- Негізгі бет
- Психология
- Психология мен әлем...
Психология мен әлем мәдениетін не байланыстырады?
Бізге психологияның заңдары ортақ секілді көрінеді. Бірақ, зерттеу нәтижесінде әртүрлі мәдени ортаға сәйкес олардың да ойлау жүйесі мың құбылатынын аңғаруға болады.
Алғаш психология академиялық тәртіп ретінде Солтүстік Америка мен Еуропада қалыптасты. Осы уақытқа дейін көптеген адам психология барлығына ортақ әрі бірдей деген ұғыммен өмір сүрді. Бірақ, кейбір зерттеушілер бұл тұжырымға келіспейтінін ашық көрсете бастады. Иә, адамдар бір-біріне ұқсайды: тамақтану, қауіпсіздік және өзге де қажеттіліктер. Бірақ, елдің мәдениеті де біздің психологиялық қажеттілігімізге әсер етеді: қабылдау деңгейі, жеке қасиеттер. Мұны Николас Гираерт «Әр түрлі мәдениетті тану психология негізіне қалай әсер етеді» деген мақаласында жариялады.
Психологиялық тесттің жауаптары шындыққа қаншалықты сай келеді?
Психологтар шағын топтарға жиі тәжірибе жұмыстарын жүргізеді. Статистикаға сүйенсек, тәжірибеге қатысатындардың көбі – студенттер. Ал, нәтижесінде, зерттеуге ат салысатындардың 90%-ы – батыс мәдениеті (western), жоғары білімділер (educated), өнеркәсібі дамыған (industrialised), бай (rich) және демократиялық (democratic) елдердің тұрғындары. Бұл тек біртекті ортаға сәйкес нәтиже береді. Сондықтан, психологиялық тесттің жауаптары нақты деуге себеп жоқ.
Маймыл, банан және панда немесе ойлау жүйесінің әртүрлілігі:
Панда, маймыл, банан: бұлардың ішінде қайсысы жұп бола алады? Батыс елдерінің көпшілігі панда мен маймылды жұптастырған. Өйткені, олар – жануарлар. Ал, шығыс елдері банан мен маймылды біріктірген. Себебі, оларда холистикалық ойлау типі, яғни, объект пен контексті біріктіру жақсы дамыған.
Бірде зерттеу барысында Жапония мен АҚШ азаматтарына бірнеше анимациялық видеороликті көрсеткен. Әр видео небәрі 20 секунд көрсетілген: осы уақытта қатысушылар су астындағы өмірді бақылаумен болған.
Кейін олардан есте нені сақтағанын сұраған кезде екі топта да көзге бірден түсетін ірі заттарды есте сақтағаны анықталған. Бірақ, Жапония азаматтары судың түсі секілді кішкентай детальдарға да аса мән берген. Бұл холистикалық ойлау жүйесімен түсіндіріледі. Адам бұл кезде тек көз алдындағы нәрсеге ғана мән беріп қоймай, оның артын, жан-жағын қоршаған заттарға да мән береді. Мұндай тәжірибелер қабылдау, есте сақтау, ойлау үрдістері біздің мәдени ортамызбен тығыз байланысты екенін дәлелдейді.
Мен кіммін?
Елестетіп көріңізші, біреу сізден өзіңізді сипаттап беруді сұрады. Неден бастайсыз? Жеке қасиеттерден – «мен ақылдымын» немесе өзіңіздің жеке талғамыңызды сөз етесіз бе – «мен бауырсақты жақсы көремін». Мүмкін, өзіңіздің әлеуметтік рөліңізді айтатын шығарсыз – «мен әкемін». Әлеуметтік психологтар бірінші нұсқаны қолдану адамдар үшін тиімді екенін алға тартады. Бірақ, зерттеу нәтижесі мұны қайтадан жоққа шығарған.
Батыс мәдениетіне тиесілі адамдар үшін олардың бойындағы қасиеттер маңызды. Өйткені, ол адамның жеке қасиеті әрі бірегейлігі. Дегенмен, әлемнің өзге бөліктерін мекендейтіндер, әсіресе, Африка, Латын Америка мен Азия тұрғындары өзін қоғамның бөлшегі ретінде жиі таныстыратыны анықталған. Яғни, олар не мамандығын айтады, не әлеуметтік рөлін тілге тиек етеді.
Адамның қалыптасуы ортаға сәйкес екенін ескерсек, оның психологиясын да ортақ заң бойынша анықтау қаншалықты дұрыс болмақ?
Т. Есқали