Кейде үлгермей жатқан шаруаны, жұмысты кейінге қалдыруға тура келеді. Бірақ оны міндетті түрде бітіру керек. Сондықтан кейін оны істейтініміз анық. Ал кейде істегіміз келмей, кейінге ысыра саламыз. Мұның сыры не әрі оның жалқаулықтан айырмасы қандай? Бұл психологиялық шаршау емес пе? Сол жағын түсініп көрейік.
Прокрастинация деген не?
Психологияда прокрастинация дейтін термин бар. Мағынасы – істі кейінге қалдыра салу әдеті, содан туған психологиялық шаршау. Адамның психикасы нәпсіге ауыр кез келген нәрседен қашуға бейім. Сондықтан ауыр істің бәрін кейінге қалдыруға тырысады.
Әйтеуір сылтау табуға дайын тұратынымыз содан. Осыны прокрастинация дейді. Бірақ прокрастинацияның асқынғаны түрі кәдімгідей психологиялық дертке әкеледі. Оған шалдыққандарды прокрастинатор дейді.
Прокрастинатордың ерекшелігі сонда – еріншек күшін үнемдеуге тырысып, артық жұмыстан қашса, прокрастинатор болса энергия үнемдеудің не екенін білмейді. Қазір істелуі тиіс істі уақытында орындамай, басқа нәрсемен айналысып жүре береді. Яғни, тыным жоқ, мазасыз келеді. Істі істеудің орнына әлеуметтік желіні шарлап, ғаламтор ақтарып кетуі мүмкін. Егер прокрастинация күнде болып, бірнеше сағат уақыт босқа кетсе, бұл адамның әлеуметтік жағдайына да, психологиялық жай-күйіне де зиянын тигізеді. Зерттеуге сүйенсек, мұндай адамның жалақысы аз, уайымнан денсаулығы нашар болады екен.
Жалқаудан айырмасы
Еріншек адам мен прокрастинацияға бейім адамның айырмасы көп. Бір айырмашылығын жоғарыда айттық. Еріншек адам – бір нәрсе істеуден мүлдем қашатын, қолын қимылдатуды қаламайтын жан. Ал прократинация – шаруаны бастаудан тартынатын адам. Біріншісі мүлдем істегісі келмесе, екіншісі істеуге жасқанатындар.
Мәселен бір жобаны істеу керек дейік. Еріншек адам жауапкершілік арқалаудан қашып, оны істемеймін деп бірден бас тартады. Ал прократинатор жауапкершіліктен қашпайды, бірақ істі бастап кетуге де бармайды. Стартты ақырын алады. Мұндай адам жобаны кейін жүріп алуы мүмкін.
Яғни, бұл жерде айырмашылық ниетте. Жалқау қосымша істі мүлде істегісі келмейді, оның мәніне бармайды. Ал екіншісі "істей аламын, бірақ істегім келмейді" деген ойда жүреді.
Бір сөзбен айтқанда, прокрастинация – демалмай жұмыс істеу әрі істі де бітірмеу.
Ғылым не дейді?
Нейробиологтардың айтуынша, прокрастинацияға бейім адамды МРТ-ға түсіру арқылы оңай анықтауға болады. Мәселен Рур университетінің ғалымдары прокрастинатордың миында бадамша бөлігі жай адамдікінен үлкен болатынын айтады. Олар мұндай тұжырымға 264 адамға тәжірибе жасап барып келген.
Магниттік-резонансты томографиямен түсіріп жинаған суреттен ғалымдар прократинациясы бар адамның ми қабатының ортасындағы бадамша бөлігі мен жұлын жағының арасында байланыс әлсіз болатынын байқаған екен. Бұл – шешім қабылдай алмайтын, жағдайға баға бере алмайтын адамның миындағы өзгеріс. Мұндай физиологиялық өзгерісі бар адам уайымшыл, тапсырылған істі қолға алудан қорқатын, ауытқымалы келетін көрінеді.
