Адам өз-өзіне көп көңіл бөлмейді. Бұл – үсті-басына күтім жасау дегеннен бөлек, тұлғасына, ойына, білім көкжиегіне, адамгершілігіне қатысты күтім. Мінезімен күресіп, өзін-өзі жеңе алған адам ғана «мен өзгердім» деп айта алады. Өйткені, ол біз айтқан құндылықтарға күтім жасап жүр. Егер сіз де рухани құндылықтарға мән беріп, өз-өзіңізге көңіл бөлгіңіз келсе, мына сұрақтарға жауап іздеп көріңіз.
Басы
1. Параққа отбасыңыздың суретін салыңыз
Ата-анаңыздың, бауырларыңыздың, жарыңыз бен балаларыңыздың, өзіңіздің, үйіңіздің, күннің және ағаштардың суретін бейнелеңіз. Бұл сізді сынау үшін берілген тапсырма емес, бірақ сіз туралы белгілі бір ақпараттар береді.
– Өзіңіздің жаныңызға кімнің суретін салдыңыз? Міне, сол адам сізге шынымен де өте жақын.
– Сізден алыс тұрған адаммен мінездеріңіз үйлесе бермейді.
– Егер өзіңіздің суретіңізді биік не аласа етіп салсаңыз, бұл сіздің өзіңізге деген бағаңыздан хабар береді.
– Үй де өзіңіз туралы ақпарат береді. Ішкі «меніңіз» қандай екен?
– Үйдің терезелері көп не үлкен болса, сіздің қарым-қатынасқа ашық екендігіңізді білдіреді.
– Үйіңіздің есігі бар ма? Өз кеңістігіңізге өзгелерді кіргізесіз бе?
2. Адамзат баласы мен Жер ғаламшарының болашағы туралы қандай ойдасыз?
Егер әлем бүгінгісінен әлдеқайда әдемірек болады, бейбіт заман әлі алда деп ойласаңыз, болашағыңызға сенесіз деген сөз. Ал егер өзгеғаламшарлықтар келіп Жерді басып алады, әлем болып жатқан жанжал – тек бастама десеңіз, керісінше. Негативті ойлардан ада болған жөн.
3. Өткен түні қалай ұйықтадыңыз?
Алдыңғы сұрақ пен мына сұрақтың бірге берілгені қызық көрінетін болар. Бірақ бұл екеуінің арасында байланыс бар. Алдыңғы сұрақтан гөрі осы сұраққа жауап берген оңай болса, бұл сіздің балалық ойдан әлі арылмағандығыңызды білдіреді. "Кешегі кешкі ас дәмсіз болды, өткен түні ұйықтай алмадым" деген сөздер саналы адамға тән емес.
4. Ата-анаңызды не үшін кінәлайсыз?
Қалай ойлайсыз, ата-анаңыз жас кезінде дәл осындай болды ма екен? Олар қандай қиындық көрді? Олар туралы жақын достары не айта алады? Әңгіме олардың танымы, ойы, көзқарасы туралы болмақ.
Әрине, кей ата-аналар балаларының сәтсіздіктері мен кемшіліктері үшін өздерін сөгіп жатады. Ал сіз өз-өзіңізді жазалайсыз, кейде шынымен ата-анаңызға налисыз. Олар да бір кездері жете алмаған жетістігі үшін ата-анасына ренжіген болар. Өмір сабақтастығы деген осы, сіз де ертең балаңызға барлық жағдайды жасап бере алатындығыңызға сенімдісіз бе?
5. Махаббатыңыз қандай?
Кей адамдар сүйіктісін өз қызығушылықтарына сәйкес таңдайды. Махаббатта да сондай болуы мүмкін. Мысалы, «менің қызым мен секілді футбол жанкүйері болуы керек» деп ойлайтындар – тілек-ниеттің бір болғанын қалайтындар, «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешкісі келмейтіндер. Тағы бір тип шаруасына сүйіктісінің араласпағанын қалайды, «әркім өз бетімен» деген қағиданы ұстанады, демек жарын кеңістігіне кіргізе бермейді. Сіз қай типтесіз?
Жалғасы бар...