Ұйқымды ұрлап, ойларға бастап не түрлі
Арада жатыр арызы бітпес құба түн.
Сағыныш бірақ, сарқылмас сәуле секілді
Жарығыменен жырақты жалғап тұратын.
Сағыныш... Алтын бесік ауылға, ардақты ата-анаға, қимас бауырға, құрбы-құрдасқа, алыста қалған аяулы әлемге деген ыстық сағыныш... Бәрін айт та, бірін айт, жаныңның жып-жылы бөлшегіне, жүрегіңнің бойтұмарына, сүйгеніңе деген сағыныштың орны тым ерекше.
Осы бір құдіреті күшті сезім кімдерге келіп, кімдерден кетпеген, кімдердің жырына арқау болып, кімдердің жанына от салмаған десеңізші? Бірақ сағыныш адамдарды сарғайтудан еш шаршаған емес, ал екі аяқ, жұмыр бас пенделер онымен күресті сан мың ғасыр бойы жүргізіп келеді. Өкініштісі жеңімпаз - адам емес...
Сағыныштың сары өзеніне терең батып кеткендер сұрауы бар көз жасты көл қылып, тіпті өз өміріне балта шауып немесе кейбірі ішімдікке салынып, Мәжнүндей дала кезіп, мына әлемнен біржола алыстап кетіп жатады. Әсіресе, гуманизм екінші кезекке ысырылған осынау заманда мұндай жағдайлар шаш-етектен. Өзіңіз мұның куәгері де атынып жүрген де боларсыз.
Сағыныш сарыны кеудеңізді кернеп, «Сағынсам қалай шыдаймын?» деген сауалыңызды айға да, күнге де, тауға да, тасқа да, досқа да, дұшпанға да жолдап жүрген боларсыз. Ендеше сіздің осы сауалыңызға бүгін біз жауап беріп көрмекпіз.
1. Түсіну және кешіру. Сағыныш көбіне айырылысқан ғашықтарды немесе жауапсыз махаббатты өткеріп жүргендерді айналшықтайды. Сондықтан, ең алдымен мән жайдың байыбына барып түсініп алыңыз да, сағыныш себепкерін біржола кешіріңіз. Жүрегіңізде оған деген ешқандай кек, ашу деген болмау керек.
2. Сағынышты жеңеді тек хат қана. Сағынысқан жүректердің елшісі – хат. Бірақ сіздің жазған хатыңызды егесіне жолдай алмайтыныңыз айдан анық. Сондықтан бар сағынышыңызды сыйғызып, бар мұң-шеріңізді ақ параққа төгіп хат жазыңыз да, жаныңызға жақын адамға, құрбыңызға оқытыңыз немесе жыртып тастаңыз. Жеңілдеп қаларыңыз анық.
3. Сен кеткеннен ештеңе жоқ өзгерген, Ғұмырым. Сағыныш өзеніне батқан жан бар қайғыны құшақтап, өзге әлемге еніп кетеді. Өмірдің бар қызығы, мәні қалмағандай ауыр халге ұшырайды. Бұл қалыпты жағдай. Алайда, осыныңыздан таймасаңыз, «жауыңызды» ешқашан жеңе алмайсыз. Доғарыңыз! Ол пайда болғанға дейін де өмір сүргенсіз, ол жоқта да солай болады. Ештеңе де өзгермегендігін дәлелдеңіз. Оны ойлауға бос уақытыңыз болмау керек. Жаңа әрі қиын нәрселермен айналысыңыз. Жаңа мақсаттар қойып, жетуге талпыныңыз. Жаңа кітап оқыңыз, спортпен айналысыңыз, түрлі үйірмелерге жазылыңыз.
4. Өзі жоқтың көзі жоқ. Оған қатысты барлық нәрсенің көзін құртыңыз. Оның суреттері, ұялы телефоныңыздағы оның ұнататын әндері, оның сыйлықтары, оның хаттары... Бәрін де тастаңыз. Жақсы жағына өзгеріңіз, киім кию стильіңізді, шашыңызды, бояну әдебін өзгертіңіз. Дүкен аралауға жиі барыңыз. Жаңа суреттерге түсіп, өз әлеміңізге салыңыз. Жаңа адамдармен танысыңыз.
5. Ұнату –оңай, ұмыту-қиын. Көп жігіттер мен қыздар өткенін ұмыту үшін, өзге біреумен кездесіп кетіп жатады. Сіз мұндай қателікке жол бермеңіз! Өз көз жасыңызды сүрту үшін, өзгеге көз жас сыйлаудың еш қажеті жоқ. Сезім сергелдеңіне түсіп, адасып қаласыз. Бәрін де жүрекпен, ақылмен жасағаныңыз абзал.
6. Іздегенде табылатын қасыңнан. Ол бар кезде есіңізден шығарып алған достарыңызға көңіл бөліңіз. Қатты қиналсаңыз, ішіңізде сақтай бермей, ол туралы естеліктермен бөлісіңіз. Тіпті, кейде оны танымайтын, оған деген сезіміңізден бейхабар достарыңызбен уақыт өткізген де пайдалы.
7. Сен жүрген жолмен жүргім келмейді. Онымен өткізген алыстағы аяулы күндеріңізді сағынып, өткенге еніп кетудің еш қажеті жоқ. Онымен барған кинотеатрға, онымен көрген қойылымға, онымен қыдырған бақтарға қайта-қайта бара берудің қажеті жоқ. Жағдайды ушықтырып аласыз.
8. Ыстық маған жанұям! Ол сізге кім? Кеше ғана бар, бүгін жоқ болған, мүлде бөтен жан! Неге сіз ол үшін жаныңызды қинау керексіз?! Есесіне сізді жандарынан да жақсы көретін ата-анаңыз бен бауырларыңыз бар. Сеніңіз, сізді олар шын жақсы көреді. Оны ойлауға, оны сағынуға кеткен уақытыңызды сол жандарға сыйлаңыз. Онымен сөйлескіңіз келіп, өзіңізді ұстау қиын болғанда, анаңызға, әкеңізге немесе бауырыңызға телефон шалыңыз.
Мына өмірде ештеңе де мәңгі емес. Мұңыңыз да, шаттығыңыз да... Сағынышыңыз да! Сондықтан өмір сізге сағыныш сыйлаған екен, күресіңіз! Бәрінің де уақытша екендігін бір сәт болсын естен шығармаңыз!
Суреттер:chagan-tranzit.ru,bankoboev.ru,fanpop.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева