Психолог Мишель Вайнер-Дэвис қарым-қатынаста заңдылықтар бар дейді. Оның айтуынша ерлі-зайыптылардың ажырасуының негізгі екі себебі бар.
Бірінші себеп, бір-біріңізге қатты ғашық болған кезде жасайтын істеріңізді бірге жасауды доғарғаныңыз.
"Мен ажырасудың алдында тұрған жұптармен жұмыс істеймін. Олардан қарым-қатынастың басталуын еске түсіруді сұраған кезде, тіпті үнемі жанжалда жүрген ерлі-зайыптылар өткенін сағынышпен еске алады. Алғашқы кездесулерін есіне алғанда жүздері жарқырайды. Олар жай ғана бірге болғысы келгенін айтады. Және бұл романтикалық естеліктер өшпейді", - дейді Мишель.
Маманның айтуынша, некенің алғашқы кезеңдерінде қарым-қатынас әрқашан өмірдегі барлық нәрселерден басым болады. Ерлі-зайыптылар көп уақытты бірге өткізеді, бір-бірімен ойлары мен сезімдерін бөліседі. Бұл байланысты нығайтады.
Бірақ уақыт өте келе әртүрлі себеппен адамдар қарым-қатынасқа «инвестиция» салуды тоқтатады. Себебі жалғыз істеу керек маңызды істер пайда болады. Ал сезімдер екінші орынға түседі. Ерлі-зайыптылар бір-біріне салқын қарай бастайды, ортадағы әңгіме жай ғана ақпарат алмасатын жағдайға жетеді. Балалар бірінші орынға шығып, ал ерлі-зайыптылар әке мен анаға айналады. Тіпті кешкі уақытта олар бір-бірінен гөрі гаджеттермен көбірек сөйлеседі. Нәтижесінде бұл 20-30 жылдық қарым-қатынастан кейін ажырасуға әкеледі.
Екінші себеп – ерлі-зайыптылардың арасында бір-біріне деген жиналып қалған реніші. Өмірде барлық адам жолы болғыш немесе табысты боп тумайды. Қаржылық күйзеліс, денсаулық, балалардың проблемалары - әрбір күйзеліс жыл сайын көбірек келіспеушілік тудырады және неке байланысын әлсіретеді.
"Ешкім табысты қарым-қатынас туралы біліммен тумайды. Ал өмірдің қиын кезеңдерінде айналамыздағы адамдардың барлығы кекшіл, өзімшіл, немқұрайлы деп ойлауға бейімбіз. Осылай олар проблемаларға қалай жауап беру керегін де білмейді. Бірақ бірге қалу үшін дағдарысты бірге жеңіп, сүйіктіңізге қайтадан ғашық болу керек", - дейді психолог Вайнер-Дэвис.