- Негізгі бет
- Психология
- Өзіңді сүй! ...
Өзіңді сүй!
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап
Абай
Біз, қыздар, көбіне сан алуан комплекспен өмір сүреміз. "Аяғым қысқа, көзім сығыр, шашым қатты, арықпын, толықпын" деп жалғаса беретін толып жатқан "кемшіліктің" бәрі біздің ғана еңсемізді басады. Оған мінездің кемшін тұсын қосыңыз... Бірақ ойлап көрсек, мына өмір бір-ақ рет беріледі емес пе? Олай болса, өзімізді дәл осы қалпымызда қабылдауға не кедергі? Егер "мен жақсы өмірге лайық емеспін" дей берсеңіз, ойыңыз расымен орындалады. "Мен бақытты боламын, мен бәріне жетемін" деп талпынып, алға ұмтылсаңыз, есесі қайтпас еңбек жоқ.
Өз-өзін сүю дегеніміз – өз-өзіне сенім деген сөз. Өз мүмкіндігіңізге, сіздің қолыңыздан бәрі де келетініне сеніңіз. Жетістікке жететіндер – ерік-жігері мықты, өзіне сенімді жандар. Адамның ішінде жатқан күш мықты болса, ол жарқын болашақтың кепілі болмақ. Оның бәрі адамның өз-өзін сүюінен басталады.
Ендеше, өзімізді сүюге әдеттенейік!
Бірінші жаттығу. Екі қағазды алып, біреуіне жақсы жағыңызды, екіншісіне өзіңіз нашар деп есептейтін қасиетіңізді жазыңыз. Сосын нашар қасиетіңізді жазған екінші қағазды жыртыңыз да, оның орнына "мен – сүйкімдімін" деңіз. Күн сайын таңертең осы тізімді бір жақсы сөзбен толықтырып отырыңыз.
Екінші жаттығу. Өз-өзіңізбен айқас. Күн сайын кешкі астан соң, кешегі өзіңіз бен бүгінгі өзіңізді салыстырыңыз. Міндетті түрде өткен күнді саралап, өзіңізді мақтауды ұмытпаңыз.
Үшінші жаттығу. Өзіңізді толықтай көз алдыңызға әкеліңіз. Егер жаман жағыңыз есіңізге түссе, жақсы жағыңызды ойға оралтуға тырысыңыз. Болашақтағы бейнеңізді детальді түрде құраңыз. Айналаңыздағы адамдар, үстіңіздегі киім, отырған орныңыз, орындығыңыздың түсіне дейін көз алдыңызға әкеліңіз. Өйткені адам бір нәрсені қатты қаласа, ол міндетті түрде орындалады!
Сурет: art-on.ru
Р. Роза