Өзімді-өзім тәрбиелеймін!

Адамның нағыз тәрбиешісі - өзі. Өзіңді өзіңнен артық кім білсін? Не керегін, жанның не қалайтынын білеміз. Ендеше неге басқа біреудің келіп, ақыл айтып, өмірімізді өзгерткенін күтіп отыра береміз? Бүгіннен бастап өзімізді-өзіміз тәрбиелеу сабағын жүргіземіз!

Бәріне мұқият болыңыз! Айналаңызда болып жатқанның бәріне бей-жай қарамаңыз. Өзіңізге қатысы жоқ дүниеге бас сұқпасаңыз да, бәрін бақылауда ұстаңыз. Жан-жағыңызда болып жатқан оқиғалар жаңа идеяның туындауы мен өмірлік тәжірбие жинауға көп көмек береді. Басыңызға келген бірде-бір идеяны кері қайтарушы болмаңыз. Әрине, ол түкке тұрғысыз болмаса... Егер оны бірден жүзеге асыруға тура келмесе, бір жерге жазып қойыңыз! Оған бір күні болмаса, бір күні бас бұрасыз. Өзіңізге керектің бәрін сырттан алыңыз. Өйткені жұрттар қателесіп жатыр, ағат басып жатыр, алдап жатыр, өкініп жатыр, жылап жатыр... Осының бәріне тура көзбен қарап, жақсысы мен жаманынан сабақ алуға тырысыңыз! Үнемі өзіңізбен бірге журнал немесе кітап алып жүріңіз. Әрине, тек сізге олар қиын жағдайда көмектесе алар болса... Күнделікті өмірде көрген-білгеніңізді, болашақта керек болар деген нақыл сөздерді түртіп жүрер қойын дәптер алып жүріңіз. "Уақыт жетпейді ғой" дегеннің өзінде күніне 30 минут уақытыңызды кітап не газет-журнал оқуға бөліңіз. Үнемі ойланып жүріңіз! Бұл мидың жаттығуы деп біліңіз. Ойсыздардан қорқыңыз. Көбіне бұлақ суын ішуге тырысыңыз. Сөзіңізден ісіңіз көп болсын. Нақыл сөздер мен қанатты сөздер жинағын жиі оқып тұруға тырысыңыз. Өйткені онда сіздің бар әрекетіңіз бен өміріңіз жазылған. Өзіңіз өзіңізге бухгалтер екеніңізді ұмытпаңыз. Кіріс пен шығысты қатаң бақылауда ұстаңыз. Интернет-материалдарды көп оқуға тырысыңыз. Оқып қана қоймай, бір қорытындыға келіңіз! Бір істі орындау үшін өзіңізге нақты уақыт беріңіз! Ұйқыны ренжітпеңіз: Ерте жатып, ерте тұрыңыз! Достықты алдыңғы қатарға қойыңыз. Дос болғанда да, нағыз дос! "Махаббат ше?" деп отырсыз ба? Оны да елеусіз қалдырмаңыңз, әрине. Онсыз бола ма? Тек сіздің кетуіңізге жол берген адамға қайта бармаңыз! Сыйлаңыз, сыйлатыңыз!

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: facebook.com