Үнді елінен шыққан жан жетекшісі Ошо аяулы аналарға мынадай кеңестер айтады.
Ана болу – ұлы өнер, оны игеру керек. Менің бірнеше кеңесімді қабыл ал.
Біріншіден, баланы өзіңнің жекеменшік затың ретінде қабылдама, оны билеп-төстеуге болмайды. Ол жай ғана өмірге сен арқылы келді, бірақ ол саған тиесілі емес. Жаратқан оны жарық дүниеге шығару үшін сені құрал ретінде қолданды, бірақ ол сенің меншігің емес. Оны жақсы көр, алайда ешқашан өзіңе иемденбе. Егер анасы баласын тек өз айтқанымен жүргізгісі келсе, екеуі де бақытсыздыққа ұшырайды. Одан бала тұтқынға айналады. Сен оның тұлғалық қасиетін талқандайсың, оны жай ғана затқа айналдырасың. Жансыз заттарға ғана, машинаға, үйге, ақшаға иелік етуге болады, бірақ адам баласын өзіңе иемдене алмайсың.
Сонымен, бұл өмірге бала әкелудің алғашқы сабағы. Сәби өмірге келмей жатып оған жай ғана өзіңнің балаң емес, тәуелсіз жаратылыс ретінде, бар нәрсеге құқылы тұлға ретінде қарау керек.
Екіншіден, ересектерге қандай қарым-қатынас жасасаң, баламен де тура сондай арақатынаста болу керек. Оған ешқашан есін білмейтін бала ретінде қарама. Сәбиге ерекше құрмет көрсете біл. Оны жай ғана қадірлеу аздық етеді. Нәресте сондай әлсіз, дәрменсіз. Ол саған ештеңе істей алмайды, кек қайтара алмайды, әрекетіңе кері жауап бере алмайды.
Егер баланы шын құрметтейтін болсаң, оған өз көзқарасыңды таңба. Балаға жай ғана еркіндік бер, әлемді тануға мүмкіндік туғыз. Оған өзіне сенімді болуына көмектес, бірақ қай бағытқа бұрылатынын меңземе. Оны қуаттандыр, қорға, қауіпсіздік шараларын қарастыр, оған сенен керегі бар-жоғы осы ғана. Бала сенен жырақта, өмірді өзі танып-білсін.
Бостандық бар жерде жаңсақ басуға да орын бар. Балаға еркіндік бере отырып, оның қателесуге де хақы бар екенін көп аналар түсіне бермейді. Бала бір істі бұрыс жасаса, болымсыз әрекеттерге барса, еш сөкеттігі жоқ. Оған ақылды, саналы болуға көмектес, бірақ бұйрық берме. Бәрібір сенің айтқаныңмен жүрмейді, одан балалар жай ғана екіжүзді боп өседі.
Үшіншіден, ғибрат сөзді емес, дінді емес, мәдениетті емес, табиғатты тыңда. Сені әлекке салып, қиындық туғызуы мүмкін, бірақ бәрі табиғи, өз қалпымен болғанына ештеңе жетпейді. Жағымсыз сезімдер тууының да себебі сол, сіздің өзіңізді табиғатпен үйлесімде еркіндікте өсірген жоқ. Ата-анаңыз сізге шама-шарқы жеткенше тәлім-тәрбиемен сусындатты, бірақ бұл махаббатпен берілген нағыз өнерге жатпауы мүмкін. Барлығы ойламаған жерден орын алды. Өткеннің қателігін қайталама. Өзіңе қиын болады.
Мысалы бала әр мүшесін ұстап ойнай бастады делік. Сен оған дереу тыйым саласың. Тіпті онда тұрған ештеңе жоқ екенін білсең де, олай ойнамауын талап етесің. Балаңның қалауынан бұрын басқалар не дейді, сырт көзден ыңғайсыз болады деген өзіндік көзқарасыңды ғана алға тартасың. Осылайша бала өзінің жаман ештеңе істемегенін біле тұра, сіздің көзқарасыңыз арқылы ыңғайсыз жағдайға қалады. Баланың ісіне араласпаңыз. Баламен қоршаған ортаның өзі айналысады. Сен оған тек табиғи болмысын ашуға көмектесу үшін қажетсің.
Баланы құрсағыңда көтеріп жүргенде барлық іс-әрекетің балаға діріл арқылы жеткізіледі. Егер ашулансаң, ызадан ішіңе салмақ түседі. Бала мұны ақырын сезіне бастайды. Мұңайсаң, ішке мұң мен шер жағдайы жайыла бастайды. Бала да бірден жайсыздықты, мұңдылықты басынан өткізеді.
Бала толықтай анасының құзырында болады. Сенің көңіл күйің дереу оның көңіл күйіне әсер етеді. Іште жатқанда балада ешқандай тәуелсіздік болмайды. Сенің климатың – оның климаты. Не себепті ешқандай реніш, қайғыға жол беруге болмайды? Міне, менің ана болу зор жауапкершілік деп отырған себебім де осы. Саған біраз нәрсені құрбан етуге тура келеді.
Осы аралықтағы тоғыз ай ішінде аса қырағы болуың қажет. Басқасы басқа, баланың денсаулығы барлығынан жоғары тұрады, аса маңызды рөлге ие. Егер әлдекім сені ренжітсе, оған көңіл бөлме, көңіліңді бұзба. Өз-өзіңе былай де: «Мен ана боламын. Баламның денсаулығы бәрінен де маңызды. Бірнеше күннен кейін мені кім, не үшін ренжіткенін де ұмытып кетемін. Ал балам болса әлі 70-80 жыл жасайды. Бұл зор жауапкершілік». Қаласаң, мұны бір жерге түртіп қоюға да болады. Баланы өмірге әкеліп алған соң, кімге қанша ренжісең де өз еркің, бірақ тек қазір емес. Жай ғана «Менің аяғым ауыр. Маған ренжуге болмайды, тыйым салынған» деп айт.
Ешқандай ұрыс-керіске жол бермеу керек. Ері де, зайыбы да болашақ балаларының қамын ойлауы тиіс. Жүктілік кезеңінде ата-ана жағдайы екінші кезекте тұрады, бар басымдық іштегі балаға берілуі тиіс. Өйткені ол сенің жалғасың, ізбасарың. Егер ұрыс-керіспен, ыза-кекпен, жаманшылықпен баланың миын жарық дүниеге келмей жатып улайтын болсаң, оның өмірін қазірден-ақ тозаққа айналдырып жатқаның.
Бір адамға өмір сыйлау деген зор тәуекелден туады. Шешінген екенсің, судан тайынғаның жарамайды, балаңа барынша шаттыққа толы, қуанышты, бақытты күндер сыйлауға тырыс.
Жүктілік кезеңін бақытқа толтыр. Би биле, ән сал, әуен тыңда, сүй, сүйікті бол. Жүрегіңді мейірімге толтыр. Күйзеліске жол берме. Ақырын жүріп, анық бас. Саған ұлы қонақ келе жатыр, оны құшақ жая қарсы ал.