Бүгін біз өзімізді өзіміз еркелетудің жолдарын қарастырамыз. Өзімізге де көңіл бөлетін кез жетті. Ауыр жұмыс күні сізді шаршатса, мына кеңестерді пайдаланыңыз.
Көпіршіктелген ыстық ванна қабылдап тұрыңыз
Күрделі жұмыс күні шаршатса, көпіршіктелген ыстық ванна сіздің көңіліңізден шығуы мүмкін. Бәрін ұмытыңыз! Сізде ертең маңызды кездесу болса да, бүгін бір жанды қатты ренжітіп алсаңыз да, бастығыңыздан ұрыс естісеңіз де... Ой сізді шаршатқан болар. Одан да сүйікті иісіңізбен балауыз шамын жағып қойып ванна қабылдаңыз. Қала шуы мен машиналар дауысы естілмес үшін сүйікті музыкаңызды қосып қойыңыз. Тек әуен жай болғаны дұрыс.
Сәнді жаңа киім сатып алыңыз
Жұмысыңыз өсіп, қосымша сыйақы алдыңыз ба? Ал үстіңізде - 2012 жылдан қалған "ескі" киім! Әріптестеріңіз сіз кеңсеге кіріп келгеннен қандай киімде келетініңізді елестетіп отыратын болар. Адамның көркі болған шүберегіңізді жаңартыңыз. Тек бес күн ғана қызығын көріп, кейін бір жерінен кемшілігі пайда болатын арзан бағадағы киімдерге жоламауға тырысыңыз. Одан да қымбаттау киім іліп алыңыз. Әрине, қалтаңыз көтерсе... Дүйсенбіден жұмаға дейін үй бетін көрмей еңбектенесіз! Еңбегіңіз жанып, жақсы жалақы да алып отырсыз. Неге киіміңізді жаңартып, өзіңізді өзіңіз еркелетпеске?
Сұлулық салонына барып тұрыңыз
"Соңғы рет мұнда қашан бас сұғып едім?" деп ойланып отырсыз ба? Тойға баратын кезде ме? Ал тойға бармағаныңызға қанша болды? Көп! Демек сіз бұл орынға анда-санда бас сұғасыз. Тек бет тазалатып қана қоймай, тырнақтарыңызға, шашыңызға да көңіл бөліңіз.
Дәмді тағам әзірлеңіз
Ас мәзіріңізде бұрын болмаған тағамды дайындаңыз. Күнделікті астан ығырыңыз шықса, жаңа бір дүниені ойлап табыңыз. Ол үшін интернет пен кітапқа үңілудің қажеті жоқ. Шамаңыздың келгенінше өзіңіз жаңа тағам жасап шығарыңыз.
Сүйіктіңізбен кездесіңіз
Күрделі күннің ауыртпалығын басудың бірден-бір жолы - сүйікті жанмен кездесу. Оған күніңіздің қалай өткендігін айтыңыз. Өзінен де сұраңыз. Болмаса болашақ жайлы сыр шертіп қиялдау арқылы тынығыңыз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: vk.com, supercook.ru