"Салыстыру, сынау". Серігіңіз сізге манипуляция жасайтынын қалай түсінуге болады?

"Салыстыру, сынау". Серігіңіз сізге манипуляция жасайтынын қалай түсінуге болады?
Фото: ru.freepik.com

Манипуляция - бұл бір адамның екінші адамға қысым көрсетуі.  Ол сізге сөз арқылы нақты әсер бергісі келеді, жиі сізден кінә сезімін оятқысы келеді, сол арқылы сіз қаламаған нәрсені жасауға мәжбүрлейді.

Сізге манипуляция жасайтынын білдіретін негізгі белгілер:

- Өз ойыңызды ашық білдіруге қорқасыз, әрқашан серігіңіз сөзіңізді қалай қабылдайды деп ойлап тұрасыз;
- Өзіңізді әрдайым кінәлі сезінесіз;
- Ол сізді оңай көндіріп алады, сіздің көзқарасыңыз оның ұстанымына қарай өзгереді;
- Онымен сөйлескенде көтеріңкі көңіл күйіңіз бірден өзгереді;
- Егер оған бірдеңе ұнамай қалса, ол үндемей немесе елемей қалады.

Кең тараған манипуляциялар қандай болады?

Сізді болмаған нәрсеге немесе сіз жасамаған нәрсе үшін кінәлайды

Немесе ол өзінің кей сөздерін, әрекеттерін жоққа шығарады. Манипуляцияның бұл түрі "газлайтинг" деп аталады. Мұндай қысым кезінде уақыт өте өзіңіздің адекваттығыңызға күмәнмен қарай бастайсыз.

Қатынаста жаза бар

Оған ұнамайтын нәрсе айтсаңыз немесе ол қалаған нәрсені жасамасаңыз, ол сізбен сөйлеспей қояды, ақша бермейді және т.б.

Бір нәрсені айтады, бірақ екінші нәрсені істейді

Немесе мүлдем ештеңе істемейді. Оның сөздері әрекетіне сай келмейді.

Үнемі жауапкершілікті сізге ауыстыра салады

"Сен былай істегенде, мен осылай істейтін едім". Ол сіздің кез келген өтінішіңізге осы әдісті қолданады. Мысалы, сіз одан қоқысты шығаруды өтінсеңіз, жауап ретінде сіздің қандай жаман (үйді дұрыс тазаламайтын) әйел екеніңіз жайлы лекция аласыз. Яғни, сіз бір тақырыпты бастасаңыз, ешқандай келісушілік болмайды, әңгіме басқа жаққа қарай өзгеріп кетеді.

Өткенді еске түсіреді

Бұл манипуляция жасайтын адамдардың сүйікті ісінің бірі. Сіздер достастыңыздар, барлығын ашық айтып, сөйлестіңіздер, бірақ ол әр ыңғайлы жағдайда сіз өзіңізді кінәлі сезіну үшін қателігіңізді бетіңізге басып айтады.

Қорқытады

Мысалы: "Сен сол жерге барсаң, мен үйден кетемін немесе балаларды алып кетемін, оларды ешқашан көрмейсің" және т.б.

Ол ешқашан өз кінәсін мойындамайды

Кез келген адам кінәлі, бірақ ол емес. Ол үшін барлығына басшылық, үкімет және т.б біреу кінәлі.

Сынау – сіздің қарым-қатынастағы үйреншікті нәрсе

Сіз күмәндана бастайсыз: "мен бірдеңені дұрыс істемей жүрмін бе?" Себебі ол тиісетін бірдеңе табады.

Сізді салыстырады

Ол сізді өзінің анасымен, досының әйелімен және т.б біреумен салыстырады да жүреді.

Сізге көмектесуі мүмкін ұсыныстар:

Бастысы, өзіңізді және өз сезімдеріңізді тыңдап үйреніңіз. Сізге манипуляция жасайтынын түсінген кезде алдымен серігіңізге ол туралы айтыңыз. Өз ойларыңызды, сезімдеріңізді және қалауларыңызды ашық әрі тіке айтып үйреніңіз.

Манипуляцияға әсер беруді тоқтатыңыз. Сіз оған үйреншікті реакция (келісесіз, жылайсыз, кешірім сұрайсыз, көңілінен шығуға тырысасыз) берген сайын ол жалғастыра береді. Егер реакция болмаса, оның әрекеті де уақыт өте өзгере бастайды.

Барлығы өзіңізден басталатынын ұмытпаңыз. Өзіңізді, көзқарасыңызды, қалауыңызды құрметтеп үйреніңіз. Өзіңізді басқаруға мүмкіндік бермеңіз. Мүмкіндік болса, психологпен жұмыс істеңіз.

А. Жапатова