- Негізгі бет
- Психология
- Сенімділікті арттыратын 8...
Сенімділікті арттыратын 8 әдіс
Өзіңе сенімділік, білімпаздық сияқты басқа да пайдалы қасиеттердей туа біткен бола бермейді – әрине, осы бір күшке жауап беретін біздің миымызда ешқандай арнайы бұлшық ет жоқ, бірақ оны бәрібір дамытуымыз керек. Қалай дейсіз ғой? Нақты әдістерді ұсынамыз.
1) Кейде қатты бірдеңе істегің келеді: мысалы, ұнатқан жігітіңе жақындағың келеді, мектептегі мерекелік шарада өзің шығарған өлеңді оқығың келеді немесе данышпандық ойыңды айтқың келеді, бірақ сен қорқасың. Ойыңды ешкім қолдамайтын сияқты боп көрінеді, жігіт сені елемей өте шығады немесе тіпті сені достарымен және қызымен бірге мазақ етуі мүмкін деп ойлайсың, ал мектептегі мерекелік шарада сыныптастарыңның алдында абыройың төгіледі деп қорқасың. Бәлкім сен ешқандай болжам жасамайтын да шығарсың, жай ғана дәл қазір, дәл осы сәтте әрекет етуге батылың жетпейді. Елестетші, сен жүзуді үйрену үшін бассейннің дәл шетінде тұрсың немесе тікұшақтан парашютпен секіруге қадам жасауың керек. Егер бір қадам алға баспасаң (немесе біреу сені артыңнан итеріп жібермесе), тәуекелге бара алмай, сол күйі шетінде тұра бересің. Және нәтижесінде еркін құлаудың не екенін сезбей кетесің, үйренбейсің. Қорықпа! Көзіңді жұм да, ештеңе ойламай, қолыңды көтер, алға бас та: «Сәлем!» деп дауысыңды шығар – әрі қарай не болса о болсын. Өйткені сенің басқа амалың болмайды, бірдеңе деп айтуың керек. Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады емес пе? Мұны сен өзің де жақсы білесің.
2) Тұйықталып, қамалып, сырт көзге қалай көрінемін деп қамығуды доғар. Және, әрине, өзіңді-өзің аяп, өзіңнің бақытсыздығың/кемтарлығың/ұсқынсыздығыңды ойлап, табиғат пен жаратушының әділетсіздігін сөз қыла берудің қажеті жоқ. Әрине, әйтпе, бүйтпе деп айтуға оңай, бірақ тым құрығанда осындай ойлар қамти бастағанда өзіңді шымшып алуды әдетке айналдыр. Алғашқы кездері терің шымшығаннан қызарып жүретін шығар, бірақ уақыт өте келе бұл әдетке айналып, жағымсыз ойлардан біржолата айығасың.
3) Өзіңнің сұлулығыңа және өзіңе деген сенімділігің артып тұрған шақта сатып алған киімдер шкафыңда шаң басып жатқан шығар? Өйткені сенімділік қызулығы баяғыда өтіп кетті және бәрі қайта сол қалпына келді. Қысқа белдемшелер, ашық блузкалар, әдемі көйлектер мен биік өкшелер – бұның бәрі басқа қыздар үшін, өзіне сенімді, әдемі және назарда болуды қалайтындар үшін. Ал саған бұл киімдер жараспайды, бәрі саған қолын шошайтып: «Не киіп алған?» деп мысқылдап күлетін болады. Үрейді жең де, бұрыннан киюге қорқып жүрген киімдерді ки. Сен, адамдар біреулерден бұрын көбіне өздері жайлы ойлайды және ашық-жарқын киінудің қорқынышты ештеңесі жоқ. Ал кейін, бәлкім, тамсанған көзқарастардан ләззат алуды да үйренерсің.
4) Позитивті ойлау – біреулер ойлайтындай ақымақтық емес. Тіпті егер бірінші кездері айнаға қарап, «Мен ең әдемі, тартымды, сұлумын» деу күлкілі көрінсе де, уақыт өте келе шындыққа айналмасына кім кепіл? Бірақ өзіңе жақын, сенімділігіңді арттыратын жеке позитивті мантраң болғаны жақсы және өзіңе деген сенімділігің төмендей бастағанда есіңе түсіріп, іштей қайталай бер.
5) Өзіңе ұнамайтын, жайсыздық тудыратын өтініштерге «Жоқ» деп жауап беруді үйрен, - сынып жетекшісінің өтінішін қабыл алмаудан ұялып, апта бойы мектепте қабырға газетін сызып отыруға міндетті емессің немесе ертең маңызды емтихан алдында құрбыңның киімін химтазалаудан алып, қаланың екінші шетіне жеткізуге де. Кейде «Жоқ» - әлемдегі ең жақсы сөз.
6) Қошамет сөздерді сирек естісең де, оларды қабылдауды үйрен. Көзің әдемі деген әрбіреуді халық жауы етуді, өтірікші деуді доғар. Және оған «Тіпті де әдемі емес, қарапайым қара көздер» деген жауап тауып немесе «Иә, саған» деген сынды сөздермен қошамет айтушы адамды ұяттан жерге кіргізбе. «Рақмет» деп жай ғана жымия салсаң, жеткілікті.
7) Ағылшын тілінде тамаша бір мақал бар – «Fake It Till You Make It». Қазақша шамамен былай аударылады: «Шындыққа айналғанша ойна». Іштей қорқыныш басып тұрса да, үрейден жүрегің ұшып тұрса да, сырт көзге өзіне сенімді, сабырлы және абыройлы адамды ойнау арқылы сен жұртты сондай адам екеніңе сендіре бастайсың. Біртіндеп өзің де өзгеріп, сол мықты, сұлулығына күмәні жоқ қызға айналасың.
8) Өзіне сенімді адамның бейнесін өзіңе қабылдасаң (яғни бар жан-тәніңмен қабылдау) миың денеңнен бөлінетін сигналдарды қабылдайды – осылайша автоматты түрде өзіне сенімді адамға айнала бастайсың. Мұны тіпті психологтар да тәжірибеде пайдаланады. Сондықтан таңды позитивті ойлардан, өзіне сенімді, табысты адам ретінде бастасаң, күні бойға оң қуатқа бөленерің хақ.
Г. Берік