға отырып алыңыз да қарай беріңіз.

2. Өз өмірі бірқалыпты өтіп жатқанына наразы адамдар драмаға толы сериалдарды көру арқылы, жетіспейтінін толықтырып, адреналин алады. Мұндайлар кейбір оқиғаларды өз өміріндегі жайттармен салыстырып, бірде тәубасына келеді, бірде өз өмірінің қызықсыз екеніне күйінеді.

3. Біреудің өміріне үңілу кейбіреулер үшін өте қызық. Одан соң оны біреулермен бөлісу: біреуін ұрсып, екіншілерін мақтап, әрі қарай не боларын болжау керемет ләззатқа бөлейді. Көршілерді, туған-туысқандарды аңдығанша, бұл да дұрыс шығар.

4. Демалудың бір түрі. Күнделікті қарапайым өмірден тыс, сурет, қолөнер көрмелеріне бару тәрізді сериал көріп, мүлде басқа әлемде болып қайту да адамды сергітеді.

5. Ертегіге сенетіндер қарайды. Басы қатты басталып, соңы тәтті аяқталатын ертегінің бар екеніне сенетін жаны нәзік адамдар, әсіресе, меланхоликтер сериалдарды қараған сайын, күткен адамының (бір кезде жоғалтып алған ата-анасы немесе ақбоз атты жігіт, т.б.) жарқ етіп алдынан шыға келіп өз жеке сериалы басталатынына сенеді.

Ал сіз сериалды неліктен қарайсыз?

Кейбір елдер, мысалы, Финляндия халқы теледидарды мүлде сатып алмайтын көрінеді. Ал сіз бұған қалай қарайсыз? Теледидарсыз, телесериалсыз өмір сүру мүмкін бе?

Сурет: vk.com

Ұқсас жазба:

Үйден жұмыс істегіңіз келе ме?

Ф. Абилова