Күнде қайталанатын бір тірліктен жалығатын кез болады. Ондай сәтте өміріңізге өзгеріс әкелуден қорықпаңыз. Өмір қамшының сабындай қысқа, осыны үнемі жадыңыздан шығармаңыз. Уақыт қайтып оралмайды. Әр минут енді қайтып келмейді, сондықтан оны барынша көңілді, бақытты етіп өткізуге тырысыңыз. Ең алдымен өз-өзіңізге үңіліңіз. Нені дұрыс істеп жүрсіз? Қай әрекетіңіз қате? Жаныңызға жақын жандарға жеткілікті түрде уақыт бөліп жүрсіз бе? Егер тіршіліктің шырмауынан шыға алмай қалғаныңызды түсінсеңіз, бос уақыт тауып, өз өміріңізді қызықты етуге кірісіңіз. Армандаңыз. "Менің өмірімдегі ең бағалы нәрсе не?" деп өз-өзіңізден сұраңыз. Өзіңіз қалағандай өмір сүріп жатырсыз ба?
Жер бетіндегі мыңдаған адам бүгін таңның қалай атқанын көре алмады. Сондықтан күліңіз, қуанышқа бөленіңіз. Өмірдің қатып қалған ережелерін бұзып, өз қағидаңызды орнатудан қорықпаңыз. Қоғамға қарсы тұрмаңыз, қоғаммен бірге болыңыз, бірақ, көптің арасынан дараланыңыз. Бақыт деген – жан тыныштығы. Қалтаңызда қомақты қаражат болмаса да, жүрегіңізде құшақ-құшақ қуаныш тұрсын. Өз-өзіңізбен үндессеңіз, жалғыз қалғанда жаныңыз жүдемесе, өміріңіздің ақ жолағы көп болғаны.
Әркімнің өз өмірі – өз қолында. Еңбектенсеңіз, жемісін жейсіз. Ал жалқаулық жар бермесе, соған сәйкес күн кешесіз. Күн нұрын барлық адамға бірдей төгеді. "Қазіргі өміріме көңілім толмайды, мен бұған лайық емеспін" десеңіз, арманыңыздағы өмірге қарай қадам басыңыз. Бәрі кейде тым әділетсіз сияқты көрінеді. Әділет орнатыңыз! Өзгеруді өзіңізден бастасаңыз, сізді қоршаған әлем де өзгереді...