- Негізгі бет
- Психология
- Өзгенің өмірін талқылауға...
Өзгенің өмірін талқылауға неге құмармыз?
Адам өзі байқамаса да әйтеуір біреу туралы пікірін білдіріп, іс-әрекетін талқылап отырады. Жан баласы туралы пікір білдірмеймін дейтін адам кем де кем шығар. Мұндай жағымсыз әрекетке не себеп және мұны қалай тоқтатамыз?
Адамдар көбіне басшылыққа ұнау үшін әлдекімді әңгіме етеді. Біреуді кінәлап, оны түкке тұрғысыз екенін, бар қателікті мойнына алуын жүктейді. Мәселе өз ұпайына шешілуі үшін басқаны құрбан етеді. Яғни өз істегенін мойнымен көтере алмағандықтан, барлық іске басқаны кінәлі етіп, өзін судан таза, сүттен ақ етіп шығарғысы келеді.
Өзін өзі бағалауы төмен адамдар көпшілік ортада ешкім менің сөзімді құлағына ілмейді, маған көңіл бөлмейді деген оймен өмір сүреді. Олар өзінің нақты бағасын біліп, өзіне деген сенімділігін арттыру үшін психолог кеңесіне не психология кітаптарына жүгіну орнына, өзгелерді өзінен төмен көрсету арқылы өз бағасын арттыруды қалайды. Өзінен де мықты адамдар бар екенін іштей қабылдай алмай, өзгелерді өсектеп, әлсіздік танытады.
Кейде тіпті жаныңызда біреу отырғанда, жай ғана үнсіздікті бұзу үшін әңгіме бастап, ары қарай біреудің сыртынан қалай әңгіме айтып кеткенін адам өзі білмей қалуы мүмкін. Тіпті әңгіме қылып отырған адамы туралы ешқандай бөтен ойы болмаса да, әңгімелесіп отырған адамының көңілі үшін ғана оның сөзін қолдаған адамдай өсекке орын беруі мүмкін.
Бұл әдетпен қалай күресеміз?
Өзіңізді бақылауға алыңыз. Әлдекім туралы жағымсыз пікірді айтайын деп жатқанда өзіңізді дереу тоқтатып, үндемей қалыңыз. Содан соң санаңыздан негатив пікірдің барлығын жойып тастаңыз. Бастапқыда үйрене алмауыңыз мүмкін, кейін автоматты түрде үндемей қалуға дағдыланып кетесіз.
Өзгелерді де тоқтата біліңіз. Біреу сізге келіп үшінші адам туралы әңгіме бастап жатқанда дереу сөзін бөліп, тақырыпты ауыстырып жіберіңіз. Тоқтамай сөйлей беретін адамның жанынан ретін тауып шығып кетуге болады. Сонда ол өзі де сізге мұндай тақырып ұнамайтынын түсініп, сіздің жаныңызда өсек айтпауға тырысады.
Егер әлдебіреу көңіліңізге жақпайтын болса, бұл пікіріңіздің сол адамның өзіне барып мәдениетті түрде жеткізіңіз. Сонда оны жамандауға деген ішкі қалауыңыз басылады. Сыртынан жек көріп, жүйкеңіз де жұқармайды, жеңілдеп сала бересіз.
Дүниетанымыңызды кеңейтіңіз. Интеллектісі жоғары жан әртүрлі адамдармен араласа біледі, көп оқиды, көп біледі, жиі саяхаттайды, осылай өзгелердің өмірін талқылауға уақыты да, құлқы да болмайды.
Ақылды адамдар идеяларды, орта тап өкілі болған жағдайларды, санасы төмен адамдар өзге адамдарды талқылайтыны туралы естіген боларсыз! Ал сіз қай сатыдасыз?
@. @assel_assanova