Мидың мүмкіндігі өте зор екені, оны толық пайдаланбай жүргеніміз бәріне белгілі. Бірақ, кілтипан мынада: артық білім мен ақпараттың тасқыны күшейген сайын біз миымызды керексіз заттарға толтырып, мүмкіндігін төмендетеміз.
Нақты мақсатыңызға сай келмесе, білім шартты нәрсе болып қалады. Білімнің құны – сіздің мақсатыңызға сай келуімен өлшенеді.
Әлемдік банктердің бірі білімнің пайдасын зерттей келе, халықтың орташа сауаттылық деңгейі елге кіретін кіріске әсер ете алмайтынын, керісінше, жағдайы жақсарған халықтың білім деңгейі көтерілетінін анықтапты.
Исламда, Иә, Алла, мені пайдасыз білімнен сақта деген дұға бар.
Георг Лихтинберг былай депті: Білім – от сияқты. Өмірге керек, бірақ дұрыс қолданбасаң күйіп қаласың.
Арабтың Ибн-Хәлдун деген философы былай деген: кей нәрселерді білгеннен пайда жоқ, білмегеннен зиян жоқ.
Керек жоқ білімнен құтылып, пайдалысын жинау керек.
Бірінші бөлім
Керексіз білімді қалай тануға болады?
Менің бір түйгенім: неғұрлым оңай оқылса, әрі жағымды болса, ол соғұрлым пайдасыз деген сөз. Фейсбукқа он минут отырамын деп кіресің де, бір жарым сағат отырып қаласың. Неге? Өйткені ол жерде оңай оқылатын, жағымды, бірақ пайдасыз нәрсе көп.
Комфорт пен бос уақытымыз көп болған сайын біз пайдасыз білімді көбірек аламыз.
Мұқтаждығы аз адамда артық білім көп. Бірнәрсеге мұқтаж адам кәкір-шүкірді оқуға, көруге уақыты болмайды. Жағдай жақсарған сайын, бос уақыты көбейген сайын адам керексіз нәрселерге құмарта бастайды.
Жағдай жақсарған сайын адамдар ынтасын жоғалтады, өйткені күн көріс (тірі қалудың қамы) бірінші орыннан түсіп қалады. Телеарналардың, сериалдардың көбеюі соның жанама көрінісі.
Сізге білім берді деген – сіз ол білімді алдыңыз деген сөз емес. Мақсатыңыз анық болмаса, керек білім мен керексіз білімді ажыра алмасаңыз, білім ала алмайсыз.
Жұрттың жетістігін зерттеу – қажетсіз білім жинаудың бір түрі. Сол үшін біреудің жетістігін емес, қателерін зерттеңіздер деп айтамын. Біреудің жетістігін қайталай алмау ықтималдығыңыз – 99%, тура сол секілді, оның қатесін қайталау ықтималдығыңыз – 99%. Қателік – бәріне ортақ, жетістікке жетудің жолы – қайталанбайды.
Екінші бөлім
Пайдалы білім алудың жолы
Пайдалы білім алу үшін алдымен өзіңіздің миссияңызды, мақсатыңызды анықтап алуыңыз керек. Әйтпесе керексіз ақпараттарды шаңсорғыш секілді жинай бересіз. Қайда бара жатқанын білмейтін кеме үшін бағыттас жел деген болмайды дейтін сөз бар.
Білімді өмірде қолдану керек. Яғни, практика жасау керек. Насим Талиб айтқандай, практика артық білімдерді сызып тастау арқылы жүзеге асады. Бірнәрсе істеп көресің, болмаса, ол әдіске қайтып оралмайсың. Томас Эдисонға сіз шамды ойлап табу үшін бірнеше рет сәтсіздікке ұрындыңыз ғой дегенде ол: «Мен ешқашан сәтсіздікке ұрынған емеспін, мен шамды жаға алмайтын 999 тәсіл бар екенін дәлелдедім» деген екен. Сондықтан, практика пайдасыз білімді жоққа шығару арқылы, ал теория пайдасыз білімді жинау арқылы жүзеге асады.
Йоги Берра деген кісінің сөзі бар екен: Теория жүзінде теория мен практиканың айырмасы жоқ, ал практикада (екеуінің айырмасы) бар.
Амалы жоқ білім нәтиже бермейді. Ал білімі жоқ амалдан кейде нәтиже шығады.
Егер мақсатты түрде пайдалы білім жинамасаңыз, бейсаналы түрде пайдасыз білім жинап жатырсыз деген сөз.
Дұрыс, пайдалы білім алу үшін дінге, классикаға жүгіну керек. Ертегі, жұмбақ, мақал-мәтел оқыңыз. Бұлар – жүздеген, мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан мәтіндер. Адамзат керексіз ақпаратты ұмытып, керегін ғана есте сақтап отырады.
Исламда қиындатпаңдар, жеңілдетіңдер дейді. Теория қиындатады, практика жеңілдетеді.
