- Негізгі бет
- Психология
- Саудаласу өнерін меңгеріңіз...
Саудаласу өнерін меңгеріңіз
Саудагерлер кез келген тауардың өз бағасына бірнеше есе ақша қосып сатады. Сол себепті саудаласудан ұялмаңыз.
1. Қазақстанда болсын, Түркия мен Египетте болсын, қарапайым базарда тұрсаңыз да, авто салонда тұрсаңыз да айналаңызда ешкім жоқта саудаласқан дұрыс. Әдетте, саудагерлер жаныңызда тұрған адамдардың да сізден көріп, бағасын түсіруді өтінетінін біліп, сізге жеңілдік бермейді.
2. Саудаласу барысында дауысыңызды көтермей, мәдениетті түрде сұраңыз. Дауысыңыз анық әрі ақырын шықсын. Және алатын тауарға қатты қызығып тұрғаныңызды білдірмеңіз.
3. Саудаласуға алдын ала дайындалыңыз. Алатын тауарыңыздың бастапқы бағасын, қай жерлерде қандай бағамен сатылатындығын біліп алыңыз да, өзіңіздің саудадан хабарыңыз бар екендігін көрсетіңіз.
4. Алғашқыда тауардың 50% бағасын айтып, осы бағаға сатуын сұрап көріңіз. Саудагердің түрі бұзылатындығы анық. Ал мұның сіз үшін пайдасы бар. Егер Египет немесе Түркия базарларында болсаңыз, бірден 50%-дан жоғары көтеріліп кетпей, керісінше түсіруін өтініңіз. Бұл әрекетіңіз арқылы саудаласқан сайын аз ақша ұсынатындығыңызды түсіндіресіз. Мойымаңыз.
5. Үлкен сауда орталықтарынан тауар алып жатып «үйге дейін жеткізіп салу бағасы ішіне кіре ме, келесі тауарға жеңілдік бола ма?» сынды сұрақтарды көбірек қойыңыз.
6. Бұл өнерді психологтар ғана емес, жан-жағына мұқият қарай білетін адамдар да меңгере алады. Әсіресе тауарлардың ақауларын байқау арқылы оның бағасын түсірткізіп алуға болады. «Мына ақауы бар тауарды алмастырып бере алмайтындығыңыз өкінішті, мүмкін болса оны жарты бағасына сатып алар ем» деп ұсыныс жасауыңызға болады. Мұндай қулықтар сәннен шығып бара жатқан киімдерге де қолданылады.
7. Кетіп қалатындығыңызды байқатып қоқан-лоқы көрсетіңіз. Мұнымен қатар, ақшаңызды алып, сатып алатын адамша жылдам санай бастауыңыз көмектеседі.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: umbr.ru
Қ. Бүйенбай