- Негізгі бет
- Психология
- Прокрастинатор деген кім?...
Прокрастинатор деген кім?
Жоспарда маңызды кездесу, басшылыққа есеп беру не тіс дәрігеріне кіріп-шығу сынды шаруалар пайда болғанда, аяқ асты асығыс, бірақ қажет емес майда істер шыға қалып, расында керек жоспарларды орындауға жол бермей ме? Ендеше құттықтаймыз, сіз – прокрастинаторсыз.
Прокрастинатор – өзіне ұнамайтын істер мен ойларды қайта-қайта ертеңге қалдырып, жанына жайлылық беретін қажет емес істермен айналысуды жөн көретін кісі. Егер сіз бойыңыздан осындай қасиеттер байқасаңыз, бұл жағдайды ұзаққа қалдырмай, күресуді бастаңыз.
Прокрастинаторлықпен күресудің амалдары:
1. Ұнамайды деген жағымсыз бір шаруына таңертеңмен ерте бітіріп тастаңыз. Әрине ұйқыдан тұра сала жұмысқа кірісіңіз деп айтпаймыз, жұмысқа не оқуға барып, шаруалармен айналысудың уақыты келгенде, ең ұнамайтын істі қолға алыңыз. Бұл суға секіру сияқты: басында су терең деп қорқасыз, алайда бір ауыр қадам істі аяқтай алады.
2. Іспен бөлісетін серіктес табыңыз. Психологтар жағымсыз, ұнамайтын істі біреумен бірге істеген әлдеқайда оңай деп айтады. Мысалға қиын емтиханға дайындалу, курстық жобаны жасау не жұмыстағы қиын мәселені шешуде көмек сұрап, серіктес іздеңіз. Бірге орындалған тапсырма әлдеқайда қызықты әрі оңай болады.
3. Тапсырманы орындауға дайындықпен келіңіз. Физикалық дайындық бізді рухани да дайындайды екен. Жағымсыз жұмысыңыз үшін көмекші заттар мен құралдар сізге қажетті ниет беріп, алға итермелейді. Алдын ала істің жасалынуына дайындалған адам оны оңайлықпен бітіре алады.
4. Тізім жазыңыз. Бұл кеңес кез келген жағдайда көмекке келе алады. Жасау керек шаруаларыңыздың тізімін жазып, оны қажеттілігі бойынша сұрыптаңыз. Маңыздыларын көрсетіп, олардың орындалу мерзімдерін де жазып кеткен дұрыс.
5. Шаруаларды аяқтағаннан кейін өзіңізді мақтап, осы сәтпен рахаттануды үйреніңіз. Өзіңізді қолға алып, қорқып жүрген тіс дәрігеріне барсаңыз да, жұмыстағы қиын жобаны аяқтасаңыз да, істің біткеніне қуанып, өзіңізді мақтан тұтыңыз.
Ал сіз прокрастинаторсыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: onlinemama.com.ua
С. А