- Негізгі бет
- Психология
- Психикалық денсаулыққа пайдалы...
Психикалық денсаулыққа пайдалы 3 жазба жаттығу
Жазу — құпиямен бөлісуге, сезімдерді білдіруге немесе маңызды нәрсені ұмытпауға арналған жақсы амал. Сондықтан күнделік жазу ұзақ жылдар бойы әлі қолданылып келеді. Тіпті, кей жаттығуларды білу арқылы бұл қарапайым әдеттің көмегімен өзіңіздің психикалық денсаулығыңызды сақтай аласыз.
1. Сіз бағалайтын заттар тізімі
Табыс пен жетістікке жету жолында барыңды бағалаудың және ризашылық білдірудің маңыздылығын ұмытып кетіп жатамыз. Бұл жаттығу қолымыздағы бар нәрсеге қуануды үйретеді және күнде әдеттегіден де бақыттырақ болуға көмектеседі.
Шүкіршілік ететін кем дегенде 30 нәрседен тұратын тізім құрыңыз. Оған сіз үшін маңызды адамдар кіруі мүмкін: ата-ана, достар, бауырлар және әріптестер. Сондай-ақ, өміріңізді жеңілдеткен тұрмыстық заттар кіруі мүмкін. Сырттай қарағанда күлкілі көрінетін нәрселерге дейін жаза беріңіз. Өзіңзді шектемеңіз. Тізімді сізден басқа ешкім көрмейді.
Сізді күлдірген немесе қандай да бір сезім сыйлаған жағдайларға мән беріңіз. Мысалы, далада ойнап жүрген балаларды көргенде немесе жақын адамыңызды құшақтағанда қандай сезімде боласыз? Бұл тәжірибені күнде орындауға болады: күнде тізімге шүкіршілік ететін 3-5 заттан қосу немесе өзіңізді жақсырақ сезінуге көмектескен нәрселерді жазып жүру.
2. Жанжалды шешуге арналған хат
Бұл тәжірибе өзіңіздің сезімдеріңіз бен уайымыңызға мән беру арқылы жанжалды шешуге көмектеседі. Реніш, түсініспеушілік және ұрыс-керіс күнде орын алуы немесе ары қарай қозғалуға мүмкіндік бермейтін өткеннің жүгі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы тәжірибені байқап көрген жөн.
Өзіңізге аз дегенде жарты сағат бөліңіз. Сізді ренжіткен немесе сізбен ұрысып қалған адамға хат жазыңыз. Хаттың бірнеше кезеңнен тұруы маңызды:
Ашуыңызды қағазға түсіруге ұялмаңыз
Адамға өзіңізді қалай сезінетініңізді айтыңыз. Ашу, жан ауруы, көңіл қалу секілді жағымсыз сезімдеріңіз жайлы жазыңыз. Хат көлеміне келгенде өзіңізге шектеу қоймаңыз: ол бір абзац немесе бірнеше бет болуы мүмкін.
Сезімдеріңіздің себебі жайлы жазыңыз
Ашуыңызды шығарған соң хатқа оның себебін жазыңыз. Мысалы: ол адамның сізге қатты тиген сөзі немесе әрекеті. Бұл оны кінәлау үшін емес, неліктен сіздің олай әсер бергеніңізді түсіну үшін қажет.
Қорқынышыңыз жайлы айтыңыз
Әр жанжалда немесе реніште қорқынышқа орын бар. Бұл жағдайда неден қорыққаныңызды ойланыңыз.
Өзіңіз нені дұрыс істемегеніңізді жазыңыз
Әдетте, жанжалдың себебін анықтау барысында өзіміздің де бірдеңені дұрыс істемегенімізді түсініп жатамыз. Міндетті түрде ол туралы да жазыңыз. Тіпті, қажет болса, кешірім сұраңыз. Егер уақытты кері айналдыруға мүмкіндік болса, ол жағдайда не айтар едіңіз немесе нені басқаша жасар едіңіз? Жағдайды қалай өзгертер едіңіз?
Хатты жақсы жазбамен аяқтаңыз
Жанжалды жағдайдан немесе бізді ренжіткен адамнан жақсы бірдеңе табу қиынға соғуы мүмкін. Бірақ ол біздің адамгершіл болуымызға, адамдарды жылдам кешіруге және жағдайды жіберуге көмектеседі. Сізді ренжіткен адаммен байланысты позитивті сәттерді тізіп жазыңыз.
3. Балалық шағыңызды еске түсіру
Бұл жаттығудың мақсаты — босаңсу, өзіңізді кешіру және жақсы көру. Қандай бала болғаныңызды еске түсіріңіз. Оның артықшылықтарын, кемшіліктерін, сізді не ренжіткенін және не қуантқанын жазыңыз. Әр сәтті қаншалықты анығырақ суреттесеңіз, соншалықты жақсы. Сіз үшін маңызды күндер, есімдер, есте қалған ұсақ-түйектер болса, барлығын хатыңызға жазыңыз.
А. Жапатова