- Негізгі бет
- Психология
- Парталас досыңыз туралы...
Парталас досыңыз туралы не білесіз?
Адам баласының өмірінде түрлі дос кездеседі. Бірі бізді жақсы көргендіктен дос болса, екіншісі дәрежемізді пайдаланады, үшіншісі бос уақытын толтыру үшін ермек қылады. Өмірлік достарды өмірдің ыстық-суығын бірге көрген мектеп және ЖОО-дағы адамдардың арасынан таңдаймыз. Әсіресе, мектеп қабырғасында. Кезекті мақаламызда парталас сыныптасымыздың бізбен не үшін дос болып жүргенін анықтаймыз.
Досыңызбен ара-қатынасыңыздың қандай екенін бір сәттік ойларыңыздан-ақ байқауға болады. Ол ойлар «Ол, расымен де, менің досым ба?» сынды сұрақтармен байланысты. Бұл сұрағыңызға жауап табу үшін, оның іс-әрекетін, сөйлеген сөзін бақылап көріңіз.
1. Досыңыздың не айтып жатқанына мән беріңіз
- Ол сізді әрдайым қолдай ма? Шын дос әрдайым бақытты болуыңызға тілектес болып, жабырқаған сәттерде көңіл-күйіңізді көтереді. Ал қиналған кезде жығылғанға жұдырық болып, еш нәрсеге қол жеткізе алмайтындығыңызды айтса, дұшпаныңыз болғаны. Бірінші кезекте, әрбір айтқан сөзі сізді жігерлендіре түсуі керек;
- Сізге қошемет сөз айта ма? Сіздің сыртқы болмысыңыз бен сыныптағы жетістіктеріңізге шын жүректен қуана білуі тиіс. Қуанып ғана қоймай, қошемет сөз айтуы керек. Мүмкін, расымен де, қошеметке лайық емес шығарсыз. Оны да ойлап көріңіз.
2. Ол сізді жігерлендіруге тырыса ма? Олимпиадалық, спорттық жарыстар алдында сізге қолдау көрсете ме?
- Сізге жақтаса ма? Әрине, сіздің көңіл-күйіңізді көтеру оның міндеті емес. Алайда сізге үнемі жақтасып, жетістіктерге жетуге ұмтылдыра түсуі тиіс.
3. Ол сізді тыңдай ма?
- Шын дос сізді тыңдау үшін кез келген сәтте уақыт табады. Тыңдау барысында екі жақ ортақ ой қосып, артынша нәтиже шығаруы тиіс. Өзінің басындағы қиындықтарын айтып, кезек сізге келген кезде жалтаратын болса, оның шын дос екендігіне күмәндануыңызға болады.
Оның сізді тыңдайтынын мына белгілер арқылы анықтап көріңіз:
- Сіз ойыңызбен бөлісер кезде қандай әрекет жасайтындығын бақылаңыз. Басын изеп, көзіңізге түзу қараған болса, сізді қолдайтындығы. Ал мұның орнына телефонын шұқылап, жан-жағына қарай беретін болса, жаман дос болғаны;
- Ол сіз айтқандарды есінде сақтай ма? Жақсы дос, сіздің айтқандарыңыздың барлығын есте сақтамаса да, ең маңызды дегендерін ұмытпайды. Оның ұмытып қалуы сізді қалай тыңдағанын көрсетеді;
- Әңгіме барысында кімнің көбірек сөйлейтіндігіне мән беріңіз. Дұрысында достардың тең сөйлесуі тиіс.
4. Досыңыз сізбен бірлесіп әрекет жасай ма?
- Қарым-қатынас кез келген сезімде басты рөлді атқарады. Ол мөлдір таза әрі шынайы болуы тиіс.
