- Негізгі бет
- Психология
- Өз-өзіңді тәртіпке келтірудің...
Өз-өзіңді тәртіпке келтірудің 7 әдісі
Ерік күші. Өз-өзіңді басқару. Ішкі тәртіп. Бұл сөздердің мағыналары бір: әрекеттерді саналы түрде орындау мен психикалық тұрақтылық сіздің тіпті жасағыңыз келмеген істі де жасауға көмектеседі.
Ғалымдардың пікірінше, ерік күші әлсіз адамдарға қарағанда ерік күші мықты адамдардың өмірі бақыттырақ болады. Олар әрдайым тест, емтихандардан жоғары балл алады, табыстары да өзгелерге қарағанда жоғары болады. Сондықтан, жеке мақсаттарды іске асыруда да күш жігердің маңызы зор.
Бір жағынан, ерік күші – пайдалануға берілетін қор, сонымен қатар, ерік күші – жетілуге бейім дағды.
Біз сіздерге ішкі тәртіпті арттыруға арналған ғылыми дәлелденген 7 тезисті ұсынғалы отырмыз.
1. Ештеңеге алданбаңыз
Ерік күшінің де шегі бар, сондықтан бұл қорды босқа құртпауға тырысыңыз. Бірдеңеге алданған сайын сіз ерік күшіңізді әлсіретесіз және оны толтыру үшін тағы уақыт қажет болады. Сондықтан, егер мүмкіндік болса, өміріңіздегі алданыштарды жойыңыз.
Мысалы, теледидарды көп көретін болсаңыз, ал сізге маңызды жұмыс жобасын бітіру керек болса, кабельдік теледидарды мүлде ағытып тастаңыз немесе теледидарыңызды біреуге сыйлай салыңыз. Егер түнде шоколад жеуді ұнатсаңыз, үйіңізді «шоколадтан еркін кеңістік» етіңіз және тәттілер сатылатын дүкендерді айналып өтіңіз.
2. Қандағы қант деңгейін тұрақтандырыңыз
Қандағы қант деңгейінің күрт төмендеуі ішкі тәртіптің әлсіреуіне ықпал етеді. Бұған құрамында қанты көп өнімдердің әсері мол. Бәліш, шоколад немесе тәтті шырындардан бас тартуға тырысыңыз. Бұл да кейде тығырыққа тірейді: тәттіден бас тарту үшін де ерік күші қажет қой.
3. Ұйқыңыз қанық болсын
Ұйқыңыз қанғанша ұйықтауға тырысыңыз. Ересек адамға орташа сегіз сағат ұйқы қажет. Ғылыми тәжірибелер дәлелдегендей, егер адам аз ұйықтаса, оның жинақталу қабілеті төмендейді.
4. Өмірден ләззат алыңыз
Оң эмоциялар мен қуанышты сәттер өз-өзіңді тәртіпке келтіру қуатын толтырады. Сондықтан, күнделікті өмірден ләззат алуға уақыт табыңыз.
Бос уақытыңызда жүгіру, гитарада ойнау сияқты өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз. Бұл да сізді қуантып, жігерлендіреді.
5. Күйзелістен аулақ болыңыз
Күйзеліс өз-өзіңді тәртіпке келтіру күшін әлсіретеді. Күйзелістің алдын алу үшін мойныңа көп жүк арта бермеуді және босаңсуды үйрену керек. Мұндайда демалу жаттығулары немесе йога көмекке келеді.
6. Нақты жоспар құрыңыз
Мақсатқа жету жолын жеңілдету үшін оны нақтылап, әрекеттер жоспарын жасаңыз. Ерік-жігеріңіз ортая бастағанда бұл көмекке келеді.
7. Ерік күшіңізді нығайтыңыз
Өз-өзіңді тәртіпке келтіру бұл әрдайым машықтануды талап ететін бұлшық ет. Назарыңызды өзіңіз басқара алатын кішігірім тапсырмаларға аударыңыз, және біртіндеп бұдан да көп тапсырмаларды орындай алатын боласыз. Мысалы, күні бойы иығыңызды түзу ұстауға тырысыңыз немесе епсіз қолыңызбен (солақай болсаңыз оң қолыңызбен, оңқай болсаңыз сол қолыңызбен) жазу жазып көріңіз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: www.psychologos.ru
А. Құлтай