- Негізгі бет
- Психология
- Саудагер сізге қалаған...
Саудагер сізге қалаған затын сатып жібере алады
Саудагерлердің қулығы жайлы жазба сайтымызда көптеп шықты. Бірақ онда саудагердің әдеткі қарапайым қулықтарына ғана тоқталған едік. Ендігіде олардың осы күнге дейін қолданып келген психологиялық әдістерін ұсынамыз. Бұл әдістің барлығы да ғылым дәлелдеген деректерге сүйенген.
Бірінші факт – оң жақтағы есік
Ғалымдар шопингпен айналысып жүрген адамдарды жылдар бойы бақылай келе сатып алатын адамды мүлт кетпей анықтауға болатынын дәлелдеген. Сөйтсе адамдар шопинг жасағанда сауда орталықтарын сағат тілімен айналып шығады екен. Ал дүкеннің есігін сол жақтан немесе орта тұстан қойғанда сатып алулар азайып кететіні белгілі болған.
Сонымен, сатушылар сіздің оң жаққа қарап жүретініңізді білетіндер ұнайды-ау деген тауарын сіздің оң жағыңызға қояды. Енді өзіңіз де саудасы жақсы жүретін дүкендерде ең жақсы делінген тауарларды қайда қоятынын бақылап көріңіз. Сатып алғыңыз келген тауарды неліктен бірден тауып ала алмайсыз? Ойланып көрдіңіз бе? Себебі ең қажетті заттарды сатушылар қасақана дүкен қуысына қояды. Ал оған сіз жетемін дегеніңізше жарқырап тұрған басқа да тауарлардан айналып өте алмай қаласыз.
Екінші факт – жылтырағанның бәрі алтын емес
Бірақ адам баласы жылтыраған әрі таза затты ұнатады. Тіпті кейбірі көлікті жуған соң жүрісі жақсарғандай сезеді. Тауары жақсы өтетін дүкендерде неліктен барлық тауар жалтырап, тап-таза болып тұрады деп ойлайсыз? Осыған байланысты ғалымдар зерттеу жүргізген. Қатысушылардан төрт бірдей шыныға құйылған судың қайсысын таңдағысы келетінін сұраған. Зерттеуге қатысып отырғандар, әсіресе әйел адамдар ең бір мөлдірін таңдап, оның таза екеніне шүбә келтірмеген. Бірақ барлық су құрамы бірдей еді.
Үшінші факт – сатып алу ләззат сыйлайды
Дофамин. Сол баяғы дофамин. Бұл зат сіздің миыңызда әлденені (я әлдекімді) ұнатқан кезіңізде бөлінеді. Тіпті психобелсенді препараттар қабылдағаныңызда да, дәмді тамақ ішкеніңізде де бөлінетін заттың оң да, теріс те әсері бар. Жақсысы сол – бұл арқылы сіз белгісізді білуге асығасыз, жаңалыққа құмар боласыз, ал теріс әсері – сізге қажетсіз дүниеге қызығуға, көз қызартуға итермелейді. Жүргізілген зерттеулерге сенсек, саяхат кезінде біз ең бір қажетсіз заттарды сатып алады екенбіз. Әсіресе жаңа дүкенде (сауда орталықтарына), өзге қалаға барғанда адам ағзасында көп мөлшерде дофамин бөлінеді.
Төртінші факт – сандар біз үшін жұмыс істемейді
Дүкендер бітпестей көрінеді «тоғыздықтарды» неліктен сала береді? Тіпті ақылы бар, есі кірген адамдарға да 4999 теңгеге әлденені сатпақ болады. Оның орнына «5 мың теңге» дей салса қайтер еді? Біз соған алданып қалатындай айтатынын көрсеңіз.
Ал шын мәнінде сіз бұл қулықты қаншалықты біліп тұрсаңыз да осы әдістің құрбаны болатыныңызды білесіз бе? Өзіңіз ойлап көріңіз. Алдыңызда екі доп жатқанын елестетіңіз. Енді оны жойып тастап, алдыңызда 4999 доп жатқанын елестете аласыз ба? Жоқ. Адам баласы ойлай алатын деңгейде ғана елестетеді. Сондықтан 4999 деген сан сізге ақшаның шын құны дәл болмаса да 5000 теңгемен бірдей екенін елестеткізбей қояды.
Бесінші факт – таныс бренд
Аты танымал брендтің өнімі сізге еш пайдасы болмаса да ұнай беруі мүмкін. 1970 жылы Пепси компаниясы «Пепси сынасуға дайын» деп аталатын акция өткізіп, оның үстіне зерттеу жасайды. Олар пепси мен коланы еш тауар белгісін жапсырмай қатысушы қонақтардың алдына қойып, ең дәмдісін таңдауын сұрайды. Көбі дерлік сонда пепси өнімінің тәтті екенін айтады. Ал логотиптерін қойғанда барлығы да өздеріне етене таныс кола сусынын таңдап алады. Бұл құбылыс «Пепси парадоксы» деп аталды.
Осыны айта келе, біздің миымыз бейсаналы түрде сіңіп қалған ақпаратты қажетті кезде қайта жаңғырта алатыны дәлелденген. Бұдан шығатын қорытынды – сатушы сізге сапасыз тауарын бір ғана жарнама арқылы өткізіп жіберуі мүмкін.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: vitaportal.ru
А. Құлтай