Өзін-өзі бағалау – өзгелердің пікірі арқылы және өзіне сырт көзбен қарау арқылы деңгейін анықтай алуы. Адамның өзіне берер бағасы, сенімділігі жоғары болса, кез келген қиындықтан оңай шыға біледі. Өзін-өзі бағалауы тұрмыстық жағдайға, білім дейгейіне де байланысты болуы мүмкін. Адамның өзіндік «Мені» жоғары болғанда ғана өзін-өзі бағалауы да жоғары деңгейде болады. Ал «Мен» шектен тыс көп болса, тәкаппарлыққа тіреледі.
Өзін өзі бағалау деңгейіңізді анықтау үшін кеше осы суреттегі бөлімдерді 1-10 ұпаймен бағалау ұсынылған болатын.
Денсаулық. Денсаулығыңыз қалай? Еш жеріңіз ауырмай ма? Өз денсаулығыңызды неше ұпаймен бағаладыңыз? 8 бе әлде 9 ба? Бұл деңгейде болу үшін соңғы рет дәрігердің тексерісінен қашан өткеніңізді еске түсіріңізші. Денсаулығыңызда сіз білмейтін ақаулар да бар шығар, кім біледі? Қарсы айтар уәжіңіз болмаса, қойған ұпайыңызды түсіруге тура келеді. Мүмкін 5 не 6 шығар.
Білім. Бұл бөлім неше ұпаймен өлшенді? Бәлкім 7-8 берген шығарсыз. Диссертация қорғап па едіңіз? Бар кітаптың барлығын оқып, шетіне жеттіңіз бе? Әлем әдебиетінен ше? Салт-дәстүрден не білесіз? Тым құрығанда анаңыз білетіннің барлығын сіз де білесіз бе? Алда білуіңіз керек жайттар және осыған дейін білгеніңіз – қайсысы көп? Мүмкін бұл бағаны да азайтарсыз.
Ақша. Тапқаныңыз толыққанды өмір сүруге жете ме? Келесі табыс түскенше артыла ма, жетпей қала ма? Ата-анаңызға ақша жіберіп тұрасыз ба? Ал қайырымдылыққа қанша бөлігін арнайсыз? Алдыңғы қойған ұпайды өзгерткіңіз келе ме?
Үй... Мансап... Демалыс... Осылай жалғаса береді. Барлығына енді өзіңіз сын көзбен қарап, шын бағасын қойып көріңіз. Барлық ұпайды қосып есептеңіз. Алдыңғы есебіңізден аз ба, көп пе?
Көзбе көз отырған адамға кемшіліктерін айтып, өзін өзі бағалауын төмендетсе, әңгіме 2-3 сағатқа да созылуы мүмкін. Оқырмандармен виртуалды өмірде ой бөліскендіктен осылай қысқа қайыруға тура келеді.
Көпшілігінде өзіне қойған ұпайы дереу құлдырайды. Демек тренинг те мақсатына жетеді. Ал бұл талаптарға қарсылық танытып, осы өміріме ризамын дейтін болса, өзін өзі бағалау деңгейі тұрақтанып, өз орнын біледі деген сөз. Аталған он қажеттілік ішінде білімнен басқасына қанағат, шүкіршілік деп, берген бағамызды түсірмеуге де болар еді.
Ал сіздің соңғы ұпайыңыз неше болды?