Өз-өзіңді тәрбиелеуге арналған кеңестер

Өзіңді-өзің тәрбиелеу оңай дүние емес екені бәрімізге мәлім. Алайда, бар ынтаңды салсаң, кез келген мақсатқа жету мүмкін екені сөзсіз. Дәл осы мақсатқа жету мынадай кезеңдер арқылы өтеді:

Алғашқы кезең – шешім қабылдау. Кез келген нәрсе қатаң шешім қабылданған соң басталады. Бұл кезеңде сондай-ақ адам өзіне белгілі бір үлгі табу, яғни, өз-өзіңді тәрбиелеудің нәтижесі қандай болу керек екендігін нақты белгілеп алу. Өзіндік танымы мен қоршаған ортаның әсерінен адам өзіне үлгі құрады екен. Кейде адам өзінің болашақта болғысы келетін абстрактылы бейне ойлап табады. Идеал – белгілі бір адам бейнесінде немесе нақты бір шарттар (сыртқы келбет, сөйлеу мәнері, адамдық қасиеттер) арқылы белгіленеді.

Келесі кезең – өзін-өзі тану. Өзін-өзі тану үдерісінде белгілі бір қасиетті анықтау және дамыту әрекеті жүзеге асады. Оларды дәл анықтау адамның өзіне байланысты болады. Сонымен қатар осы кезеңде адами құндылықтарды нақтылау үдерісі жүреді.


Үшінші кезең – амал-тәсілдер таңдау және жоспар құру. Адам өзгеру жолдарын, әдістерін және өзін-өзі тәрбиелеу амалдарын таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Кейбір амалдар адамның өзіндік ерекше қасиеттеріне, оның айналысатын қызметі мен білімі саласына сәйкес болады. Сондай-ақ осы кезеңде адам өзін-өзі тәрбиелеу мақсатына жету үшін өзіндік ұстанымдарын құруы керек. Мысалы, адамның белгілі бір жағдайда қабылдаған шешімдеріне қарап, оның қандай өзіндік ұстанымдары бар екенін аңғаруға болады. Мұратыңызға жетудің жолдары, амал-тәсілдері және ұстанымдарыңыз өзіңізді тәрбиелеудің жоспарын құрғанға саналады.

Соңғы кезең – жоспарларды жүзеге асыру. Дәлірек айтқанда, алдын ала анықталған тәсілдерді белсенді түрде тәжірибе жүзінде іске асыру. Айтпақшы, жоспарыңыз нақты белгілі бір мерзімге белгіленуі қажет. Яғни, бір ай немесе бір жылда сіз "мынадай" нәтижеге ие болуыңыз керек.

Ақырғы айтатынымыз, әрбір кезеңнің қорытындысын шығарып отырыңыз. Өзіңіздің қойған мақсаттарыңызға жете алдыңыз ба, қанша уақыт кетті, қандай әдістер арқылы жеттіңіз, осының барлығын қорытындылаудың арқасында жаңа мақсаттарға жету жеңілірек болады.

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: fithealth.ru, newme.biz