1. Үйіңізге жақын маңда бір кафе бар. Кафенің ас мәзіріндегі тағамдар дәмсіз әрі қымбат. Тазалығы да нашар. Бірақ, жақынсынып, қолайлы деп күнде сол жақтан тамақтанасыз ба?
«Мені ақымақ көріп тұрсың ба? Ондай жерге барып кім ақшасын шығындағысы келсін» деуіңіз әбден мүмкін. Алайда, ойланып көріңіз, бірер жағдай болға қалғанда әр екі жақтың орындарын ауыстырып ойланып көріңіз. Көп адам ненің жаман, ненің жақсы екенін өте жақсы біледі. Біреуге ашу шақырудың, боғауыз сөз айтудың немесе махаббат әлеміндегі «екі кеменің құйрығын қатар ұстаудың» арсыздық екенін біле тұра солай істейді. Ендеше осы мәселелер мен біз айтып отырған кафені ауыстырып көріңіз;
2. 2000 тг. ақша жоғалттыңыз. Оның қайда жоғалғанын білсеңіз, тауып келу үшін 5000 тг. жұмсап таксилетіп барасыз ба?
«Осындай да сұрақ болып па, екі мың теңге бастан құлақ садақа болсын!» деп жауап береді көп адам. Бірақ, мұндай істер өмірімізде көптеп кездесіп жатады. Біз қателік жасаймыз, кейде біліп, кейде білмей әрине. Оның қате екенін біле тұра мойындамаймыз, оны мойындай салуға кететін уақыттан екі не одан да көп есе уақыт жұмсап оған сылтау іздейміз. Басқаларға жақсы әсер қалдыруға жан-тәнімізбен тырысамыз. Біреулердің жалғыз-ақ ауыз сөзі үшін апталап, айлап ақ тер-көк тер боламыз. Қол үзген махаббатымыздың қайта қайтып келмейтінін біле тұра соған бола айлап, жылдап азап шекеміз, араққа, темекіге салынамыз. Ойланыңыз, ақымақ болып жүріп одан да көп дүниелерді жоғалтасыз.
3. Сіз газет, телевизия, интернет беттерінде күн сайын жазылып жатқан атыс-шабыс, адам өлтіру оқиғаларын оқығаннан кейін үйден шықпай жатып аласыз ба?
«Олай болуы мүмкін емес, өмір өз қалпымен жүре береді ғой» деп жауап беретіндер көп. Естеріңізде болар ақырзаман жайлы әңгіме гулеп тұрған кезде адамдардың не істегені. Адам – жеке-жеке жүрсе одан ақылды хайуан жоқ. Ал, топта, көпте ақыл жоқ. «Көппен көрген ұлы той» болмай қалуы да мүмкін.
4. Барлық адамның жеке компания ашып, бизнес бастап байып кететініне сенесіз бе?
«Әрине, сенбеймін!» Жауап беру оңай. Жеңіске жеткен кісілердің пікірі кітапты көп оқы, көп қайтала, машық жаса дегендерге саяды. Естуге оңай, бірақ, оны істеуге кім-кімнің де қажыр-қайраты жете бермейді. Бірде таксиде келе жатырмыз. Жүргізуші жігіт айналадан зулап өтіп жатқан қымбат көліктерге қарап: «Осылардың ақшасы-ай! Ақшаны оңай-ақ тауып алады осылар...» деп әңгіме бастады. «Ақша табу сондай оңай ма?» деп сұрадым мен. Ол үндемеді. Не үшін біздер басқалар тапқан ақшаны оңай табылды деп ойлауымыз керек?! Бәрі де табандылықта.
5. Футбол ойнап көрмеген адам футбол клубына жаттықтырушы бола ала ма?
«Бола алмайды. Ол маман емес қой», бірақ, біз тек футболға келгенде маман жағын ойлаймыз. Көп адамдар елден «анау кәсіп жақсы екен, мынау салада байып кетеді екен» әңгіменің жетегінде сол салаға кетіп, бір-ақ күнде миллионер болғысы келіп жүргендер қаншама.
6. Ұқсайтын және ұқсамайтын сұрақ. Футбол жаттықтырушысы алаңға шықпай тұрып ойынға жетекшілік жасай ала ма?
«Басың істей ме, олай болуы мүмкін емес қой» деген жауап аласыз, бірақ, көптеген адам өзінде жоқ уақытты, өзінде жоқ ақыл мен қабілетті көрмей жатып бастары қызғанша басқаларға сын айтады. Базар аралап жүріп «Мына контейнер сатылады» деген хабарландыру көрсе, соған алақызып, ақыры сатып алады. Тақырға отырады. Соңында мәселенің қайдан шыққанына, қатенің қайдан кеткеніне басы жетпей дал болады.
7. Сіз мәңгі өкініп жүруге разы боласыз, не үшін бір рет болса да сынап көруге разы емессіз?
Біздіңше ешкім де: «Рас-ау, мен сондай қорқақпын ба?» деп айтпайды. Адамдар өмірде тәуекелге бармайтын, батылдық танытпайтын тұстарда осы қадамға барады. Ал осы ерлікті жасайтын кезде жасамайды. Кейде жақсы жағын көп ойлайсыз, кейде жаман жағын айтып, өз-өзіңізді иландырасыз. Бәрі мүмкін, бірақ, бір рет сынап көруге не жетсін.
8. Сіздің уақытыңыз көп, қартаймайсыз, сондықтан, «өмірімде осы істі атқарып кетсем-ау» деген арманыңызды кейінгі күндерге қалдыра бересіз бе?
«Жоқ, қалдырмаймын!»
Бірақ, біз қалдыра береміз. Қалдырған үстіне қалдыра береміз. «Біз байығанда өйтеміз, бүйтеміз, зейнетке шыққанда бүкіл әлемді аралаймын, бала есейгенде әйтем-бүйтем...». Бәрі құр бекер сөз. Мың жасайтын құзғын емессің. Арман-тілектің бір жолда орындалуы мүмкін емес, тек аз-аздан, бір-бірден, басқыш-басқышпен орындап отыру керек. Төбелеп жинаудың кімге пайдасы тимек? Жастықтың оты жалындап тұрғанда армандарыңызды орындап қалыңыз, "Асың барда ел таны, беріп жүріп. Атың барда жер таны, желіп жүріп" деген аталы сөз бекер айтылмаған.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: sc.com