- Негізгі бет
- Психология
- Сексуалды-репродуктивті денсаулық туралы...
Сексуалды-репродуктивті денсаулық туралы сайт іске қосылды
Қазақстанда жыныстық қарым-қатынасқа түскен жасөспірімдердің 90 пайызы ЖИТС және АҚТҚ туралы ақпараттармен етене таныс емес. Жасөспірімдер мен ата-аналар жыныстық қарым-қатынас туралы деректерді толығырақ білу үшін Қазақстандағы БҰҰ қарасты Халықтың қоныстануы бойынша қоры (UNFPA) қолдауымен сайт шықты.
"Шамамен 57 мемлекеттегі әйелдер өз жұбымен жыныстық қарым-қатынасқа түсу, контрацептивті пайдалану немесе медициналық көмек сұрау құқығынан ада”, – дейді UNFPA дерегінде.
БҰҰ жаңа баяндамасы адамның тәнінің үйлесіміне байланысты. Ақпаратта адамның өз денесіне қатысты кез келген таңдау жасай алатыны, зорлықты болдырмау және өзі үшін өзгенің шешім қабылдамауы негізге алынған.
"Қазақстанда қарым-қатынаста болған 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы физикалық не сексуалды зорлық-зомбылық көрген. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі әйелдердің саны басым. Сауалнама нәтижесі бойынша, COVID-19 пандемиясы кезінде мүмкіндігі шектеулі он әйелдің жетеуі көмекті қайдан аларын білмеген. Ал сауалнамаға қатысқандардың үштен бір бөлігі отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы бұзылып кеткенін айтқан", – дейді UNFPA.
"Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық қарым-қатынасқа түскенін айтқан. Ал олардың 91 пайызы ЖИТС және АҚТҚ туралы хабарсыз болған. Қазақтандағы жасөспірім бойжеткендердің арасында жоспарсыз жүктілік те жиі кездеседі. Жыныстық қарым-қатынасқа түкен бойжеткендердің 16,7 пайызы жүкті болғанын айтқан", – делінген UNFPA есебінде.
UNFPA-ның Қазақстандағы өкілі Джулия Валезе дене автономиясының бұзылуы адам құқығының шектелуімен бірдей екенін, теңсіздік артып, зорлықтың күшеюіне себеп болатынын айтады. Жасөспірімдер мен ата-анаға ақпараттық қолдау көрсету үшін Денсаулық Сақтау Министрлігі мен UNFPA бүгін SHYN.KZ атты жобаны жарыққа шығарды. Қазір shyn.kz сайты, Telegram желісінде арнайы чат-бот және Android бағдарламсына арналған мобильді қосымша жұмыс істейді.
Сайтта кәсіби мамандардың, соның ішінде психолог, дерматовенеролог, гинеколог, урологтың пікірі негізінде жазылған жасөспірімдер мен жастардың физикалық-психологиялық даму ерекшеліктері, балалармен сексуалдық-репродуктивті денсаулық туралы қалай әңгімелесуге болатыны жөніндегі мақалаларды оқи аласыз.
Сұрақ-жауап бөліміне өзіңізді мазалаған сұрақтарды қойып, оған жауап алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Т. Есқали