- Негізгі бет
- Психология
- Өзін-өзі ұстау мәдениеті...
Өзін-өзі ұстау мәдениеті
Айтылған сөз – атылған оқ. Сол себепті көңілден шыққан көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашпауы үшін әр сөзге абай болған жөн. Бұл сіздің этикетіңізден де хабар береді.
Осы орайда Massaget.kz адамдар арасында көп кездесетін қарым-қатынастағы қателіктерді тізіп көрмек.
◊ Мәселен тар үстелге бірнеше адам отырып қалдыңыз делік. Бір-біріңізге денелеріңіз тиіп, ыңғайсыз жағдайға қалдыңыз. Бұндай жағдай көбіне автобуста да болады. Ара қашықтықты сақтаңыз. Бұл сіздің өз-өзіңізді ұстау мәнеріңізді көрсетеді.
◊ Көп жағдайда жүріп жүрген қыз бен жігіттен "Қашан үйленесіңдер? Тойға қашан барамыз?" деп сұрап жатады. Бұл аса дұрыс емес. Өйткені бұл сұрақ әдетте тұрақты түрде жүріп жүрген жұпқа көп қойылады, сондықтан да олар бұл сұрақтан шаршап кетеді. Үйлену керектігін екеуі де түсінген жағдайда олар сіздің сұрағыңызсыз-ақ отау құрар еді. Үйленген жұптан: "Жаңалық бар ма?" деп сұрау да осы қатарға жатады. Дұрысы бұл сұрақтарды қоймағаныңыз жөн.
◊ Адамның дене-тұрқына қатысты сұрақтар қашанда қисынсыз болған. Мәселен: "Брекетті қанша теңгеге салдырдың?", "Линза тағып жүргеніңе қанша болды?", "Көзілдірігің минус па, плюс па, минус болса қанша?", "Протез тағып жүрсің бе?", "Диетадасың ба?" сияқты сұрақтар мен толықтық пен арықтыққа қатысты талқылаулардан аулақ болыңыз.
◊ Жігітіңізді (қызыңызды) біреуге жамандау, оны нашар адам қылып көрсетуге тырысу да сіздің мәдениетіңіздің төмендігін білдіреді. Өйткені отбасы болған соң адамдар екеуіңізді бір адам ретінде қабылдайды. Жартыңыздың кемшілігін айтып, жұртқа күлкі ету өзіңізді күлкі қылып тұрғанмен бірдей.
◊ Көшеде супермаркетің пакетін ұстап жүру мәдениеттілікке жатпайды. Супермаркеттің пакеті сатып алынған тауарды үйге жеткізу үшін ғана керек. Ал оған басқа зат салып, сөмке ретінде қолдану дұрыс емес.
◊ Үйде жүргенде көбіне қалай-солай киінеміз. Халат пен жатарда киетін киім (пижама) үйге жарай береді деген түсінік бар. Шын мәнінде халат жуынып шыққан соң тоңып қалмау үшін киюге арналған, ал пижама аты айтып тұрғандай ұйықтағанда киетін киім. Үйде көзге қатты түспейтін қарапайым түсті ыңғайлы киім кигеніңіз дұрыс.
◊ Сән ережесі бойынша өн-бойыңыздағы әшекей саны 13-тен аспауы керек. Әшекейдің қатарына киімдегі жарқыраған тиек секілді ұсақ-түйектер де кіретіні қаперіңізде жүрсін.
◊ Кейбір жігіттер лифт ішінде мәдениеттілігін көрсеткісі келіп, жол беріп жатады. Сол арқылы қыстырылып, ыңғайсыз жағдайда қалуыңыз мүмкін. Лифтте кім есікке жақын тұрса, сол бірінші шығады.
◊ Бүгінде адамның істейтін жұмысына қызығушылық білдіру, алатын жалақысының мөлшерін ашық сұрау кең таралып кеткені рас. Әсіресе елдің көзінше: "Айына қанша аласың?" деп сұрау мәдениеттіліктің белгісі емес. Ақшаға қатысты сұрақтарға абай болыңыз.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: bloggerdoc.com (Материал авторы өңдеген)
М. Оңғарова