- Негізгі бет
- Психология
- Өзін кінәлі сезінбейтін...
Өзін кінәлі сезінбейтін адамды қалай кешіруге болады?
Күнделікті өмірде жіи кездесетін жағдайды елестетейік: адам сізді қатты ренжітті, бірақ өз әрекетінің дұрыс емес болғанын түсініп, сізден кешірім сұрады. Сіз оны кешіріп, тақырыпты жабасыз немесе жүрегіңізде ренішті сақтап жүресіз. Бұл жағдайдың стандартты дамуы. Ал егер адам өкінбесе және тіпті, кешірім сұрауды жоспарламаса, не істеу керек?
Психолог және психотерапевт Харриет Лернер өзінің «Мен бәрін түзеймін» кітабында реніш қаншалықты қатты болса, ренжіткен адамның мойындауын алу мүмкіндігі соншалықты аз болатынын жазған. Харриеттің ойынша, ұялу жоққа шығаруға әкеледі. Бірақ бұл лайықты кешірімді ала алмауыңыздың жалғыз себебі емес. Мұндай кезде өзімізді қалай ұстауымыз керек? Себебі өз сөздері мен әрекеттері үшін өкінбейтін адамды кешірудің еш мәні жоқ сияқты. Бірақ оны кешіру керексіз.
1-кеңес: Ой өрісіңізді кеңейтіңіз
Достасу екі адамның қатысуын талап етеді, ал кешіруге біржақты келісім де жеткілікті. Ол адаммен қатынасыңызды қалыпқа келтіруге тырысып, келіссөз жүргізудің еш қажеті жоқ. Адамды кешіресіз бе әлде жоқ па, ол тек сізге және бұл жағдайды сіз қалай көретініңізге ғана байланысты. Кешіру достасуға бір қадам десек болады, бірақ сіз ол жолмен ары қарай баруға міндетті емессіз.
Кешірудің басты артықшылығы — барлық жағымсыз сезімдерді жібере алу. Психолог Фред Ласкин өзінің «Мәңгіге кешіру: саулыққа және бақытқа деген сенімді жол» кітабында ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша, кешіру бойынша тренингтер ызаланғыштықты және депрессияны төмендететінін, оптимизм деңгейін мен эмоционалды сенімділікті арттыратынын жазған.
Сондай-ақ реніштерді жібере алатын адамдар физикалық және психологиялық денсаулық проблемаларына аз шалдығады және күйзелісті жеңіл өткереді.
Әдетте, жанжалдарды шешу үшін бәрі дұрыс секілді, ешқандай ұрыс немесе түсініспеушілік болмағандай түр жасайсыз. Ал егер оны кешірсеңіз, сізге өтірік түр жасаудың қажеті болмайды. Сіз біреуді кешірсеңіз, бұл ары қарай онымен араласу керек деген сөз емес. Бірінші кезекке ішкі өзгерістерді қойыңыз: негативтен арыласыз және жан-дүниеңіз бұрынғыдай ауырмайды.
2-кеңес: Басқалар үшін емес, өзіңіз үшін кешіріңіз
Кешіруді жиі шегіну ретінде қабылдайды. Оған қоса, ол адам өзін кінәлі сезінбесе, оған мейірімді болғыңыз келмейтінін түсінеміз. Бірақ сіз оған кешіргеніңізді айтудың қажеті де жоқ. Ол тек санаңызда болса жеткілікті. Мұндай әрекеттің артықшылықтары көп. Психологиялық білім беру профессоры Роберт Энрайт бірнеше зерттеуге анализ жасап, мынадай қорытындыға келеді: ренжіткен адамдарын кешіргендерде ашу, мазасыздық және депрессия көрсеткіштері төмендеп, өзін-өзі бағалауы және жарқын болашаққа сенімі артқан.
Кешіру — «дәрі». Оны дәрігердің ұсынысы бойынша емес, өз қалауыңызша қабылдайсыз. Кейде ашу және реніш ары қарай жылжуға кедергі келтіреді, сондықтан жағдайды жібере алу маңызды.
3-кеңес: Қорқыныштың жолға тұруына мүмкіндік бермеңіз
Адам өзін кінәлі сезінбесе және шын жүрегімен кешірім сұрамаса, ашудан және реніштен арылу қиын. Біреуді кешірсек, өз принциптерімізден бас тартамыз, оның пікірімен келісеміз немесе бізбен осылай істеуге болатынын мойындаймыз деп қорқамыз. Бірақ ашудан барынша жылдам арылған жөн. Ыза мәңгілік серігіңізге айналса, не істейсіз? Бастапқыда ол жеке дамуыңызға «қозғалтқыш» болып, күш сыйлауы мүмкін. Бірақ кейін күшіңізді сора бастайды. Себебі үнемі бір жағдайды ойлай бересіз, оны уайымдай бересіз. Ал ол шаршаңқылыққа, апатияға және тіпті, депрессияға әкелуі мүмкін.
4-кеңес: Кешірім уақытты талап етеді
Кешіру — бірреттік әрекет емес, күрделі процесс. Бүгін сізді ренжіткен адамды кешіресіз, ал ертең барлық жиналған ауыртпалық жоқ болып кетеді және сізге зиян келтірген адамды кең пейілмен қарсы аламын деп ойламаңыз. Ол біраз уақытты қажет етеді. Бізбен болатын барлық нәрсе бізге тәжірибе береді. Ол жақсы да, жаман да болуы мүмкін.
А. Жапатова