- Негізгі бет
- Психология
- Өзгені сүйетін жігіттің...
Өзгені сүйетін жігіттің жүрегін жаулап алуға бола ма?
Бұл жерде біз махаббаты баянсыз болған жігіт туралы айтамыз. Егер жігіт пен қыз бір-бірін сүйсе, олардың ортасына түсу жайын ойыңызға да алмаңыз. Өмірдің бумеранг заңы міндетті түрде жүзеге асатынын, біреудің көз жасы сізге бақыт әкелмейтінін түсінуіңіз қажет.
Егер сізге ұнайтын жігіт өзгені сүйсе, бірақ, махаббаты жауапсыз болса, оның жүрегін жаулап алуға бола ма? Тырысып көрейік.
Өзіңізге назарын аудартыңыз. Өзге қызды сүйетін жігіттің көзі көбіне басқа қызды көрмей жатады. Сондықтан ең алдымен сіздің тұлғаңызды көптің арасынан байқауы керек. Сәнді киініп, боянып жүріңіз. Барынша нәзік, тартымды образға ие болыңыз. Оның алдынан әдемі көйлекпен көлбеңдеп өте берудің қажеті жоқ. Жігіттің достарымен қарым-қатынасыңызды жақсартыңыз. Сонда әңгіме арасында сіздің жақсы жаққа қарай өзгергеніңіз талқыланбай қоймайды. Бұдан кейін жігіт сізге қызықтап қарай бастайды.
Оның назары сәл де болса сізге ауған соң, онымен әңгіме-дүкен құрыңыз. Ортақ тақырыптарды талқылап, оның ой-өрісін, көзқарасын байқай аласыз. Бұл ең алдымен сізге керек. Егер ол дәл сіздің адамыңыз болса, жүрегін жаулауды әрі қарай жалғастырамыз.
Әңгіме барысында ол үшін жұмбақ болыңыз. Өзіңіз туралы бәрін бірден айта салуға болмайды. Егер ол сізден жеке өміріңіз туралы сұраса, басыңыздан өткен бұрынғы махаббатыңыз туралы толық айтудың қажеті жоқ. Көбіне жеке өміріңізге келгенде қысқа жауаптармен шектеліңіз. Ол сіз жайлы толық білетін және ештеңе білмейтін күйге жетсін. Сол кезде ол үшін оқылмаған кітаппен тең боласыз.
Қолы жетпейтін адамға айналыңыз. Өзіңіздің оған деген сезіміңіз бар екенін ашық жария қылмай, қалжыңға бұрыңыз. Мәселен, күліп тұрып, оған жағымды сөз (жейдең әдемі жарасып тұр) айтып, оған назар аударыңыз, оны мақтаңыз. Бұл жердегі ең басты қағида – оның қолы жетпейтін адамға айнала білу. Яғни оның артық әрекеттерге баруына, артық сөйлеуіне жол бермеуіңіз керек. Сіздің тәртібіңіздің де маңызы зор, сондықтан тек жөні түзу әңгіме айтыңыз. Ішкілік, темекіден аулақ болып, жаман әдеттерден қашыңыз. Сонда ғана жігіт сізді сыйлайтын болады. Ал сыйластықтың соңы махаббатқа ұласуы ғажап емес.
Сурет: randrs.ru
Ұқсас жазба:
М. Оңғарова