Өзін-өзі бағалау қасиетін қалыптастыру

Өзін-өзі бағалау қасиетін қалыптастыру
Фото: Массагет

Адамның өзін-өзі бағалауы – өзін түсініп, қалай бар солай қабылдап, жеке қасиеттеріне нақты баға бере білуі. Нақты баға беру дегеніміз – өз бағаңды кемітіп не арттырып қою емес, өз-өзіңе іштей әділ болу.

«Мен өзімнің түк білмейтінімді білемін, кейбіреулер оны да білмейді» деп философ Сократ айтқандай, мен бәрін білемін, мен ақылдымын, басқалар түк білмейді деп кеуде соғу өзіңе дұрыс баға беру емес. Өзін-өзі бағалауым төмен деген адамдар да қателесуі мүмкін. Бір жағынан ол өзін іштей мықты сезінеді де, басқалар неге соны көрмейді, мойындамайды деп қынжылады. Ал шынымен де өзін бағалауы төмен болса, ол мұны өзі білмеуі де мүмкін. Өзіңнің нақты бағаңды түсіну үшін өзіңді өмір бойы зерттеп өтуің керек.

Өзін-өзі бағалаудың екі түрі бар. Бірі тұрақты, екіншісі ауыспалы. Тұрақты өзін-өзі бағалауды өзгерту қиын, ол кішкене кезден қалыптасқан ұғым. Біреу сізге киім таңдау білмейсің, талғамың онша емес десе, шынында дұрыс айтты ма, жоқ бұрыс айтты ма деп ойланып қалуыңыз мүмкін. Ал егер сен ақша санай алмайсың десе, оған еш ренжімейсіз, себебі өзіңіздің ақшаны санай алатыныңызды жақсы білесіз. Міне, осы өзін-өзі бағалаудың тұрақты түрі. Ал үнемі пісіріп жүрген тортыңыз 1-2 рет ойдағыдай піспей қалды делік, тура сол кезде біреу сізге қолыңнан түк келмейді екен деп айта салса, өзін-өзі бағалау деңгейіңіз бірер уақытқа болса да төмендеп қалуы мүмкін, бұл ауыспалы түрі.

Әдетте оқу бітірмеген, қолында дипломы болса да арманындағы жұмысқа орналаспаған, жасы жетсе де отбасы құрмаған адамдардың өзін-өзі бағалауы тұрақталмайды. Себебі әлі қоғамдағы нақты орнын, әлеуметтік статусын анықтай алмай жүр. Мен осындай шаруа тындырдым, осынша жетістікке жеттім деп айтатын нәрсесі саусақпен санарлық. Осындай санадағы дағдарыс барлығының басынан өтуі мүмкін. Өмір жолында әркім өткергені де дұрыс. Өмірге деген көзқарасы өзгеріп, сұрақтары көбейіп, олардың жауабын іздеп, санасында сапырылыс орын алып, соңында дүниетанымы біршама кеңиетіндей деңгейге жетеді.

Кішкентай баланың "айнасы" – айналасы, қоршаған ортасы болады. Ол "сен мықтысың, сен ақылдысың, сен әдемісің" деген сөздерді күнделікті естіп жүреді. Өсе келе мұндай мақтаулар азаюы мүмкін. Жасөспірім шағына не 21-22 жасына дейін осылай өзін-өзі бағалауы ақырындап қалыптасады да, ары қарай тұрақтала түседі. Ал осы жастан асып кетсе де адам өзінің нақты кім екенін, қолынан не келіп, не келмейтінін білмейтін болса, оған қағаз бен қалам көмекке келуі ықтимал. Қолға қалам алып нақты қандай істерден жаныңыз рақат табатынын ойға алып жазып көріңіз. Қандай істерге икемді екеніңізді де тізіп шығыңыз. Қандай дағдыларды білсеңіз, өзіңізді жақсы сезінер едіңіз. Қажетті машықтарды игерген сайын, мысалы киім тігуді, блог жүргізуді, кәсіби массаж жасауды, суда жүзуді үйренгім келеді деп жазып қойсаңыз, бұл өнердің әрқайсысын игерген сайын өзін-өзі бағалау деңгейіңіз арта түседі. Оған ғарышқа ұшу деген секілді орындалмас қиялдарды қоссаңыз дұрыс болмайды, нақты қол жеткізе алатын машықтар болғаны жөн.

@. @assel_assanova