"Прокрастинацияны теңестіру" ("Уравнение прокрастинация") кітабының авторы, зерттеуші Пирс Стилдің айтуынша, адамзаттың 95 пайызы прокрастинацияға бейім келеді екен. Яғни, жұмысқа кірісердің алдында "уақыт созып", ары-бері жүріп алады. Ал "Прокрастинацияны шешу" ("Решение загадки прокрастинация") атты кітап жазған Тимоти Пичелдің айтуынша, адамның қаламаған ісін істеуден тартынуы – заңды құбылыс, оның табиғатына тән нәрсе.
"Адамға іс қызықсыз, өзіне пайдалы болмаса, істеуге қиын, не дұрыс жопарланбаған болса, ондай шаруға барғысы келмейді" дейді Пичел.
Прокрастинацияның себептері
Мұның себептері қарапайым. Созылмалы дертке айналмаса, себебін табу оңай.
Келесідей себептері болуы мүмкін:
- Шешім қабылдай алмау;
- Ішкі мотивацияның болмауы;
- Жоспарлай алмау;
- Қорқыныш пен үрей;
- Перфекционизм;
- Соңында істей саламын деген жалған сенім.
Кейде адамның арман-мақсаты болмауы мүмкін. Өмірлік мақсаты жоқ адамның бір нәрсені істеуге де ішкі сенімі жетпейді. Фобия жетістігі мен жеңісін тұмшалап тастауы мүмкін.
Ал перфекционист адам істі үтір-нүктесіне дейін идеал орындауға тырысады. Сол себепті бастап кетуге батпай немесе жібі түзу жолды іздеп, біраз жүріп қалуы мүмкін. Негізі бұл да адамды күйзеліске әкеледі.
Арылу жолдары
Психологтардың айтуынша, ересек адамның 20 пайызы прокрастинациядан жапа шегеді екен. Егер істі тындыруға уақыт жетпей, мазасыз ситуацияға тап болсаңыз, жұмысты бітірудің басқа жолдарын табуға тырысу қажет.
Сондай амалдарды қарастырып көрейік.
Жоспарлау
Жұмысты соңына қалдырмас үшін графикті дұрыс жасап алған абзал. Ең дұрысы жоспарлаған кезде, позитивті жағына басымырақ мән беріңіз. Жоспарлаудың мұндай түрі Нейл Фьроның 1988 жылы жазылған кітабында біршама айтылған. Оның жазғандарын бүгінге де қолдануға әбден болады.
Ақырын жүріп, анық бас
Адамның істі кейінгі ысыруының бірден-бір себебі – тапсырманың ауырлығы. Сондықтан оқжетпеске қол созбай, шағын, қарапайым деңгейден бастау керек. Істер іс жай, жеңіл болса, оны істеу де оңай.
Мәселен, кешке ағылшын тілін оқу керек болса, бүгін ағылшын тілді кітаптың 1-2 бетін оқимын деп жоспар қойыңыз. Оны орындау жеңіл шығар.
Маңай тап-таза болсын
Істі бастарда, көңіл аударар, кедергі келтірер нәрселерді, дүниелерді алып тастаңыз. Мәселен, жұмыс істеп жатқан смартфонның біршама зияны бар. Хабарламаға жауап беремін деп, басқа нәрсеге көңіл ауып кетеді. Содан концентрация бұзылады. Ал бұл істі істеуге деген ниетті қашырып жіберуі мүмкін.
15 минут
Психологияда 15 минут ережесі бар. Яғни, бір сағат жұмыс істеп, 15 минут тынығып алу. Сағат сайын кеткен 15 минутым-ай деп қам жемеңіз. Сол 15 минутқа психологиялық түрде пайдалы болар, шаршағанды басар дүниені істеп қалған абзал.
Мәселен, серуендеу, телефонмен сөйлесу.
Процестен ләззат алу
Бір істі бастауға желкеңіз кері тартып, қол жүрмесе, позитивті амалдар қолданып көруге болады. Яғни, істің пайдалы бір тұсын тапқан дұрыс. Немесе шаруаны позитивті бір нәрсемен ұштастырыңыз.
Үйді жуғыңыз келмей ме, онда спортпен байланыстырып қимыл жасап, осы уақытты пайдалы нәрсеге арнауға болады.
Шаруаның нәтижесіне емес, процесіне мән беру арқылы да оңды тұсын табуға болар.