Шет тілдері адам бойындағы жаңа тұлғаның қалыптасуына әсер етеді. Адам өзге тілде сөйлеу барысында өзін әлдеқайда сенімді әрі еркін ұстайды. Өйткені, бұл тілде ол өз атына сын немес ұрыс естіп көрген жоқ. Өзге тілдерді білу адам психологиясына әсер етеді. Қалай? Біз қалай ойласақ, солай сөйлейміз. Баланың сөйлеу дағдысы оның ойлау жүйесімен бірге дамиды. Ол басында ойлайды, кейін қабылдайды көреді, сезеді, ұстайды. Кейін оны өзгелер қолданатын сөздермен байланыстырады. Кейін түсінік қалыптасады, соңында ғана сөздерді байланыстыруды үйренеді. Сөз тек қалыптасқан дағды мен байланыс құралы емес, сөзде тәжірибе, мінез бен қабылдау үлгісі болады. Туғаннан бастап сөйлеу дағдысы қалыптасқанша, 0-3 жас аралығында адам тілдік бағдарламаларды жеңіл қабылдайды. Бала тек сөзді емес, оның дыбысталуы мен оны айтқан дауысын сіңіре бастайды. Санада адамның эмоциясымен байланысты сөздер сақталады. Есімізге жайсыз жағдай түскен сәтте, міндетті түрде жүрекке жақын қабылдаған жақындарыңыздың ауыр сөздері еске түседі. Ол мәңгілік сақталады. Неге өзге тілде сөйлеуге қысыламыз? Егер кез келген шет тілі жаңа әлем мен ойлау көкжиегіне апаратын көпір болса, неге біз сөйлеу барысында психологиялық қиындыққа тап боламыз? Шет тілін үйреніп жүрген кез келген адам тілдік барьер түсінігімен таныс. Біреу үшін бұл кезең жеңіл өтсе, енді бірі үшін қиындыққа толы болды. Тілдік барьердің қалыптасуына екі негізгі себеп бер: тәжірибенің жетіспеуінен туатын лингвистикалық және психологиялық. Өз тілімізден бөлек, басқа тілде сөйлей бастаған сәтте біз өзіміздің қорғаныш қабатымызды бұзып, тұлға ретіндегі сенімділік пен тұрақтылықты жоғалтамыз. Біз қайтадан бала қалпына келеміз: қайтадан сөйлеуді үйрене бастаймыз. Дауыс ырғағын, сөздың дыбысталуын қайта үйренеміз. Қанша тіл білсеңіз сонша тұлға ішіңізде өмір сүреді. Әркімнің өз тілінде өз тарихы бар. Сіз қанша тілде еркін сөйлейсіз?