Мо Янь — қазіргі қытай жазушысы. 1955 жылы 17-ақпанда ҚХР-ның Шаньдун провинциясында туған. Мо Янь — қытай тілінен аударғанда «үндеме» дегенді білдіретін лақап аты. Шын есімі – Гуань Мое. «Қызыл гаолян» фильмі түсірілген роман авторы ретінде танымалдыққа ие болған соң, оның шығармалары әлемді шарлап кетті. Гонконг ашық университетінің құрметті филология докторы. 2012 жылы бүкіл әлемдік Нобель әдебиет сыйлығын иеленді. Автордың жақында жазған күнделігінің бір парасын Қытайлық қандасымыз, әдебиетші Нұргүл Құмарқанқызының аудармасымен жариялап отырмыз.
Өзімізді ұнатпайтын адамдарға қалай қарасақ болар. Бұл өмірде жасайды екенбіз, кейбір адамды ұнатпай қаламыз, дәл сол сияқты бізді жаратпайтын адамдар да кезігеді. Бұл төтенше қалыпты құбылыс, оның үстіне өзің қанша керемет болсаң да, немесе қарсы жағың қанша үздік болса да, әйтеуір саған немесе оған ұнамайтын бір себеп кездеседі. Өйткені жақсы болу-болмау өз алдына, ал ұнату-ұнатпау өз алдына.
Басқаларға жақсы көрінемін деп зорланудың қажеті жоқ, бұлай еткенде елдің алдында абыройдан айырыласың. Осы болмағанда маған бір көз қырын салып қояр ма екен дейтін ойдың жетегінде елдің алдына барып, барынша бүгежектеп, жарамсақтануға болмайды. Адамдар арасындағы қатынаста бір-бірне ұқсас мәмле жасай алмаса, шынайы тепе-теңдік дегеннен ауыз ашуға келмейді. Сен елге жарамсақтанған сайын, ол тіпті де такаппар қарайтын болады.
Ұнататын адамыңды жақсы адам деп, ал ұнатпайтын адамыңды жаман адам деп қараудан сақтан. Біреуге сынай қараған сайын, қате тұжырым жасап алатын боласың. Қабаған иттің бәрін жаман ит деуге келмейді, үйткені адам қабудың өзі иттің табиғаты ғой. Сосында қарсы жағымызға барлай қарап, сынай қалған кездерімізде, өзіміздің кемшіліктеріміз бен олқылықтарымызды да көретін болайық.
Әрине шексіз ұнату пайда болғанда бейне өзіңмен өзің қауышқандай әсерге бөленесің. Қарсы жағың үшін құлпырған гүлдей ашылып, қарсы жағың үшін барыңды атауға дайын тұрасың. Ал осының барлығына еш қандай себеп қажет емес. Осындай кездері көңілің, әуесің, мінез-құлқыңның қарсы жақпен ұқсастығынан барып көңіл табысып кеткен болсаң, онда мұны әдеттегідей ғана ұнату дейміз, ал жан дүниең тоғысып, көңілден көңіл нәр алып, жүректің терең түкпірінен қабылдап, еш уәдесіз-ақ қарсы жағыңды мәңгі күтуге дайындалған болсаң – мұны сүю дейміз.
Бұл бір аса тылсым да сиқырлы өзімшілдік идеяның қалыптасу барысы болып табылады. Яғни, оның барлық ісі қанша қате болса да, сен үшін алып қарағанда төтенше дұрыс болып сезіледі. Кей кездері біреу үшін босқа телміресің, кей-кездері адал жүрегіңді алып шығып, оның көз алдында көрсетіп тұрсаң да, көз қиығын салып қоюға да ерінеді. Егер қарсы жағыңды ұнатпаған екенсің, онда оның алдында өтірік бейне байқатып, көлгірсімей-ақ қой. Өйткені жалғанның аты жалған, қарсы жағыңның жүрегіне қаяу салып, арылмас мұң арқалатып кетуің мүмкін.
Сосын, бұл өмірдегі ең ақымақтық іс – өзіңді ұнатпайтын адамға барып, одан неге ұнатпайтын себебін сұрау. Ол ұнатпаған екен, онда ұнатпағаны, бұған еш қандай себептің қажеті жоқ. Бір ауық боран соғып өте шықты деп білсең болғаны, үстіңе қонған шаң-тозаңды қағып таста да, бұрылып жолыңа түс. Өзіңді ұнатпаған осы адамды есіңнен шығарып жібер.
Адам бұл өмірде істеуге тиісті ең мағыналы іс – өзін ұнататын адам үшін өмір сүру. Міне бұл ең жақсы позиция. Өзіңді ұнатпайтын адамның қасында шаттығыңды тонатып алып, өзіңді ұнататын біреуге кезіккенде, шаттық дегеннің не екенін ұмытып қалып жүрме!
Қолға тұрмайтын арманды қуалай берме, сен ол үшін шаршасаң, бәлкім ол сенен бетер шаршап жүрген болар. Тоқтай қалшы, өткеніңді ұмытып кет. Сонда барып сенің осы істеріңе бола аспан аударылып түсе қоймайтынын, кім-кісінің де өз тәлейі өзінде екендігін байқайсың.
Барлығымыз фәни дүниенің азабы мен тозағына тоғытылып, қажып барамыз. Кейбіреу сені сүю үшін жаралған, ал кейбіреу тек саған бір-екі сағаттық сабақ беріп қою үшін ғана келген. Олар жөнінен алғанда сенің жүрек қаныңды сарқа жұмсағаныңның барлығы түкке тұрғысыз нәрсе саналады. Ал кейбіреуге нәлет жаудырып, лағынет айтқаныңмен, оның бақайынан да келмейді. Жақсы көру мен жақсы көрмеу бір-бірімен мәңгі отаспайтын екі ұғым емес, қайта бір-бірімен байланысты болады.
Өмір атты алып ағыста сенің де бақытың бір арада тосып тұр. Өзіңді ұнатпайты адамның қасында немесе өзің мүлде ұнатпайтын адамның қасында көңілсіз тірлік кешкенше, сол бақытыңды іздеп табуға құлшын! адамды шаттыққа бөлейтін іске де өте обыр болма, тек өз бақытыңды таба алсаң ғана жеткілікті.
Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы
Дереккөз: baq.kz