Қарым-қатынастарыңыздың шынайылығын төмендегі белгілерден анықтай аласыз:
- Егер досыңызға отбасында болып жатқан қиындықтар мен басыңыздан өткен келеңсіз оқиғаларды айтып отырған кезде еш қиналмасаңыз, оның жақсы дос болғаны. Ал оған айту үшін жасқанып, менімен келіспей қоя ма деп ұялатын болсаңыз, араларыңызда байланыстың жоқтығы;
- Бір-біріңізді сөзсіз түсінгендеріңіз – жақсы белгі. Ал егер сырын сізге емес, өзге достарына айтып жүрген болса, араларыңызда түсініспеушіліктің орын алғаны анық;
- Достықтарыңыздың берік екендігін, ренжісіп қалған кезде ашық сөйлесулеріңізден байқауға болады. «Мен саған осы себепке байланысты ренжулімін...» деп айта алуларыңыз керек.
5. Досыңыз өсек сөзді жиі айта ма?
Өсекті көп айтатын досыңыз, сіз туралы айтатыны да анық. Әрине, біреудің сыртынан жақсы, жаман сөздерді барлығымыз да айтамыз. Бірақ, жиі айтуы сізді ойландыруы тиіс.
Оның сіз туралы өсек айтатындығын мына белгілерге қарап анықтай аласыз:
- Досыңыз жаңа ғана жақсы сөйлесіп тұрған адам туралы, бірден жаман сөздер айтатын болса, өзінің де жаман болғаны;
- Өзіне жақсы дос деген адамдарды сынайтындығы сізді де сынайтындығы;
- Жанында жоқ адамдар туралы ғайбат сөз айтуы жақсы белгі емес.
6. Оның немен айналысып жүргеніне мән беріңіз
Сізбен сөйлесуге уақыт бөлуге тырыса ма? Нағыз дос басында қандай жағдай болмасын сіз үшін уақыт табады. Әрине, кейде, тіпті, ұйықтап, тамақ ішуге уақыт таба алмай қалатын кездеріміз болады. Әрдайым болмаса да, ең керек деген сәттерде уақыт бөле білуі тиіс.
Оны анықтау белгілері:
- Сізбен кездесуге уәдесін беріп, уәдесінде тұрмауы;
- Өмірде бір нәрсені жасап үлгермей жатқандығын айтып, үнемі ырқына көндіре беруі;
- Досыңыздың сүйіктісі мен сізден басқа достарына көп уақытын бөлуі;
- Досыңыздың өмірінде тығыз шаруалары болуы мүмкін. Бірақ, сізбен кездесуге уақыт таба алмауы сіздің ол үшін маңызыңыздың жоқ болғаны.
7. Дәрежелеріңіз тең бе?
Шынайы достықта ауыртпалық пен жақсылық екеуіне де ортақ. Сіз жасаған қадамдарды ол да жасауы тиіс.
Достығыңызды сақтап қалуға үлес қосып жүргендеріңізді төмендегі белгілеріне қарап анықтауға болады:
- Бір-бірлеріңізге деген сезімдеріңізді бірдей көрсетесіздер ме? Әрине, барлығы құшақтасып өз сезімдерін көрсете беруді жөн көрмейді, алайда сіз құшақтаған кезде ол да құшақтауы тиіс;
- Кезегі келген кезде сіз де көмектесе білуіңіз керек. Достығыңызды сақтап қалу үшін сіздің ғана үлес қосуыңыз көп ұзамай жалықтырады. Мысалы, ол қолын сындырып алған кезде үй тапсырмасын жазып берген болсаңыз, ол алғыс ретінде сізді асханаға шақыруы немесе көңіліңізден шығатындай әрекет жасауы тиіс. Яғни сіздің жақсылықтарыңызға қаншалықты жауап беріп жүргендігіне мән беріңіз;
- Телефонмен сөйлесу үшін, бір жаққа қыдыру үшін ұсынысты бірдей тастауларыңыз керек.
8. Досыңыз сөзінде тұра ма?
