Қаншалықты санаспайтын адам болсаңыз да, өзгенің, сырт көздің пікір, сыны сіз үшін әсер етпей қоймайды. Ал егер оған үлкен мән берсеңіз, тіпті өміріңізді де өзгертесіз. Адам баласы әр кезде, әр жерде өзінің сыйлы, құрметті болғанын қалайды. Бірақ бәріне бірдей жағу мүмкін бе?
Бастысы – өзгенің пікірін тыңдаңыз, бірақ оған үлкен мән берудің қажеті жоқ. Осымен мақаламызды аяқтауға да болатын сияқты. Бірақ мәселенің күрмеуі оңай шешілмейтінін сіз бен біз біліп отырмыз.
Адамдар сіздің әрбір ісіңізге соншалықты мән беріп қарай бермейді
Сіздің айналаңыздағы адамдар өз істерімен әуре. Өз ойлағандарын жүзеге асырып, мақсатына қол жеткізу үшін жүр. Әрине, олардың өз өмірі бар және оларға сіздің өміріңіз тек екінші кезекте ғана маңызды бола алады. Ал егер өзгелермен бір көзқараста болып қалып жатсаңыз да, мойындаңыз, мұндай жағдай сирек болады емес пе? Мәселен, қандай киім киіп жүргеніңізге айналаңыздағы адамдар қаншалықты мән беріп жүр? Ал бірақ сіз күнде таңертең «Не киемін?» деген мәселеге тоқталасыз. Ойланып көріңіз, сіздің кірлеген жейдеңізді немесе сыныптасыңыз немесе әріптесіңіздің балағы кірлеп қалғанын жұрт қаншалықты байқап отыр? Бұған бірінші кезекте сіз ешқандай да уақыт жоғалтпай, тіпті бас та қатыруға келмейтін іс деп қарайсыз. Міне, айналаңыздағы адамдар да дәл осындай.
Бұл сізді толғандырмауы керек
Сіз туралы елдің не ойлайтыны – өздерінің ісі. Сіз туралы ойға сіздің араласуыңыз да қажет емес. Ал егер де өзіңіз туралы естіген өзгенің сөзі болса да, бір пікір сізді өзгертіп жібере алмайды. Бірақ сол пікірге қаншалықты мән берсеңіз, сіз соншалықты оның пікіріне тәуелді екеніңізді ғана көрсетесіз. Мұндай жағдай сізде болмауы керек емес пе еді? Сіз өзгенің пікірін басқара алмайсыз, сондықтан да өзгенің емес, өз басыңыздағы мәселелерді шешіп алғаныңыз орынды болмақ.
Сіз сияқты адам табылмайды
Иә, сіздей, дәл сіздей адамның табыла қоюы екіталай. Осыны мәңгіге есіңізде сақтаңыз. Қоршаған ортаның көзқарасы мен пікіріне қолайлы болуға асықпай, өз діттегеніңіз бойынша өмір сүріп көріңіз. Егер сіз өзгенің пікірімен, сіз туралы ойларымен өмір сүретін болсаңыз – өзіңізді жоғалтып аласыз. Есіңізде сақтайтын тағы бір жағдай – сіз жалғызсыз, олар – көп. Ақырында бәріне бірдей жағып болмайсыз. Қандай керемет адам болсаңыз да, сізге көңілі тартпайтын (іштей болса да) адамның болуы заңдылық. Бұл – өмір.
Оның орнына өз меніңізді жоғалтпай, бұл әлемде сіз сияқты адамның жоқтығын біліңіз. Бірегейлігіңізді жоғалтпаңыз. Өзіңізді құрметтеп үйреніңіз. Сонда ғана сізді өзгелер құрметтей бастайды.
Бірақ неліктен сіз оларды әлі де тыңдайсыз?
Өзге біреу сіздің пікіріңізге қарсы болса немесе ойыңызбен келісе алмаса өміріңіз өзгеріп кете ме? Сізге айтылған сынның әрқайсысына түзеле берсеңіз, әрине, құбыжыққа айналып кетуіңіз де мүмкін ғой? Себебі сын айтатындар өте көп. Ал орынды сын айтатындар тек ілуде біреу ғана емес пе еді? Сізге айтылған теріс көзқарастарға алып-ұшып қарсы шықпай, әліптің артын бағуға болатынын ескеріңіз. Сын айтқан адамның сөзі, делік, бір апта өткен соң соншалықты маңызды бола ма? Міне, осы мәселені қайта бір ойластырып көргеніңіз абзал.
Сіз телепат емессіз
Егер сіздің қандай да бір ғажайып, адам сенбейтін қасиеттеріңіз болмаса адамдардың ойына кіріп-шыға алмайтыныңыз белгілі. Сіз де, біз де қарапайым адамдармыз. Ал біз сияқты қарапайым адам өзгенің басында қандай ой-идеялар барын қайдан анықтап алмақпыз? Мұндағы басты проблема – өзгелер тек сіз жайлы ғана ойлайды деп алдануыңызда. Мұның қате екенін енді аңғарып отырған шығарсыз? Өзгенің пікірімен сол адамдардың ойын оқып қоя алатын адамдар-ақ санаса берсе қайтеді?
Осы күнмен өмір сүріңіз және өзіңіз туралы шындықты ойлаңыз
Әр күні қандай көңіл-күймен жүретініңіз тек сізге байланысты екенін де естен шығармаңыз. Егер қоғамның сіз туралы жаман ойлап қалмауы үшін алаңдап, уайымға салынатын болсаңыз сол күніңізді босқа жұмсадым дей беріңіз. Бұл туралы ойламаңыз. Сіз туралы жаман ойлап қалу уайымынан арылыңыз. Сонда ғана әр адамның өз пікірі болатынын және әр кәлладағы бір оймен санасу-санаспауды өзіңіз шешетін боласыз.
Сізді түсінетін адамдармен жақын болыңыз
Қолдау бәрімізге де керек. Сізді қиын сәттерде қолдап, қолтығыңыздан демей алатын адамдардың болғаны жақсы, әрине. Енді ойланып көріңіз: өзгелерге мойынсұнып, ойдағы арманыңыздан бас тартасыз ба, әлде өз арманыңызға қол жеткізу үшін бәріне де барасыз ба?
Өзгелер де сырт көздің пікірімен санасады
Тек қана сіз емес, өзгелер де сырт көздің пікірімен әрқашан да санасады. Соның ішінде сіздің де пікіріңізбен санасады. Мұндай жағдайда сізге сын айтқан адамның орнында болып көруіңіз керек. Сонда ғана түсіністік орын алмақ.
Ал сіз өзгенің пікіріне тәуелдісіз бе?
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: www.psyh.ru