- Негізгі бет
- Психология
- Реніштің адам өміріне...
Реніштің адам өміріне әсері қандай?
Кейбір адамдар біреудің сөзін көңіліне алып, тез ренжіп қалады. Әдетте олар жақындарынан, әріптестерінен, достарынан белгілі бір әрекетті, сөздерді және көзқарасты күтеді, «былай деп айтар-ау, маған көмектеседі-ау» деп үміттенеді. Бірақ әр адам – жеке тұлға. Біреуге «дұрыс» көрінген нәрсе басқаға ақылға қонымсыз болуы мүмкін екені шарт.
Ренжігіштік – жағымсыз, пайдасыз, рухани дамуға үлкен кедергі келтіретін қасиеттердің бірі. Жан-жағыңыздағы адамдар сіздің көңіліңіз, пікіріңіз және қалауыңызбен санасуға міндетті емес. Олардың игі істерін, қамқорлығын міндет деп емес, сый деп қабылдауды үйреніңіз.
Біреу бізді ренжіткенде қандай сезімде боламыз?
Егер біреу көңілімізге тиетін әрекет жасаса, оған ашуланып, бейсаналы түрде жамандық тілейміз. Саналы түрде «оқ тиген қоянның» рөлін ойнаймыз. Жылдар өткен соң ол жағдай да ұмытылады. Ал кейбір адамдар ренішін жылдар асырып, ішінде сақтап жүреді. Ол негатив ішіңізде шіріп, денсаулығыңызды құртады. Қаныңызға, сүйектеріңізге, тамырларыңызға әсер етіп, ауру шақырады. Психологтардың «ісік ауруының барлығы реніштен басталады» деген тұжырымын естіген боларсыз? Жылдар асып, өсіп келе жатқан реніш кек, ыза, мұң сезімдерін еселене береді.
Реніштен құтылу үшін рухани деңгейді көтеру керек. Эмоция емес, сезімді бірінші орынға қоятын отбасында руха деңгейді ұлғайту әлдеқайда жеңіл. Мұндай жанұяда адамдар бір-бірін кемшіліктеріне қарамастан қабылдап, бір жағдайға қатысты пікір мен ойлары әртүрлі болуы мүмкін екенін түсінеді.
Адам өзгелерді сынап, мінеп, өз түсінігі бойынша баға беруге бейім. Дәл осы әдеттер адамның ренжігіштігін дамытады. Сезімталдылығын арттырады. Өзін жетік танып, биікке өрлеуге кедергі етеді.
Кезекті материалымыздан ренішпен күресу жолдарымен танысасыз.
Ф. Абилова