Сөзінде тұрмайтын адамды жақсы адам деу қиын. Әрине, қателіктерді барлығымыз жіберетініміз анық. Алайда сізге берген уәдесін үнемі орындамайтындығы достықтарыңызды бағаламайтындығымен түсіндіріледі.
Оның тұрақсыздығын анықтау белгісі:
- Сіз үшін ең маңызды деген істерде алдап кетеді.
9. Сізбен дос болуының басқа себебі бар ма?
Әрине, өзіңізді сырттай бақылау өте қиын. Алайда досыңыздың сізбен қарым-қатынаста болуының басқа да себептері болуы ғажап емес. Мысалы:
Танымалдылық. Ол сіздің сыныптағы ең беделді оқушы екендігіңізді пайдалануы мүмкін.
Жайлылық. Сабақты көшіруге беретіндіктен немесе ата-анаңыз беретін ақшаға бола дос болуы да ғажап емес.
Зерігу. Басқа айналысатын ермегі болмағандықтан, жәй ғана дос болуы мүмкін. Оны жаңа таныс тауып сізді тастап кеткен кезде байқайсыз.
10. Сіздің оған деген сезіміңіз қандай?
Досыңыз сіздің қабылдаған шешімдеріңізді қолдамаса да, дұрыс шешім қабылдауыңызға септігін тигізуі тиіс.
Анықтау белгілері:
- Өткен шақта болған қызықты оқиғаларды еске алып, күліп алған соң өзіңізді жайлы сезінсеңіз, достықтарыңыздың пайдалы болғаны;
- Сіздің сыртқы көрінісіңізді, өзге де кемшіліктеріңізді мысқылдап, орынсыз айта беретін сындары жақсы белгі емес;
- Дұрыс әрі батыл шешімдеріңізді мақтап, құлаған сәтте тұруға көмектесуі тиіс.
11. Сіздің «маңызды» болуыңызға көмектеседі ме?
Әрине, досым екен деп жалған қошеметтерді айта беруі жөн емес. Алайда үнемі өмірде біреу үшін маңызды адам екендігіңізді ұғындырып отыруы тиіс.
Анықтау белгілері:
- Шын дос өзінің сізге жасаған жақсылықтары артық болса да, сіз көрсеткен жақсылықтарға алғыс айтып отырады;
- Сіздің айтқан ойыңыз бен сыни пікіріңіз ол үшін маңызды ма? Сіздің ол үшін маңыздылығыңызды айтқан пікіріңізді бағалауынан-ақ байқауға болады. Қажет деп тапса, қиналған сәтте сіздің пікіріңізге құлақ асады.
12. Сіздің бар болғаныңызға шын мәнінде қуана ма?
- Ортақ достарыңыздың туған күніне барып қалған жағдайда, сізді құшақтап, келгеніңізге қуанғандығын айтуы тиіс.
13. Досыңызбен бірге болған сәттерде бақыттысыз ба?
Бұл өте маңызды. Достық жалғыздықтан құтқарудың жолы емес, ол қуаныш болуы тиіс.
Жалғыз қалғанда бақыттысыз ба әлде досыңыздың қасында болғанда ма? Анықтау белгілері:
- Онымен көрісуге асығып тұруыңыз керек;
- Оның орнын туған-туысқандарыңыз бен сүйіктіңіз де алмастыра алмауы тиіс;
- Бірге уақыт өткізгенше басқа істермен айналыса алатындығыңызды ойламауға тиіссіз;
Жан-дүниеңізге құлақ асыңыз. Оның шын дос екендігі туралы ойлануыңыздың өзі, араларыңыздағы қарым-қатынастың дұрыс өрбімей жатқандығын білдіреді. Достықтың мінсіз болуы мүмкін емес, сонда да жоғарыда айтылған белгілерге қарап ойланып көріңіз.
Ал сіздің мектептегі достарыңыз қандай?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: adalin.ru
Қ. Бүйенбай