Процестің логикасын ұмытпау керек. Мен жетістікке жетудің логикасы туралы көп ойландым. Сөйтсем, былай болады екен. Алдымен мұқтаждық болады. Яғни, адам сол кездегі жағдайына разы болмайды. Одан соң соны реттесем деген құлшыныс пайда болады. Үшінші, амал-әрекет басталады. Төртінші кезекте сәтсіздікке ұрынады. Бесінші кезеңде қажет білімді жинай бастайды. Алтыншысында қайтадан амал-әрекет жасалады. Жетіншісінде жетістікке жетеді. Осы ретті өзгертіп, бәрін білім алудан бастау – дұрыс емес.
Үшінші бөлім
Пайдалы білім алып жатқаныңыздың белгілері туралы
Пайдалы білім алып жатқаныңыздың үш белгісі бар: саналы түрде, мақсат қойып, күш салып оқып жатырсыз. Міне, осы үш талап орындалуы керек.
Пайдалы білім деген – сіздің қиындығыңызды шешуге, немесе мақсатыңызға жетуге, я болмаса шығармашылық мүмкіндігіңізді арттыруға, я ақыл-ойыңызды дамытуға жарайтын білім. Осындай төрт белгісі бар.
Пайдалы білім алу үшін міндетті түрде күш жұмсау керек, ал керексіз ақпараттар көлбеңдеп, көз алдыңызға өзі келе береді.
Пайдалы білімді алу үшін көп ақша керек жоқ.
Қорытынды
Тындырымды (нәтиже шығарған) адам деген ең жақсы білімі бар адам деген сөз емес. Ол өзінде бар білімді ең жақсы жолмен қажетіне жарата алған адам деген сөз.
Қайталап айтайын, мақсатты түрде пайдалы білімді ізденбесеңіз, бейсана түрде пайдасыз білім жинаумен айналысасыз. Уақыттың шегі бар. Адамның бәріне тәулігіне 24-ақ сағат берілген. Қанша уақытты пайдалы білімге, қанша уақытты пайдасызға жұмсайтыныңыз маңызды. Пайдасыз білім пайдалы білімді жеп қояды. Сондықтан, сіздің табысты болуыңыз пайдалы білімді ала алғаныңызға байланысты. Оны қадағалау керек. Пайдасыз білімге алаңдамаңыз, ол басыңызға өзі-ақ кіріп кетеді.
Білім алардан бұрын, осы өмірге не үшін келдіңіз, не үшін өмір сүріп жатсыз, соны ойлап алыңыз. Пайдалы білім мен пайдасыз білімді ажырату осы сұраққа жауап беруден басталады.
Қазір қоғамда мынандай пікір бар: бақыт=жетістік, жетістік=байлық, байлық=жоғары білім. Бұл логикалық жағынан қате. Жоғары білім алсаң, жетістікке жетіп байисың, байысаң, бақытты боласың дейді. Негізі олай емес. Білім әрқашанда жетістікке жеткізбейді. Жоғары білімі бар, бірақ жетістігі жоқ адамдар өте көп. Сондай-ақ, жетістік пен жоғары білім тең емес, өйткені жетістікке жеткен бірақ жоғары білімі жоқ адамдар да өте көп. Илон Маск, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобсы бар, басқасы бар. Оларда жоғары білім жоқ, бірақ жетістіктері бар. Әрі қарай кеттік. Жетістік пен байлық та міндетті түрде қатар жүрмейді. Жетістікке жеткен, бірақ бай деуге келмейтін адамдар көп. Мықты музыкант, мықты суретші бай болмауы мүмкін. Бірақ оның жеткен жетістігі көп. Ал бірақ ешқандай жетістігі жоқ бай адамдар да болады. Қалай дейсіз бе? Оп-оңай. Байлықты мұраға алған болуы мүмкін, бай адамға үйленуі мүмкін, лоторея ұтып алуы мүмкін. Ондай да болады. Әрі қарай кеттік. Байлық болса, бақытты боласың деген де қате. Бай, бірақ бақытсыз адамдар көп. Сол сияқты, бақытты кедейлер (бай емес адамдар дейік) де өте көп.
Сондықтан, бақыт=жетістік, жетістік=байлық, байлық=жоғары білім деген қате формула. Сол үшін, жетістікке жетуге немесе білімді болуға ұмтылмаңыз. Одан да өміріңізді мағыналы етуге және бақытты болуға талпыныңыз. Ал бақытты болу үшін ақылды емес, рухты көркейту керек. Қарапайым, оқымаған адамдар шыншыл, мейірімді келеді. Білімді адам істеп қойған әдепсіз қылығына жауап тауып беруге дайын тұрады. Оқымаған адам ұялып қызаратын жағдайда жоғары білімі бар адам мән-жайды түсіндіріп береді. Бәрін ақшамен, жетістікпен өлшей алмайсыз, бірақ махаббатпен өлшеуге болады.Өте қарабайыр, таптаурын сөз сияқты, бірақ шыны сол. Бақытты адамдардың қолында ең жақсының бәрі бар деуге келмейді, бірақ олар қолында барды ұқсатып, оны ең жақсыға айналдыра біледі.
Бақыт деген жоқ нәрсеге қол жеткізгенде пайда болатын нәрсе емес, бақыт деген қолыңда барға қуана білуің. Осыны ұмытпау керек.
Марғұлан Сейсембай
Ықшамдап аударған: Арман Әлменбет